2015 жылғы теократиялық қызмет мектебі тәлім беру шеберлігімізді шыңдайды
1 Забур жыршысы Дәуіт былай деген: “Лайым менің аузымдағы сөздерім әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім ұнамды болсын саған, о, Жаратқаным. Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием” (Заб. 18:15). Біз де сөзіміздің Ехобаға жағымды болғанын қалаймыз. Себебі қауымда және қызметте шындық сөзін айту мәртебесін қазынаға балаймыз. Теократиялық қызмет мектебі арқылы да Ехоба бізді қызметке баулиды. Мұндай тәлім беру ісі дүниежүзі бойынша әр аптада 111 000 қауымда өтеді. Бұл шыққан тегі мен тәрбиесі әртүрлі бауырластарды ізгі хабарды жариялауға, сондай-ақ сеніммен, ізетпен әрі батылдықпен тәлім беруге қабілетті етеді (Ел. іс. 19:8; Қол. 4:6).
2 2015 жылдың мектеп кестесіне “Жаңа дүние аудармасындағы” “Құдай Сөзімен таныстыру” мен “Түсіндірме” деген бөлімдердегі тақырыптар, сонымен қатар “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” және “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітаптарындағы мәліметтер енді. Бұған қоса, Киелі кітаптағы көңіл бұрарлық ойларға және 1-тапсырмаға берілетін уақыт мөлшері өзгерді. Осы өзгерістер мен мектеп бөлімдерінің өтуіне қатысты нұсқаулар келесі абзацтарда қарастырылады.
3 Киелі кітаптағы көңіл бұрарлық ойлар. Осы бөлімді жүргізетін ер бауырластар екі минуттың ішінде сол аптада оқуға берілген тараулардан бір ғана қызықты әрі пайдалы ойға назар аударады. Жақсы дайындық берілген уақыт ішінде құнды оймен бөлісуге мүмкіндік береді. Сосын қауымдағы бауырластарға әдеттегідей алты минут уақыт беріледі. Олар 30 секундта не одан да аз уақытта сол аптада оқылған тараулардан қызықты ойлармен бөлісе алады. 30 секунд ішінде мағыналы түсініктеме беру үшін жақсы дайындық пен тәртіп қажет. Бірақ осыны ұстанғанымыз өзімізге де, өзгелерге де жақсы. Осының арқасында анағұрлым көп адамға жеке ізденістерінен не түйгендерін айтып беруге уақыт қалады.
4 № 1-тапсырма. Киелі кітап оқуға берілетін уақыт енді үш минут не одан кем болмақ. Енді оқылатын мәліметтің көлемі азырақ болады. Киелі кітап оқу тапсырмасын алғандар мәліметті бірнеше рет дауыстап оқып жаттығып, дұрыс, жатық әрі түсініп оқуға ерекше мән берулері қажет. Ехобаға қызмет ететін адамдардың бәрі жақсы оқи алулары керек, өйткені бұның ғибадатымызда алар орны бөлек. Көптеген бүлдіршіннің жатық оқып жүргендерін көру бір ғанибет емес пе?! Бұл ретте балаларына жақсы оқуға көмектесу үшін еңбек етіп жүрген ата-аналар мақтауға әбден лайық.
5 № 2-тапсырма. Бұл — әйел бауырластарға берілетін бес минуттық көрініс. Тапсырма берілген тақырып бойынша дайындалу керек. Мәлімет көзі “Жаңа дүние аудармасынан” алынған болса, тапсырманың танаптағы әрі жергілікті жағдайға сай бейімделіп, шынайы да пайдалы болғаны жақсы. Ал тапсырма “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”, “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітаптарына негізделетін болса, бауырлас орынды болатын тармақтарды таңдап, принциптерді өмірде қалай қолдануға болатынын көрсету керек. Мектеп бақылаушысы оған көмекші тағайындайды.
6 № 3-тапсырма. Бұл — әйел не ер бауырласқа берілетін бес минуттық көрініс. Ол әйел бауырласқа берілген кезде 2-тапсырма сияқты орындалу керек. Ал бұл тапсырма ер бауырласқа беріліп, “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” не “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітаптарына негізделген жағдайда, тыңдаушыларға арналған баяндама ретінде айтылу керек. Бауырлас орынды болатын тармақтарды қолданып, тақырыпты ашу керек және берілген принциптерді өмірде қалай қолдануға болатынын көрсету керек.
7 № 3-тапсырманы орындайтын ер бауырластарға арналған жаңа нұсқаулар. Бұл тапсырма “Жаңа дүние аудармасындағы” мәліметке негізделген кезде, отбасылық ғибадаттан не қызметтен алынған үзінді ретінде көрініс көрсетілу керек. Әдетте мектеп бақылаушысы көмекші мен шартты жағдайды өзі таңдайды. Көмекші сол бауырластың отбасының бір мүшесі не қауымдағы бір ер бауырлас болу қажет. Көрініс кезінде тақырыпқа қатысы бар және принциптерді аша түсетін басқа да тармақтарды қолдануға болады. Бұл тапсырма арагідік ақсақалдарға да беріліп тұрады. Олар көмекшіні және шартты жағдайды өздері таңдайды. Ақсақалдардың көрініс кезінде отбасы мүшесінің біріне не қауымдағы бір ер бауырласқа шебер тәлім беріп жатқанын көргенде, бауырластардың жігерленіп қалары анық.
Кеңестерге құлақ асу арқылы алға баса берейік!
8 Кеңес. Мектеп бақылаушысы әр оқушының тапсырмасынан кейін мақтау сөздер айтуға және “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабына негіздеп қосымша кеңес беруге екі минут бөледі. Ол оқушының шығуын хабарлаған кезде, оның қандай сабақтың үстінен жұмыс істейтінін айтпайды. Әр тапсырмадан кейін бақылаушы оқушыны шын жүректен мақтап, оның жұмыс істеген сабағындағы кеңестерді айтады. Сондай-ақ оқушының сол кеңестерді қалай жақсы қолданғанын немесе қай тұстарына әлде де көңіл бөлу керектігін жұмсақтықпен түсіндіреді.
9 Оқушыларға арналған кеңес парағы “Қызмет мектебі” кітабының 79—81 беттерінде орналасқан. Оқушы тапсырмасын орындаған соң, мектеп бақылаушысы оның оқулығындағы кеңес парағын белгілеп, берілген сабақтың соңындағы тапсырмаларды орындаған-орындамағанын жеке өзінен сұрайды. Мақтау сөздер мен қосымша кеңестер оқушыға қауымнан кейін не басқа уақытта берілу қажет. Теократиялық мектепте әр оқушыға көңіл бөлінгені оған рухани алға басуға септігін тигізетін көмек ретінде қарастырылу керек (Тім. 1-х. 4:15).
10 Егер оқушы өзіне берілген уақыттан асып бара жатса, мектеп бақылаушысы не оның көмекшісі уақыттың аяқталғанын көрсету үшін ізетпен белгі беру керек (мысалы, қоңырау соғуы не басқа да белгі беруі мүмкін). Осы белгіні түсіне салысымен, оқушы сөзін аяқтап, сахнадан кетіп қалуы қажет (“Қызмет мектебі” кітабының 282-бетіндегі 4-абзацты қара).
11 Киелі кітаптың талаптарына сай келетіндердің барлығы теократиялық қызмет мектебіне жазылуға шақырылады (“Қызмет мектебі” кітабының 282-бетіндегі 6-абзацты қара). Бұл мектептің беретін білімі Ехобаның қызметшілеріне Патшалық туралы ізгі хабарды сеніммен, құрметпен және сүйіспеншілікпен уағыздауға және сол жайлы тәлім беруге үйретеді. Теократиялық мектептің игілігін көріп жүргендердің бәрі өзін даңқтап жүргені Ехобаға ұнайтыны күмәнсіз (Заб. 148:12, 13; Ишая 50:4).