Киелі кітап зерттеу сабағын нәтижелі өткізейік
1. Киелі кітап зерттеу сабағын өткізетін жариялаушылардың мойнында қандай жауапкершілік бар?
1 Ехобаның өзі “жақындатып тартпаса”, ешкім оған қызмет ете алмайды (Жох. 6:44). Сөйтсе де Киелі кітап зерттеу сабағын өткізетін жариялаушылар өз тарапынан адамдарға көктегі Әкеге жақындауға көмектесулері қажет (Жақ. 4:8). Бұл жақсы дайындықты талап етеді. Адам ізгі хабарды түсініп, рухани алға басуы үшін әр абзацты оқып, дайын сұрақты қою жеткіліксіз.
2. Нәтижелі зерттеу сабақтары қандай жеміс әкеледі?
2 Зерттеу сабақтары нәтижелі болу үшін жариялаушы адамға 1) Киелі кітаптың неге үйрететінін түсінуге, 2) соны қабылдауға, 3) өмірінде қолдануға көмектесу керек (Жох. 3:16; 17:3; Жақ. 2:26). Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін бірнеше айлар кетуі мүмкін. Алайда осы үш қадамның әрбірі Ехобамен қарым-қатынас дамытуға және оған бағышталуға апаратын баспалдақ болып табылады.
3. Неге шебер тәлімгерлер адамның көзқарасын білуге көмектесетін сұрақтар қояды?
3 Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның көзқарасы. Зерттейтін адам оқығандарын түсініп әрі қабылдап жатқан-жатпағанын анықтау үшін, өзің ғана сөйлеуден аулақ болып, оны өз ойын айтуға талпындыр (Жақ. 1:19). Талқыланған тақырыпқа қатысты Киелі кітаптың көзқарасын түсіне ме? Тақырыпты өз сөзімен түсіндіріп бере ала ма? Білгендерімен келісе ме? Киелі кітаптың үйрететіндері қисынды екеніне сене ме? (Сал. 1-х. 2:13). Біліп жатқандары өмірінен көрініс табу керектігін түсіне ме? (Қол. 3:10). Осындай сұрақтарға жауап алу үшін, оған ойын айтуға көмектесетін сұрақтарды ізетпен қойып, оны мұқият тыңда (Мат. 16:13—16).
4. Зерттейтін адамға қандай да бір ілімді түсіну не өмірінде қолдану қиынға соғып жатса, не істеу керек?
4 Адамның әдеттері мен көзқарасы жылдар бойы қалыптасатындықтан, олардан арылу үшін біраз уақыт керек (Қор. 2-х. 10:5). Зерттейтін адам білгендерін қабылдамаса не іс жүзінде қолданбаса не істеу керек? Құдай Сөзі мен киелі рух оның жүрегіне әсер ету үшін жеткілікті уақыт беріп, шыдамдылық таныт (Қор. 1-х. 3:6, 7; Евр. 4:12). Киелі кітап ілімін түсінбей жатса не үйренгендерін өмірінде қолданбай жатса, оны қыспақтаудың орнына келесі тақырыпқа өткен дұрыс. Егер біз әрі қарай да оны шыдамдылықпен әрі сүйіспеншілікпен үйретсек, өз уақыты келгенде оның қажетті өзгерістер жасауы әбден мүмкін.