“Пайғамбарлардан үлгі алыңдар”. Жүніс
1. Жүніс қандай жақсы қасиеттер танытқан?
1 Жүніс пайғамбар дегенде ойыңа не келеді? Кейбіреулерге ол қорқақ не өзгелерге жаны ашымайтын адам болған деген ой келуі мүмкін. Бірақ оның кішіпейіл, батыл және жанқияр адам болғаны анық. Біз осындай керемет қасиеттер танытқан Жүністен қандай “үлгі ала аламыз”? (Жақ. 5:10).
2. Жүністің кішіпейілділігіне қалай еліктей аламыз?
2 Кішіпейілділік. Алғашында Жүніс Ехобаның бар деп бұйырған жеріне бармай, қарама-қарсы бағытқа қашып кеткен болатын. Оның неге бұлай еткені таңғалдырмайды. Өйткені ассириялықтар қатыгездіктерімен танымал еді, әрі Ниневия қаласы “қан төгіске толы қала” деп аталған болатын (Нқм. 3:1—3). Алайда Ехоба Жүністі түзетіп, тапсырманы орындауға екінші рет мүмкіндік бергенде, оны бірден орындауымен Жүніс кішіпейілділік танытты (Нақ. с. 24:32; Жүніс 3:1—3). Алғашында барғысы келмегеніне қарамастан, ол Ехобаның еркін орындады (Мат. 21:28—31). Ал біз ше, түзету алсақ не уағыздау қиындық тудыратын аймақта қызмет етсек, Жүніс сияқты ізгі хабарды уағыздай беруге белді бекем будық па?
3. Қандай жағдайларда батылдық пен жанқиярлық танытуымыз қажет?
3 Батылдық пен жанқиярлық. Жүніс бұрыс шешім қабылдауымен теңізшілердің өміріне қауіп төндіргенін түсінгенде, олар үшін өзінің өмірін құрбан етуге дайын болды (Жүніс 1:3, 4, 12). Кейін тапсырмасын орындау үшін Ниневияға келгенде, Жүніс қаланы аралап, Ехобаның үкімін айтуға ыңғайлы жер іздеген болуы мүмкін. Бұл қорқақ адамға емес, Құдайдың батыл пайғамбарына тән әрекет (Жүніс 3:3, 4). Ал біз туралы не деуге болады? Құдай беретін батылдық бізге қарсылықтарға қарамастан еш қорықпай куәлік беруге көмектеседі (Ел. іс. 4:29, 31). Ал қызметке уақыт пен қаражатымызды жұмсайтын болсақ, жанқиярлық таныта аламыз (Ел. іс. 20:24).
4. Ехобаның пайғамбарларының үлгісі жайлы ой жүгіртуге неліктен уақыт бөлуіміз керек?
4 Киелі кітаптан Ехобаның пайғамбарлары туралы оқығанда, өзіңді олардың орнына қойсаң, көп нәрсеге үйренерің анық. Өзіңнен былай деп сұрап көр: “Мен бұл пайғамбардың орнында болсам, қалай әрекет етер едім? Оның жақсы қасиетіне қалай еліктей аламын?” (Евр. 6:11, 12). “Біздің патшалық қызметіміздің” алдағы мақалаларында Ехобаның басқа да адал пайғамбарларынан не нәрсеге үйрене алатынымызды қарастыратын боламыз.