Жылы қарсы ал!
1. Қандай оқиға керемет куәлік беруге мүмкіндік береді және неге?
1 Жыл сайын тойланатын Еске алу кешінде куәлік беруге ең керемет мүмкіндігіміз болатыны шүбәсіз. Өзің ойлап көрші, биыл кешке он миллионнан астам адам келеді деп күтіледі. Олар екі ұлы тұлғаның төлем құрбандығы арқылы көрсеткен зор сүйіспеншілігі жайлы еститін болады (Жох. 3:16; 15:13). Сондай-ақ Ехобаның бұл сыйы қандай баталарға жол ашатынын біледі (Ишая 65:21—23). Алайда кездесуде тек баяндамашы ғана куәлік бермейді. Барлығымыз да қонақтарды жылы қарсы алу арқылы керемет куәлік бере аламыз (Рим. 15:7).
2. Қонақтарды қалай жылы қарсы аламыз?
2 Орныңа отырып, бағдарламаның басталуын жай күтіп отырудың орнына неге қасыңдағы адамдармен таныспасқа? Келген қонақтар кештің қалай өтетінін нақты білмегендіктен қысылуы мүмкін. Ал біздің жылы жүзбен амандасқанымыз оларға өздерін еркін сезінулеріне көмектеседі. Олар кездесуге шақырылғандықтан келді ме, жоқ па — соны анықтау үшін олардан: “Бірінші рет келіп тұрсыз ба?” немесе “Қауымда сіз танитын біреу бар ма?”— деп сұрасақ болады. Бәлкім, оған қасыңа отыруды ұсынып, Киелі кітабыңды ашып беріп, онымен бірге ән айтатын шығарсың. Еске алу кеші Патшалық сарайында өтсе, ішін аралатып көрсетуіңе болады. Баяндама біткен соң, оның сұрақтарына жауап бергің келетінін айт. Сендерден кейін басқа қауым жиналатындықтан Патшалық сарайын тез босату керек болса, оған былай десең болады: “Осы кеш жайлы не ойлатыныңызды білгім келіп еді. Сізбен қалай хабарлассам болады?” Сосын жақын арада онымен хабарласып, қызығушылығын арттыру үшін қам жаса. Ал ақсақалдар әсіресе уағыздамай жүрген жариялаушыларға жігер беруге тырысады.
3. Еске алу кешіне келгендерді жылы қарсы алғанымыз неге маңызды?
3 Қонақтардың көбісі қуаныш, татулық пен бірлік ұйытқы болған рухани жұмақтың дәмін бірінші рет тататын болады (Заб. 28:11; Ишая 11:6—9; 65:13, 14). Олар қандай әсер алып қайтады? Бұл біздің оларды қалай қарсы алатынымызға байланысты.