Киелі кітапты зерттегісі келетіндерді табудың бес жолы
1. Аумағымызда Киелі кітапты зерттегісі келетіндерді табу қиынға соқса, не істеу керек және неге?
1 Саған Киелі кітап зерттегісі келетін адамды табу қиынға соға ма? Егер солай болса, берілме. Өзінің еркін орындауда табандылық танытатындарға Ехоба батасын береді (Ғал. 6:9). Төменде саған көмек болатын бес кеңес бар.
2. Адамдарға қалай зерттеу сабағын тікелей ұсына аламыз?
2 Тікелей ұсын. Көп адам біздің “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын ұсынатынымызды білгенмен, Киелі кітап зерттеу сабақтарын да ұсынатынымызды білмеуі мүмкін. Үйден үйге жүргенде неге адамдарға зерттеу сабағын тікелей ұсынып көрмеске? Қызығушылық танытқандарға барғанда, олардан Киелі кітапты зерттеуді қалайтын-қаламайтындарын сұрап білсең болады. Егер олар бас тартса, олардың қызығушылықтарын әрі қарай да дамыта бер. Бір ер бауырлас жылдар бойы бір ерлі-зайыптыға журнал апарып тұрған. Бірде оларға журналдарымыздың жаңа санын қалдырған соң, шығып бара жатып: “Сіздер Киелі кітапты зерттегілеріңіз келе ме?”— деп сұрап көреді. Олар зерттеуге келіскенде, бауырласымыз таңғалады. Қазір бұл ерлі-зайыпты біздің бауырластарымыз.
3. Қауымға келетін қызығушылардың бәрі біреумен зерттеп жүр деп ойлаған дұрыс па? Түсіндір.
3 Қауымға келіп жүргендер. Қауымыңдағы қызығушылардың бәрімен зерттеу сабағы өткізіледі деп ойлауға асықпа. Бір ер бауырлас: “Менде болған зерттеу сабақтарының жартысынан астамы қауымға келіп жүрген қызығушылармен сөйлесу арқылы басталған болатын”,— дейді. Бір әйел бауырласымыз шомылдыру рәсімінен өткен екі қызы бар ұяң әйел кісіге зерттеуді ұсынуды шешеді. Бұл әйел 15 жыл бойы кездесулерге келіп жүрген және үнемі Патшалық сарайына қауым бастала бергенде кіріп, біте салысымен шығып кетеді екен. Ол зерттеуге келісіп, ақырында шындыққа келеді. Әйел бауырлас былай дейді: “Мен оған сонау 15 жыл бұрын зерттеуді ұсынбағаныма өкінемін!”
4. Сұрастыру және басқаларды хабардар ету арқылы қалай зерттеу сабағын табуға болады?
4 Сұрастыр және хабардар ет. Бір әйел бауырлас басқа бауырластардың зерттеу сабағына баруға тырысады. Ол сабақты жүргізетін бауырластың рұқсатымен зерттеушіден Киелі кітап зерттеуді қалайтын таныстары бар-жоғын сұрайды. Сен де өзің барып жүрген қызығушымен “Киелі кітап үйретеді” кітабы бойынша әңгімелескенде, “Осы кітап бойынша зерттегісі келетін тағы басқа адамдарды білесіз бе?”— деп сұрасаң болады. Кей кезде жариялаушылар мен ізашарлардың учаскелерінде кездестірген адаммен зерттеу сабағын өткізуге мүмкіндіктері болмауы мүмкін. Сондықтан зерттеу сабағын жүргізуге қуанышты екеніңді айтып, басқаларды хабардар етіп қой.
5. Неліктен қауымыңдағы бауырластың сенбейтін жұбайына зерттеуді ұсынып көрген жөн?
5 Сенбейтін жұбайлар. Сенің қауымыңда сенбейтін жұбайы бар жариялаушылар бар ма? Кейбір сенбейтін жұбайлар Киелі кітап туралы мәсіхші жұбайымен сөйлесуден бас тартады, десе де басқа адаммен зерттеуге қарсы болмауы мүмкін. Алайда зерттеуді ұсынбас бұрын жұбайына не қызық болатынын біліп алу үшін бауырласымызбен алдын ала сөйлесіп алғанымыз дұрыс болады.
6. Зерттеу сабағын іздеуде дұға қаншалықты маңызды?
6 Дұға. Дұғаның күшін бағаламай жүрме (Жақ. 5:16). Дұғамыз Ехобаның еркіне сай болса, ол кез келген өтінішімізге құлақ асуды уәде етеді (Жох. 1-х. 5:14). Күн тәртібі өте тығыз бір ер бауырлас дұғасында зерттеу сабағын өткізгісі келетіні жайлы сұрай бастайды. Әйелі болса күйеуі зерттеушіге, әсіресе оның көп қиындықтары болса, уақыт бөле алар ма екен деп уайымдайды. Сөйтіп, күйеуі зерттеу сабағын табуы үшін дұға айтқанда, әйелі Ехобаға бұл уайымын да қосып айтады. Екі аптадан соң қауымдағы ізашар зерттегісі келетін бір ер кісіні тауып, оны әлгі бауырласқа тапсырғанда, олар дұғаларына жауап алды. Әйелі былай дейді: “Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізу қолымнан келмейді деп ойлайтындарға айтарым: Дұғаларыңда нақты болыңдар және табандылықпен сұрай беріңдер. Біз өзіміз ойлағаннан да көп қуанышқа кенелдік”. Табандылық танытсаң, сен де зерттеу сабағын тауып, адамға “өмірге апаратын... жолда” тұруға көмектесуден келетін қуанышты сезіне аласың (Мат. 7:13, 14).