Құдай билік еткенде күллі жаратылыс тату-тәтті өмір кешті
Құдай Патшалығы бізге не үшін қажет?
Адамзат тарихының басында Жаратушымыз Ехобаa ғана жалғыз Билеуші болған. Ол өз билігін сүйіспеншілікпен жүргізді. Ехоба Едем деген әсем бақ жасап, оны адамдарға мекендеуге берді. Сондай-ақ оларды дәнді дақылдар мен дәмі тіл үйіретін жеміс-жидектермен молынан қамдады. Бұған қоса, адамдарға қанағат сыйлар жұмыс тапсырды (Мұсаның 1-жазбасы 1:28, 29; 2:8, 15). Егер адамдар сүйіспеншілігі мол Құдайдың билігіне мойынсұна бергенде, жер бетінде бейбіт өмірдің рақатын көре берер еді.
Алғашқы жұп Құдайдың билігіне бағынудан бас тартты
Алайда, Киелі кітапта айтылғандай, бір періште Құдайға қарсы шығып, Шайтан Ібіліске айналды. Ол Құдайдың билік ету құқына шек келтіріп, адамдар Құдайдың билігінсіз әлдеқайда бақытты болады деген ой салды. Өкінішке қарай, түп ата-анамыз Шайтанға еріп, Құдайға қарсы шықты (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6; Аян 12:9).
Адам мен Хауа Құдайдың билігінен бас тартқандықтан, жұмақтағы мекендерінен де, мінсіз денсаулықпен мәңгі өмір сүру үміттерінен де айырылып қалды (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19). Олардың бұрыс шешімдерінің кесірі ұрпақтарына да тиді. Киелі кітапта Адам ата күнә жасағандықтан, “дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келгені” айтылған (Римдіктерге 5:12). Күнәнің тағы бір кесірі тиді: енді адамның үстінен адам билік ете бастады. Ал бұл “тек зиян келтіреді” (Уағыздаушы 8:9). Басқаша айтқанда, адамдардың өздеріне өздері билік етуі жағдайды одан сайын қиындатпаса, еш жеңілдетпейді.
АДАМҒА АДАМНЫҢ БИЛІК ЕТУІ
Нымрод Ехобаға қарсы шықты
Киелі кітапта адамдардың арасынан алғашқы билеуші Нымрод болғаны айтылған. Ол Ехобаның билігіне қарсы шыққан. Сонау Нымродтың заманынан бері билеушілер қолдарындағы биліктерін теріс пайдаланып, адамдарға қиянат жасап келеді. Шамамен 3000 жылдай бұрын Сүлеймен патша: “Қаналғандардың көз жасын, ал оларды жұбататын ешкімнің жоқ екенін көрдім. Қанаушылардың қолында билік болды”,— деп жазған (Уағыздаушы 4:1).
Бүгінгі күнгі жағдай да тура сондай. 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының бір басылымында “қоғамда болып жатқан зұлым істердің басты себепкері — нашар үкімет” деп санайтындардың қатары барған сайын көбейіп жатқаны айтылған.
ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ БИЛІК ЕТЕДІ!
Бұл әлемге жақсы билеушілер мен жақсы үкімет қажет-ақ. Дәл осыны Жаратушымыз уәде етіп отыр!
Ең мықты деген үкіметтердің өзі адамзаттың өзекті проблемаларын шеше алмай отыр
Құдай барлық адами үкіметтердің орнын басатын әрі “өзі мәңгі тұратын” Патшалық, яғни үкімет құрды (Даниял 2:44). Миллиондаған адам “келсін” деп тілеп жүрген Патшалық — осы Патшалық (Матай 6:9, 10). Бірақ Құдай оны өзі басқармайды. Бұл үкіметтің Билеушісі етіп ол кезінде жерде адам болып өмір сүрген бір тұлғаны тағайындады. Ол кім дейтін шығарсыз?
a Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18).