‘Жақсылық атаулыны жасауға дайын бол’
1 Бірде Иса шәкірттерін уағыздауға жібермес бұрын, оларды дайындауға біраз уақыт бөлді (Мат. 10:5—14). Бүгінде қай-қайсымыздың болса да уақытымыз тығыз, алайда үйме-үй уағыздауға шықпас бұрын, дайындалуға бірер минут бөлгеніміз жемісті қызмет етуімізге көмектеседі (Қор. 2-х. 9:6).
2 Дайындалу. Уағыздауға қалай дайындалған дұрыс? Алдымен, ұсынғымыз келетін әдебиетпен танысып алуымыз керек. Сондай-ақ учаскеміздегі адамдар туралы ойлануымыз керек. Оларды қандай жайттар мазалайды? Олардың діни көзқарастары қандай? Қызметке дайындалғанда “Біздің патшалық қызметіміздегі” және “Жазбалар туралы пікір алысу” кітабындағы ұсыныстар мен кеңестерді қолдануымызға болады.
3 Қызмет кездесуіндегі көріністерді мұқият тыңдағанымыздың да пайдасы бар. Ұсынысымызды неғұрлым көбірек қолдансақ, дайындалуға соғұрлым азырақ уақыт қажет болады. Алайда қызметке шығар алдында не айтатынымызды ойланып алсақ және ұсынысымызды жетілдіре берсек, қызметіміздің сапасы арта түседі. Сондай-ақ қажетті әдебиеттің бәрін алғанымызға көз жеткізіп алғанымыз жөн.
4 Ұсынысты қалай еске сақтауға болады? Мұның бір жолы — дауыстап қайталау. Кейбіреулер отбасылық зерттеу кезінде ұсынысты айтып жаттығуды ұнатады. Басқаларға ұсынысты қағазға қысқаша жазып алып, есік алдында көз жүгіртіп алған жақсы көмектеседі.
5 Дайындалудың пайдасы. Жақсылап дайындалатын болсақ, тиімдірек қызмет ететін боламыз әрі қуанышымыз да арта түседі. Осының арқасында кісінің алдында тым қобалжымай, өзімізді еркін ұстайтын боламыз. Сондай-ақ не айтатынымызды ойлап уайымдамай, үй иесін мұқият тыңдайтын боламыз. Ал әдебиетпен жақсылап танысып алсақ, оны ұсынғанда шабыттана сөйлейтін боламыз.
6 Киелі кітапта мәсіхшілердің “жақсылық атаулыны жасауға дайын болу” керек екені айтылған (Тит. 3:1). Ал ізгі хабарды уағыздаудан асқан жақсылық бар ма?! Жақсылап дайындалу арқылы бізді тыңдауға уақытын бөлген үй иесіне және өзіміз есімін алып жүрген Құдайға деген құрметімізді көрсетеміз (Ишая 43:10).