‘Қамытымды қатар киісіңдер’
1 Иса шәкірттерін “жандарын сергіту” үшін өзінің қамытын киюге шақырған болатын. Оның жылулықпен айтқан осы сөздеріне құлақ асқанымыздың арқасында қысым мен уайым көп осы дүниеде нағыз жеңілдік сезінудеміз (Мат. 11:29, ЖД; 30). Исаның қамытын қабыл алған адамдар ауыр болғанымен, жан сергітерлік іспен — Патшалық туралы ізгі хабарды тарату мен басқаларға Исаның ыңғайлы қамытын киіп, жандарын сергітуге көмектесу ісімен — айналысады (Мат. 24:14; 28:19, 20).
2 Қызмет жанымызды сергітеді. Иса ізбасарларына жүктерінің үстіне өз жүгін қосып беруді ұсынбаған. Ол шәкірттерін ауыр жүктерінен арылып, өзінің жеңіл жүгін алуға шақырған. Исаның шақыруына құлақ аса отырып, біз осы дүниедегі еңсені басатын уайым мен үмітсіздіктен арылдық және өткінші байлыққа бола тер төкпейтін болдық (Лұқа 21:34; Тім. 1-х. 6:17). Біз уақытымыздың тығыз болғанына және күнделікті мұқтаждықтарымызды қанағаттандыру үшін жұмыс істейтінімізге қарамастан, Патшалық мүддесін басты орынға қоямыз (Мат. 6:33). Егер ең маңызды іске қатысты дұрыс көзқарас сақтайтын болсақ, қызмет біз үшін ауыртпалық емес, әрқашан жан сергітерлік іс болады (Філіп. 1:10).
3 Әдетте адам жанына жақын нәрсе туралы айтқанды ұнатады (Лұқа 6:45). Барлық мәсіхшілер Ехобаны және оның уәделерін жандарына жақын тұтады. Олай болса, ізгі хабарды уағыздау бізді сергітіп, күнделікті уайымдарымызды ұмыттырып жіберетініне таңғалуға бола ма! (Рим. 10:15). Әдетте қандай да бір іспен көбірек айналысқан сайын, оны жақсырақ меңгере түсеміз әрі одан көбірек қуаныш табамыз. Сол сияқты мүмкіндігімізді ескере отырып, қызметке көбірек атсалысқан сайын, көңіліміз де жадырай түседі. Ал адамдар уағызымызға құлақ асқанда, бұдан да зор қуанышқа бөленеміз! (Ел. іс. 15:3). Тіпті адамдар немқұрайдылық танытып не қарсылық көрсетсе де, әрекеттеріміздің Ехобаға ұнамды екенін есімізде ұстайтын болсақ әрбір жақсы нәтижені оның батасы деп қарастыратын болсақ, қызметіміз бізді рухани сергітетін болады (Ел. іс. 5:41; Қор. 1-х. 3:9).
4 Ұсынысын қабыл алу арқылы біз Исамен бірге Ехобаның куәгерлері ретінде қызмет ету мәртебесіне ие болдық (Ишая 43:10; Аян 1:5). Бұдан артық жан сергітерлік нәрсе бар ма!