Киелі кітап зерттеп жүрген адамдарға жариялаушы болуға көмектес
1 Иса шәкірттеріне үлкен іс тапсырып кеткен. Бұл жайында Матай 28:19, 20-да жазылған. Мәсіх ізбасарларына көбірек шәкірт дайындаулары керек екенін айтқан. Ал олар, өз кезегінде, басқа адамдардың Мәсіхтің шәкірті болуына көмектесулері керек болатын. Осылайша бүгінгі ерекше өтіп жатқан соңғы күндері Құдай Патшалығы туралы ізгі хабардың дүниежүзі бойынша ақырғы рет жариялануына негіз қалануы тиіс еді (Мат. 24:14).
2 Біздің қызығушыларымыз өз балаларымыз не бізбен зерттеу сабағын өтетін басқа адамдар болуы мүмкін. Біз олардың шәкірт дайындау жауапкершілігін сезініп, оны өз мойындарына алуларына шын жүректен көмектескіміз келеді (Лұқа 6:40).
3 Оларды куәлік беруге дайында. Қызығушыларыңды білген нәрселерін басқаларға айтуға талпындыр. Оларға қызметте болған жігерлендірерлік оқиғаларды айтып бер. Балаларыңды жастайынан мүмкіндіктеріне қарай жемісті қызмет етуге үйрете беріңдер (Заб. 148:12, 13). Сөздеріңнен де, істеріңнен де қызметті бағалайтындарың көрініп тұрсын (Тім. 1-х. 1:12).
4 Ехоба өзінің әділ талаптарын мойындап, оларға бағынатын адамдарды ғана қолданады. Әрине, жаңа жариялаушыларды тәжірибелі, Құдайға бағышталған және шомылдыру рәсімінен өткен жариялаушылармен салыстыруға болмайды, дегенмен олар Киелі кітаптың негізгі ілімдеріне сенуге тиіс және оларды басқаларға түсіндіріп бере алатындай болулары керек (“Ұйымдасқанбыз” кітабының (ор.) 79—82 беттерін қара.). Олар ‘Ұлы Бабылмен’ және саясатпен байланыстарын толық үзуге тиіс, сондай-ақ қауым кездесулеріне жүйелі түрде келіп тұрулары керек (Аян 18:2, 4; Жох. 17:16; Евр. 10:24, 25).
5 Қызығушыңның біреуін шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға лайық деп тапсаң, бұл жайында дереу төрағалық етуші бақылаушыға айтқаның жөн. Ол қызығушың Патшалық туралы ізгі хабарды қауыммен бірге жариялауға дайын ба, дайын емес пе, соны анықтау үшін екеуіңмен сөйлесуге екі ақсақалды тағайындайды. Бұдан кейін қызығушыңмен бірге қызметке шығып, оны әрі қарай да үйрету мәртебесіне ие боласың.