Сауалдар жәшігі
◼ Шомылдыру рәсімінен өту үшін жариялаушы қауым кездесулері мен уағыз ісіне қаншалықты атсалысуы керек?
Шомылдыру рәсімінен өту — адамның өмірде қабылдайтын ең маңызды шешімі. Сол себепті жариялаушы шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, Құдайдың одан нені талап ететінін жақсы түсінуі қажет. Бұған қоса оның жүріс-тұрысынан Құдайдың талаптарына сай өмір сүруге бел буғаны көрінуі керек.
Мәсіхшілер жиналыстарға үзбей баруға шақырылады, сондықтан да шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушының қауым кездесулерін қалдырмауға күш салатыны көрінуі керек (Евр. 10:24, 25). Сондай-ақ ол жиналыстарда мүмкіндігінше түсініктеме беруі қажет. Бәлкім, ол теократиялық қызмет мектебіне жазылатын шығар, бірақ бұлай ету шарт емес.
Сонымен қатар мәсіхшілерге ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау тапсырмасы берілгендіктен, шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын жариялаушының бұл іске жүйелі түрде қатысқаны дұрыс (Мат. 24:14; 28:19, 20). Шомылдыру рәсімінен өткенге дейін жариялаушы қанша ай бойы уағызға атсалысуы қажет? Оның уағызға жүйелі түрде әрі құлшыныспен атсалысуға деген ықыласы көрінуі үшін жеткілікті уақыт өту керек (Заб. 77:37). Алайда жариялаушы болғаннан бастап шомылдыру рәсімінен өткенге дейін тым көп уақыттың өтуі шарт емес, бәлкім, бірнеше ай ғана жеткілікті болар. Ал қызметі жөніндегі есепке жариялаушы қанша уақыт тапсыруы керек? Бұған қатысты нақты ереже жоқ. Ақсақалдардың әр жариялаушының жағдайы ерекше екенін ескеріп, парасаттылық пен байсалдылық танытқандары жөн (Лұқа 21:1—4).
Шомылдыру рәсімінен өткісі келетін жариялаушымен сөйлесетін ақсақалдар (қауымда ақсақалдар аз болса, қызмет көмекшілері) барлық адамның бірдей емес екенін ескере отырып, оның шомылдыру рәсімінен өтуге дайын не дайын емес екенін анықтағанда көрегендік танытулары қажет. Олар жариялаушының шын мәнінде Ехоба куәгері болғысы келетінін және Ехобаның ұйымының мүшесі болу мен уағыз ісіне атсалысу мәртебесін жоғары бағалайтынын анық көре алулары керек. Сондай-ақ ақсақалдар оның рухани жағынан әлі толысуы керек екенін және уағыздау ісінде тәжірибе жинау керек екенін түсінеді. Егер ақсақалдар жариялаушы шомылдыру рәсімінен өтуге әлі дайын емес деп ойласа, Жазбаларға негіздеп қабылдаған шешімдерін оған жұмсақтықпен айтып, рухани жағынан көмек көрсеткендері жөн.