Жақсылық жасаудан тартынба!
1. Біз ‘жақсылық жасаудан бас тартпайтынымызды’ қалай көрсетеміз?
1 Біз Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды құлшына жариялау арқылы учаскелеріміздегі адамдарға ‘жақсылық жасаудан бас тартпайтынымызды’, не тартынбайтынымызды, көрсетеміз (Нақ. с. 3:27, Тт). Құдай басқарған кезде тамаша уақыттың орнайтыны туралы хабар адамзатқа айтылатын ең керемет хабар болып табылады. Мүмкін, сен бейресми куәлік еткенде немесе адамға әдебиет қалдырғанда, Патшалыққа деген үмітің жайында құлшына уағыздайтын шығарсың, алайда әлі сенде Киелі кітап зерттеу сабағы болмаса, неге осы мақсатқа талпынбасқа?
2. Не себепті кейде зерттеу сабағын бастаудан тартыншақтауымыз мүмкін?
2 Кейде өз сезімдеріміз ең үлкен кедергілердің бірі болуы мүмкін. Кейбіреулер қолымнан келмейді деп ойлайтындықтан немесе уақыттары өте тығыз болғандықтан Киелі кітап зерттеу сабағын бастаудан тартыншақтайды. Олай болса, келесі кеңестер зерттеу сабағын жүзгізуден тартыншақтамауыңа көмектесуі мүмкін (Мат. 28:19; Ел. іс. 20:20).
3. Неге Киелі кітап ілімдерін үйрету біздің де қолымыздан келеді деуге болады?
3 Сенімсіздік. Мүмкін білімің шектеулі болғандықтан немесе басқа бір себептермен өзіңді сенімсіз сезініп, зерттеу сабағын жүргізуден тартыншақтайтын шығарсың. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар” болса да, басқаларға шындық туралы тәлім беріп, жемісті қызмет атқарған. Олардың жетістіктерінің сыры неде еді? Олар ‘Исаның шәкірті болған’ (Ел. іс. 4:13). Олар Ұлы Ұстаз Исадан тәлім алған. Ал оның тәлімдері мен уағыздау тәсілдері біз үшін Киелі кітапта жазып қалдырылған. Тіпті білімің шектеулі болса да, сен теңдесі жоқ рухани білім алып жатырсың (Иш. 50:4; Қор. 2-х. 3:5).
4. Амостың үлгісінен не нәрсеге үйренуімізге болады?
4 Кейде Ехоба күнә жасаған басшыларды немесе басқа да жоғары дәрежелі адамдарды әшкерелеу үшін пайғамбарларды қолданған. Ал олардың арасында Амос сияқты қарапайым адамдар да болған. Амос өзі жайында: “Мен әулие [пайғамбар] емеспін және әулиенің ұлы да емеспін; малымды бағып, інжірімді теріп жеп жүрген қойшы едім”,— деген (Амс. 7:14). Дегенмен Амос жас бұқа мүсініне табынып жүрген Амасия есімді діни қызметкерге Ехобаның үкімін айтудан тартынған жоқ (Амс. 7:16, 17). Біз Құдайдың ісін атқарып жүргенімізді және оның бізге көмектесетінін әрқашан есте ұстауымыз керек (Тім. 2-х. 3:17).
5. Неге тіпті уақытымыз тығыз болса да, зерттеу сабағын бастауға тырысуымыз керек?
5 Уақыттың тығыздығы. Тіпті уақытың өте тығыз болса да, уағызға үнемі шығып тұру үшін уақыт бөліп қойған шығарсың. Ал зерттеу сабағын жүргізу сен үшін қызметтің ең көп қуаныш әкелетін бір саласы болуы мүмкін. Құдай Сөзінің адамның өміріне әсер етіп жатқанын көру — үлкен мәртебе (Евр. 4:12). Ехоба адамдарға ‘шындықты біліп алуға’ көмектесу үшін жасайтын құрбандықтарымызды ұнатады (Тім. 1-х. 2:4). Адамның теріс жолдан қайтып, рухани қадамдар жасап жатқанына тіпті періштелер де қуанады (Лұқ. 15:10).
6. Бізге Құдай еркін орындауға қатысты қандай артықшылық берілген?
6 Құдай “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тім. 1-х. 2:4). Киелі кітап зерттеу сабағын бастаудан тартынбай, Құдай еркіне сай әрекет ету — неткен артықшылық!