Сауалдар жәшігі
◼ “Адал да ақылды құл” Жазбаларға негізделген ізденістер жүргізіп немесе пікір таластыру үшін бас қосып тұру мақсатымен Куәгерлердің жеке топтар құруын мақұлдай ма? (Мат. 24:45, 47, ЖД)
Жоқ. Дегенмен әртүрлі жерлерде біздің ұйымдағы кейбір адамдар өз беттерінше Киелі кітапқа қатысы бар тақырыптарға негізделген ізденістер жүргізу үшін топтар ұйымдастырған. Кейбіреулер “Жаңа дүние аудармасының” туралығын тексеру үшін Киелі кітап жазылған Еврей және Грек тілдерін топ болып өз беттерінше зерттейді. Басқалар болса Киелі кітапқа қатысы бар ғылыми тақырыптарға ізденістер жүргізеді. Олар пікір алысу үшін және пікір таластыру үшін интернетте веб-сайттар мен әңгімелесу бөлмелерін ашып қойған. Сондай-ақ олар жиналыстар өткізіп тұрады және ізденістерінің нәтижесін, сонымен қатар қауым кездесулеріндегі және әдебиеттеріміздегі мәліметтерге қосымша ретінде әдебиеттер басып шығарады.
Ехоба дүниежүзіндегі халқына қауым кездесулері, конгрестер сондай-ақ өзінің ұйымы шығарған әдебиеттер арқылы мол рухани тәлім беріп, жігерлендіріп отырады. Ол өз қызметшілерінің барлығы “бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте” тұру үшін және ‘сенімді мықтап ұстану’ үшін киелі рухының басшылығымен, сондай-ақ шындық жазылған Сөзі арқылы қажетті нәрсенің бәрін береді (Қор. 1-х. 1:10; Қол. 2:6, 7). Ехобаның осы соңғы күндері қарастырған рухани шаралары үшін риза емеспіз бе? Олай болса, өзінің басшылығымен шығарылмаған немесе ұйымдастырылмаған әдебиеттер мен кездесулерді және веб-сайттарды адал да ақылды құлдың мақұлдамайтыны түсінікті (Мат. 24:45—47).
Кейбір адамдардың ізгі хабарды қолдау үшін ойлау қабілеттерін пайданғылары келетіні мақтауға тұрарлық. Алайда ешбір адамның жеке іс-әрекеті адамдарды Исаның өз қауымы арқылы жер бетінде атқарып жатқан ісінен алаңдатпауы керек. Бірінші ғасырда елші Пауыл ‘сенім арқылы білінетін Құдайдың ісіне қызмет етудің орнына көп дау-жанжал тудыратын ұлан-ғайыр шежірелер’ сияқты адамды шаршататын және көп уақыт алатын нәрселерден аулақ болу керек екенін ескерткен (Тім. 1-х. 1:3—7). Мәсіхшілердің бәрі де: “Мәнсіз айтыстар мен ата-тек туралы бос әңгімелерге, жіктелу мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол берме, олар пайдасыз, құр бекер”,— деген қағиданы орындауға тырысулары керек (Тит. 3:9).
Ал Киелі кітапқа негізделген қосымша зерттеулер мен ізденістер жүргізгісі келетін адамдарға біз “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.), “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған әрі тиімді” (ағ.) деген басылымдарды және Даниял, Ишая, Аян кітаптарындағы пайғамбарлықтар түсіндірілетін басылымдар сияқты басқа да әдебиеттерімізді зерттеуге кеңес береміз. Бұл әдебиеттерде Киелі кітапты зерттеп, ой жүгіртуге арналған мәліметтер молынан берілген. Осының арқасында біз ‘Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болып, осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әртүрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ танитын’ боламыз (Қол. 1:9, 10).