Шәкірт дайындау ісіне бәрі де үлес қоса алады
1 Қызығушы адам бір ғана жариялаушының арқасында Мәсіхтің шәкірті болмайды. Оның рухани өсуіне көмектесу үшін Ехоба өзімен ‘бірге еңбектенетін’ жариялаушылардың бәрін қолдана береді (Қор. 1-х. 3:6—9). Қауым кездесулерінде шын жүректен түсініктеме беріп қана емес, Құдай рухының өмірімізге әсер етіп жатқанын көрсететін жақсы жүріс-тұрысымыз арқылы да қызығушылардың рухани өсуіне септігімізді тигізе аламыз (Жох. 13:35; Ғал. 5:22, 23; Ефес. 4:22, 23). Тағы не істеуге болады?
2 Қауымның көмегі. Бәріміз де кездесулерге жаңадан келіп жүргендерді жылы қарсы алып, кездесу басталғанға дейін және одан кейін қастарына барып, әңгімелесу арқылы оларға деген ықыласымызды көрсетеміз. Бір кісі өзінің қауымға алғаш келген кезін есіне алып, былай дейді: “Мүлдем бейтаныс адамдардың шынайы сүйіспеншілігін байқадым. Мұнда бір-ақ күнде көрген осыншама көп сүйіспеншілікті өзім жүрген шіркеуде өмір бойы жүрсем де көргенім жоқ. Шындықты тапқаныма еш күмәнім қалмады”. Бұл кісі алғаш қауым кездесуіне келгеннен кейін жеті ай өткен соң шомылдыру рәсімінен өткен.
3 Қызығушыны рухани қадамдар жасаған сайын шын жүректен мақтап отыр. Ол қарсылықтарға төтеп беріп жүр ме? Қауым кездесулеріне үнемі келіп тұра ма? Батылдық танытып, түсініктеме берді ме? Теократиялық қызмет мектебіне жазылды ма? Уағыздау қызметіне шығуды бастады ма? Оны жасап жатқан жетістіктері үшін мақта. Бұл оны рухани сергітіп, жігерлендіреді (Нақ. с. 25:11).
4 Зерттеу сабағын жүргізушінің көмегі. Кейбір жариялаушылар қызығушыны қауым мүшелерімен таныстыру үшін онымен Киелі кітап зерттеуге басқа жариялаушыларды шақырады. Қызығушыны мүмкіндігінше алғашқы кезден бастап қауым кездесуіне шақыра бер. Кездесулерге келе бастағанда, оны басқалармен таныстыруды мақсат етіп қой. Ол темекі шегу сияқты зиянды әдеттермен күресіп жүр ме? Үйінде оның зерттеу сабағын өткенін қаламайтын біреу бар ма? Мұндайда өзі сияқты қиыншылықтарға кезігіп, оны жеңіп шыққан жариялаушымен сөйлескені пайдалы (Пет. 1-х. 5:9).
5 Қызығушыға қауым болып қолдау көрсету керек. Қауымдағылардың бәрі де жеке ықылас таныту арқылы оның рухани өсуіне көмектесе алады.