Сүйіспеншілік таныту — жемісті қызмет етудің бірден-бір жолы
1 “Менің қасыма келіңдер... Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!” (Мат. 11:28) Исаның осы жанға жағымды сөздері адамдарға деген жүрегінде терең орнаған сүйіспеншілігін көрсеткен. Мәсіхшілер ретінде біз ізгі хабарды уағыздай жүріп, осы қатыгез дүниедегі еңсесі түскен адамдарға Иса сияқты сүйіспеншілік көрсеткіміз келеді. Қалайша?
2 Сөзімізбен. Иса адамдарды жақсы көргендіктен, оларға ізгі хабарды айтудың мүмкіндігін жібермеген (Жох. 4:7—14). Біз де адамдарды сүйетін болсақ, оларға бейресми куәлік етуден тартынбаймыз. Бір алты жасар қыз дәрігерге кіруге кезек күтіп отырған жанындағы бір әйелге керемет куәлік берген. Оны бұлай етуге не талпындырғанын сұрағанда, кішкентай қыз: “Түріне қарап оның Ехоба туралы білуі керек деп ойладым”,— деп түсіндірген.
3 Адамдардың жағдайын ойлайтынымыз шын жүректен күлімдеп, жағымды дауыспен сөйлегенімізден байқалады. Сондай-ақ оларды мұқият тыңдағанымыз, толғандыратын нәрселерін түсінгеніміз және шын жүректен қызығушылық танытқанымыз да сүйіспеншілігіміздің дәлелі болып табылады (Нақ. с. 15:23). Біз Исаға еліктей отырып, Патшалық туралы хабардың жағымды жақтарына және Ехобаның адамзатқа сүйіспеншілікпен жанашырлық көрсеткеніне назар аударуымыз керек (Мат. 24:14; Лұқ. 4:18).
4 Ісімізбен. Иса басқаларға іс жүзінде көмек көрсетуге дайын тұрған (Мат. 15:32). Қызмет кезінде бізде де іс жүзінде сүйіспеншілікпен мейірімділік көрсететін мүмкіндік тууы мүмкін. Бір әйел бауырлас телефон арқылы сөйлесіп жатқан әйелдің маңызды сөздерді түсіне алмай жатқанын байқайды да, оған телефон соққан адамның сөздерін аударып береді. Осындай сүйіспеншілікпен жасаған әрекеттің арқасында, Киелі кітапқа негізделген әңгіме басталып, ол әйел Киелі кітап зерттеу сабағын бастаған. Тағы бір жолы учаскесіндегі адамға қайта барған ер бауырлас оның ауыр диванды есіктен кіргізе алмай, ашуланып жатқанын көреді де, оған қол ұшын береді. Кіргізіп болған соң, ол сол диванға жайғасып отырып, риза болған адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды.
5 Қызметте жүріп, Құдай мен маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілігімізді сөзімізбен де, ісімізбен де көрсетеміз (Мат. 22:36—40). Бұл ақ жүректі адамдардың ақиқат жолында жүргенімізге көздерін жеткізеді.