Уағыздауға арналған кездесудің толық пайдасын көр
1. Уағыздауға арналған кездесудің қандай пайдасы бар?
1 Жақсы өткізілген уағыздауға арналған кездесуден жариялаушылар қызметке барарда, іс жүзінде қолдануға болатын басшылық алып, жігерленіп шығады. Бұл кездесулер бауырластардың бірге қызметке шығып, өзара қолдау көрсетулеріне және бір-бірінен үйренулеріне мүмкіндік береді (Нақ. с. 27:17; Екк. 4:9, 10). Бұл кездесудің толық пайдасын көру үшін не істеуге болады?
2. Кездесуді жүргізетін бауырлас не туралы айтуына болады?
2 Кездесуді жүргізетін бауырлас. Бұл кездесуде талқыланатын мәлімет алдын ала берілмейді. Сондықтан кездесуді жүргізетін болсаң, жақсылап дайындалу қажет. Сол күнге арналған тармақта қызметке тікелей қатысы бар ойлар болса, талқылау кезінде оларға тоқталып өтуіңе болады, дегенмен оны ойланбастан алып оқи салма. Қызметке барғалы отырған адамдарға іс жүзінде пайдалы болатын нәрсе жайлы ойлан. Мысалы, қалай ұсыныс жасауға болатынын айтып, оны көрсетіп бергің келетін шығар. Сондай-ақ “Қызмет мектебі” кітабындағы не жақында қызмет кездесуінде айтылған ойларды айтып өтуіңе болады. Ал тағы бір жолы аймақтарыңда кездесіп тұратын қиыншылықтарды қалай жеңуге болатынын немесе адамның қызығушылығын дамытып, зерттеу сабағын қалай бастауға болатынын талқылауға болады. Бұл әсіресе көбісі қызығушылық білдірген адамдарға қайта барғалы отырса, пайдалы болмақ. Не туралы айтып жатсаң да, бауырластарды жігерлендіре отырып, ерекше ықыласпен сөйле.
3. Кездесу қанша уақытта аяқталу керек және сол аралықта не істелу керек?
3 Кейбіреулердің кешігіп келетінін білсең де, кездесуді уақтылы баста. Жариялаушыларды екі-екіден бөлгенде парасатты бол және керек болса, оларға учаскелер үлестіріп бер. Кездесу 10-15 минут аралығында аяқталуға тиіс, ал қауым кездесуінен кейін болса одан да аз уақыт алу керек. Бұл кездесу аяқталғанда, бәрі де өзінің кіммен және қайда баратынын білуге тиіс. Кездесу дұғамен аяқталу керек.
4. Кездесудің толық пайдасын бәрі көру үшін, әрқайсымыз не істей аламыз?
4 Сенің көмегің. Басқа кездесулер сияқты бұл кездесуге де уақтылы келу арқылы Ехобаны сыйлайтынымызды және басқалардың жағдайын ойлайтынымызды көрсетеміз. Талқылауға атсалысып отыр. Қызметке бауырлас қосып берген не алдын ала келіскен жариялаушымен баруыңа болады. Егер баратын адамды өзің таңдағанды ұнататын болсаң, үнемі жақын достарыңмен ғана жүре бермей, әр түрлі жариялаушылармен келісе отырып, ‘пейіліңді кең жаюға’ тырыс (Қор. 2-х. 6:11—13). Кездесу аяқталған соң, басқа біреумен ауысуға тырыспа және көп тұрмай, учаскеңе бар.
5. Уағыздауға арналған кездесудің мақсаты не?
5 Басқа кездесулер сияқты уағыздауға арналған кездесудің де мақсаты — ‘өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салу’ (Евр. 10:24, 25). Кездесудің пайдасын көруге тырысқанымыз игі іс болып табылатын қызметімізді атқаруға көмектеседі.