Адамдарға Құдаймен достасуға көмектес
1 Түрлі халықтан шыққан адамдар Ехобаның жолдарын үйреніп жатыр (Иш. 2:2, 3). Алайда олар ‘шыдамдылықпен өнім берулері’ үшін Ехобаны жақсы көре білулері керек (Лұқ. 8:15; Мар. 12:30). Мұндай сүйіспеншілік болмаса, оларда басқалардың зиянды әсеріне қарсы тұратын күш те, дұрыс әрекет етуге батылдық та болмайды. Қызығушыға Ехобамен жақсы қарым-қатынас дамытуға көмектесудің бір жолы — оның қасиеттеріне деген ризашылығын ояту. Оларды “Ехобаға жақында” деп аталатын кітаптағы мәліметтерді терең қарастыруға талпындыр.
2 Өз үлгің. Сенің іс-әрекетің қызығушының жүрегіне қатты әсер етуі мүмкін. Ехобамен қарым-қатынасыңды бағалайтыныңды және мұның өміріңе қалай әсер етіп жатқанын көргенде, олар да Құдаймен осындай қарым-қатынас дамытқысы келуі мүмкін (Лұқ. 6:40). Иә, басқаларға біздің сөздерімізден гөрі істеріміз көбірек әсер етеді.
3 Балаларға Ехобаны жақсы көруді үйретудің ең жақсы жолы ата-ана үлгісі болып табылады (Заң. қ. 6:4—9). Балаларын шындыққа сай тәрбиелегісі келген бір ерлі-зайыпты кісілер үлгілі ата-аналардан ақыл сұрайды. Олардың ойын білген соң, отағасы былай деген: “Кіммен сөйлессем де, ең бастысы, ата-ананың үлгісі екеніне нұсқайды”. Демек, ата-аналар өздерінің өмір салттарымен “Құдайдың досы” болу дегеннің не екенін іс жүзінде көрсете алады (Жақ. 2:23).
4 Шын жүректен дұға айту. Басқаларға шын жүректен дұға айтуды үйрету арқылы да Ехобамен дос болуға көмектесе аласың. Олардың назарын Исаның үлгілі дұғасына және Жазбалардағы басқа да шын жүректен айтылған дұғаларға аударуыңа болады (Мат. 6:9, 10). Балаларың мен қызығушыларың өз дұғаларыңды ести отырып та, қалай дұға айту керек екенін үйрене береді. Олар шын жүректен айтқан сөздеріңді естігенде, Ехобаға деген сезіміңді түсінеді. Оларға сынақтарға кезіккенде, ‘ұдайы сиыну’ керек екенін айт (Рим. 12:12). Қиын кезде көмектескенін көргенде, олардың нағыз дос ретінде Ехобаға деген сенімдері мен сүйіспеншіліктері арта түседі (Заб. 33:9; Філіп. 4:6, 7).