Рухани мақсаттарыңа жеткің келсе
1. Қауымдағы көп жастар қандай мақсаттарға талпынуда?
1 Жас мәсіхші ретінде Ехобаға деген сүйіспеншілігің мен Исаның: ‘Ең бастысы Патшалықтың қамын ойлаңдар’,— деген барлық мәсіхшілерге айтқан сөздері сенің мақсаттарыңа да әсер еткенінде күмән жоқ (Мат. 6:33). Мүмкін, сен ізашар болуды немесе жариялаушылар жетіспейтін аймақта қызмет етуді мақсат етіп қойған шығарсың. Кейбіреулер Патшалық сарайларын соғу топтарында, Бетелде немесе миссионер ретінде қызмет еткісі келер. Мұның бәрі — қанағат сезіміне бөлейтін әрі мақтауға тұрарлық мақсаттар.
2. Рухани мақсаттарыңа жетуге не көмектеседі?
2 Рухани мақсаттарыңды жазып қойсаң, оларға қол жеткізуің оңайырақ болады. 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 15 шілдедегі санында осыған қатысты былай деген болатын: “Сөз жүзінде жеткізгенде, шашыранды ойлар айқындалып, нақты бір сипатқа ие болады. Сондықтан көздеген мақсаттарыңды және оларға қалай жетуге болатынын бір параққа жазып қойғың келетін шығар”. Бұған қоса кішігірім мақсаттар қойғаның жасаған жетістіктеріңді саралап отыруға және басты мақсатыңды назарыңда ұстауға көмектеседі.
3. Шомылдыру рәсімінен өткісі келетіндер қандай кішігірім мақсаттар қоюларына болады?
3 Кішігірім мақсаттар. Әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген болсаң, бұған қол жеткізу үшін не істеуіңе болатынын қарастыр. Мүмкін, Киелі кітаптың негізгі ілімдері туралы біліміңді тереңдетуің керек шығар? Олай болса, келтірілген Жазба орындарының бәрін аша отырып, “Білім” кітабын терең зерттеп шығуды мақсат етіп қой (Тім. 1-х. 4:15). Сондай-ақ бетелдіктер мен Ғалақад мектебіндегілерден талап етілетіндей, Киелі кітапты басынан аяғына дейін толық оқып шық. Одан кейін Киелі кітапты бағдарлама бойынша күнделікті оқып тұр (Заб. 1:2, 3). Мұның рухани өсуіңе қаншалықты септігін тигізетінін білесің бе?! Киелі кітапты оқығанда және зерттегенде, әрқашан дұғамен бастап, дұғамен аяқта және білгендеріңді іс жүзінде қолдануға тырыс (Жақ. 1:25).
4. Бетелде немесе миссионер ретінде қызмет еткісі келетіндер қандай кішігірім мақсаттарға ұмтылуларына болады?
4 Егер шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, тағы қандай мақсаттарға талпынуыңа болады? Уағыздау шеберлігіңді арттырғың келе ме? Неге Құдай Сөзін жақсырақ қолданып үйренуді мақсат етіп қоймасқа? (Тім. 2-х. 2:15) Қызметіңнің аясын қалай кеңейтуіңе болады? Жасың мен мүмкіндіктеріңді ескере отырып, басты мақсатыңа жетуге көмектесетін кішігірім нақты мақсаттарға ұмтыл.
5. Бір бауырластың кішігірім мақсаттар қойғаны Бетелдік қызметке қол жеткізуіне қалай көмектесті?
5 Қуанышты оқиға. 19 жасар Тони Ехоба Куәгерлерінің филиалына барғанда, сол жерде қызмет етуге деген ықыласы оянады. Алайда оның өмір жолы Киелі кітап нормаларына сай келмейтін, ол тіпті әлі Құдайға бағышталмаған да болатын. Тони өмірін өзгертіп, шомылдыру рәсімінен өтуді мақсат етіп қояды. Бұл мақсатқа қол жеткізген соң, ол алдымен қосалқы, одан кейін жалпы ізашарлық қызметті бастайтын күндерді күнтізбесінде белгілеп қояды да, сол мақсаттарға талпынады. Біраз уақыт ізашар болып қызмет еткен соң, Бетелге шақырылғанда, Тонидың қалай қуанғанын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші!
6. Рухани мақсаттарыңа жетуіңе не көмектеседі?
6 Құдай Патшалығын басты орынға қоя отырып, сен де мақсаттарыңа жете аласың. Дұға арқылы Ехобаға ‘бар ісіңді сеніп тапсыр’ да, қолыңнан келгенше тырысып бақ (Нақ. с. 16:3; 21:5, Таурат).