Ізетті болу арқылы шынайы қызығушылық таныт
1 Ехоба Әлемнің Әміршісі болса да, кемелсіз адамдарға келгенде мейірімді, мұқият әрі жұмсақ (Жар. 19:18—21, 29). Біз де оған еліктей отырып, ұсынысымызды жақсарта аламыз (Қол. 4:6). Бірақ бұл үшін жай ғана ілтипаттылықпен және құрметпен сөйлеудің өзі жеткіліксіз.
2 Үйден үйге жүргенде. Үй иесінің қолы тимей жатқанда немесе басқа қолайсыз уақытта келіп қалсақ не істеуге болады? Мұндайда үй иесінің көп уақытын алмай, қысқаша сөйлегеніміз жөн, не басқа бір жолы келгеніміз дұрыс. Ал әдебиетімізді алғысы келмеген адамдар болса, оларды қинамаймыз. Сондай-ақ барған үйлердің қақпалары мен есіктерін жауып жүрсек және осыны балаларымызға да үйретіп қойсақ, өзіміздің мұқият екенімізді көрсетеміз. Егер барған үйімізде ешкім жоқ болса, әдебиетті бөтен адамдар көрмейтіндей жерге қалдырамыз. Иә, ізеттілік басқалар бізге қалай қарасын десек, бізді де оларға солай қарауға талпындырады (Лұқ. 6:31).
3 Көшеде. Көшеде уағыздағанда, жаяу адамдар жүретін жолды бөгеп, дүкендердің алдына жиналып тұрып алғанымыз әдептілікке жатпайды. Басқалардың жағдайын түсінетінімізді көрсетіп, асығып бара жатқан адамдарды емес, бізге шамалы уақытын бөле алатын адамдарды тоқтатамыз. Даусымыз жақсы естілу үшін қаттырақ сөйлеу керек болса, жөнсіз басқалардың назарын аудармау үшін тым қатты айқайлап кетпеуіміз керек (Мат. 12:19).
4 Телефонмен уағыздағанда. Телефонмен уағыздауға тыныш жер тапқанымыз өзгелерге мұқият екенімізді көрсетеді. Өзімізді таныстыра салысымен не үшін телефон соққанымызды түсіндірсек, бұл әдептілігіміздің белгісі болады. Телефонның тұтқасын аузыңа дәлдеп ұста және сыпайы дауыспен сөйле, сонда телефонды көтерген адам Киелі кітапқа негізделген әңгімеден тартынбауы мүмкін (Қор. 1-х. 14:8, 9). Осылайша адамдарға мейірімді, мұқият әрі жұмсақ бола отырып Құдайымыз Ехобаға еліктейміз.