‘Менің жолыммен жүр!’
1 Көп адам өз мүдделерін көздеп қана өмір сүреді, алайда жиі өздерін бақытсыз сезінеді. Иса болса, керісінше, риясыз берудің жолымен жүруге шақырған, әрі бұл шынайы бақытқа бөлейтінін айтқан (Ел. іс. 20:35). Ол: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі... Менің жолыммен жүрсін!”— деген (Мар. 8:34). Бұл үшін ұнататын нәрселерімізден кейде ғана бас тартып қою жеткіліксіз. Біз әрқашан өзімізге емес, Ехобаға ұнамды нәрселерді істей беруіміз керек (Рим. 14:8; 15:3).
2 Мысалы, елші Пауылды алайық. “Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары” екенін түсінген ол енді өз мүддесін ғана көздемей, өмірін Патшалық ісіне арнаған (Філіп. 3:7, 8). Ол: “Қолымдағы барымды қуана жұмсап, өзімді де еш аямаймын”,— деп айтқан (Қор. 2-х. 12:15). Олай болса, әрқайсымыз өзімізден: “Мен уақытымды, күшімді, қабілетімді және қаржымды қалай жұмсап жүрмін? Мен өз мүддемді ғана көздеймін бе, әлде ең бірінші Ехобаға ұнауға тырысамын ба?”— деп сұрағанымыз жөн болады.
3 Берудің мүмкіндіктері. Құдай халқы жыл сайын өмір сыйлайтын ізгі хабарды жариялауға миллиардтан аса сағат жұмсайды. Қауымдарда жастар мен кәрілер әр түрлі жауапкершіліктер атқарады. Конгрестер өткізу үшін және ғибадат етуге арналған ғимараттар соғып, оларды күтіп ұстау үшін де көп күш жұмсалады. Ауруханалармен байланыс жасау комитетінде қызмет ететін бауырластардың сүйіспеншілікпен көрсетіп отырған көмектері туралы да ойланып көріңдерші. Жанқиярлықпен атқарылып жатқан осы істердің бәрі Құдайдың ұйымымызға берген батасы болып табылады (Заб. 109:3).
4 Жақындарымыз апатқа немесе бақытсыздыққа ұшырағанда, түрлі көмекке мұқтаждық туады. Бірақ көп жағдайда бауырласымыз жай ғана қарапайым көмекке немесе жылы сөзге мұқтаж болатын шығар (Нақ. с. 17:17). Жақындарымызға көмектесуге және Патшалық мүддесі үшін қызмет етуге дайын болғанымыз Исаның үлгісіне еліктейтінімізді көрсетеді (Філіп. 2:5—8). Әрқашан солай ете берейік!