Киелі кітап зерттеу сабағын есіктің алдында немесе телефон арқылы бастау
1, 2. Уақыты тығыз адамдарға көмектесу үшін зерттеу сабағын олардың жағдайларына қалай бейімдеуімізге болады?
1 Бүгінде адамдардың уақыттары тығыз. Сонда да көп адамдар рухани нәрселерге қызығушылықпен қарайды. Олардың рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыруларына қалай көмектесуімізге болады? (Мат. 5:3, ЖД). Көп жариялаушылар есіктің алдында тұрып немесе телефон арқылы Киелі кітап зерттеуді бастай береді. Осындай жолмен қызметіңнің аясын кеңейте аласың ба?
2 Киелі кітап зерттеу сабағын бастау үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланып, сабақтың қалай өтетінін көрсетуге дайын болуымыз керек. Мұны қалай және қай жерде істеуге болады?
3. Неге алғаш барған кезде Киелі кітап зерттеу сабағын өткізу керек және мұны қалай істеуге болады?
3 Есік алдында. Үй иесі Киелі кітап жайында әңгімелесуге қарсы болмаса, алдын ала дайындаған абзацты, айталық, “Құдай талап етеді” кітапшасының бірінші сабағының бірінші абзацын аш та, бастап кет. Абзацты оқы да, сұрақты қарастыр, одан соң келтірілген бір не екі жазба орнын оқы. Жиі осылайша есіктің алдында тұрып-ақ, бес-он минуттың ішінде сабақ өтіп кетуге болады. Үй иесіне талқылау ұнаса, ендігі жолы келесі бір не екі абзацты талқылауға келіс. (Зерттеу сабағын бастауды тікелей ұсынуға қатысты кеңестерді 2002 жылғы “Біздің патшалық қызметіміздің” (ор.) қаңтар айындағы санының 6-бетінен табуға болады.)
4. Қалай қайта барғанда есіктің алдында Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға болады?
4 Қайта барғанда да, тап осылай Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға болады. Мысалы, “Құдай талап етеді” кітапшасымен таныстырған соң, 2-сабақтың 1, 2-абзацтарын пайдаланып, Құдайдың есімін қарастыр. Келесі жолы 3, 4-абзацтарды пайдаланып, Киелі кітапта Ехобаның қасиеттері туралы не айтылатынын талқыла. Одан кейінгі талқылауда 5, 6-абзацтарды және 5-беттегі суретті қарастыру арқылы Киелі кітапты зерттегеніміз Ехоба туралы білуімізге қалай көмектесетініне көңіл аударуыңа болады. Осының бәрін есіктің алдында тұрып-ақ істеуге болады.
5, 6. а) Неге кейбір адамдар зерттеу сабағын телефон арқылы өткісі келуі мүмкін? ә) Зерттеу сабағын телефон арқылы өтуді қалай ұсынуымызға болады?
5 Телефон арқылы. Кейбір адамдар жариялаушымен жүзбе-жүз кездесіп зерттеу сабағын өткеннен гөрі, оны телефон арқылы өткісі келуі мүмкін. Келесі мысалды қарастырайық. Үйме-үй жүргенде әйел бауырласымыз жас баласы бар, сондай-ақ жұмыс істейтіндіктен, уақыты өте тығыз бір келіншекті кездестіреді. Бауырлас оны үйінен қайтып кездестіре алмаған соң, телефон шалуды ұйғарады. Келіншек Киелі кітап туралы сөйлесуге шынымен уақытының болмағанын түсіндіреді. Бауырлас оған: “10—15 минуттың ішінде тіпті телефон арқылы да жаңа нәрсе біле аласыз”,— дейді. Әйел: “Егер телефон арқылы болса, жарайды”,— деп жауап береді. Көп ұзамай бұл әйел телефон арқылы зерттеу сабағын жүйелі түрде өтіп тұратын болады.
6 Өздерің барып жүрген адамдардың арасында телефон арқылы сабақ өткісі келетіндер бар ма? Жоғарыдағыдай ұсыныс жасап көрулеріңе болады, немесе: “Егер қаласаңыз, Киелі кітап туралы телефон арқылы сөйлесуімізге болады. Бұған қалай қарайсыз?”— деп айтуларыңа болады. Киелі кітап зерттеу сабағын басқалардың жағдайына бейімдеу арқылы олардың ‘Құдай жайлы білімді иемденіп алуларына’ көмектесе аламыз (Нақ. с. 2:5; Қор. 1-х. 9:23).