Сұрақтар қою арқылы және тыңдау арқылы шынайы қызығушылық көрсет
1 Адамдардың көбісі әңгіме айтқанды жақсы көреді, бірақ басқаның ақылгөйсіп, өсиет айтқанын немесе сұрақтың астына алғанын ұнатпайды. Сондықтан біз, мәсіхшілер, адамның ойын білу үшін, сұрақтарды шебер пайдалана білуіміз керек (Нақ. с. 20:5).
2 Сұрақтарымыз шошытатындай емес, ойлануға талпындыратындай болу керек. Бір бауырлас үйме-үй уағыздап жүргенде, былай деп сұрақ қояды: “Қалай ойлайсыз, адамдар бір-бірін қадірлейтін және сыйлайтын кез келе ме?” Үй иесінің қалай жауап бергеніне байланысты ол: “Сіздің ойыңызша бұл үшін не істеу керек?” немесе “Неге олай ойлайсыз?”— деп сұрайды. Бейресми түрде немесе көпшілік орындарында уағыздағанда, ол балалы адамдардан былай деп сұрайды: “Ата-ана болудың сізге әсіресе несі ұнайды?” Одан кейін: “Ал не нәрсе сізді әсіресе мазалайды?”— деп сұрайды. Байқаңдаршы, бұл сұрақтарға адамдар еш қысылмастан, еркін жауап бере алады. Жағдай әр түрлі болатындықтан, әңгіменің тақырыбы мен оны жеткізу мәнерін аймағымыздағы адамдарға бейімдеуіміз керек болар.
3 Адамның ойын білу. Егер адам ойын айтуға қарсы болмаса, қажетсіз жерде сөзін бөле бермей, сабырлықпен тыңда (Жақ. 1:19). Ойымен бөліскеніне ризашылығыңды білдір (Қол. 4:6). Жай ғана: “Қызық екен, ойыңызды айтқаныңызға рақмет”,— деп айтқаның жеткілікті болады. Шын жүректен айта алсаң, оны мақтап қой. Мейірімділікпен адамның не ойлайтынын және неге олай ойлайтынын білуге көмектесетін қосымша сұрақтар қой. Екеуіңе де ортақ нәрсе ізде. Оның назарын Жазба орнына аударғың келсе: “Қалай ойлайсыз, мына нәрсеге сенуге бола ма?”— деп айтуыңа болады. Өзіңе шектен тыс сенімді немесе дауласуға бейім болма (Тім. 2-х. 2:24, 25).
4 Басқаларға сұрақтарымыздың қалай әсер ететіні көбінесе қалай тыңдағанымызға байланысты. Бар ықыласымызбен тыңдасақ, әдетте адамдар да ашыла бастайды. Аралаушы бақылаушы былай деген: “Сабырлықпен тыңдай білудің адамды баурап алатын керемет құдіреті бар және бұл оның адамға деген шынайы ықыласын көрсетеді”. Адамдарды тыңдасақ, бұл олардың мерейін өсіреді, әрі ізгі хабарға құлақ асуға талпындыруы мүмкін (Рим. 12:10).