Сенің балаң маңызды шешім қабылдай ала ма?
1. Жас куәгерлер қанға қатысты қандай көзқарас ұстанады? Мысал келтіріңдер.
1 Қандай маңызды шешім? Қан құюға қатысты шешім. 1991 жылдың 15 маусымында шыққан “Күзет мұнарасындағы” “Ехобаның тәрбиесін алған адамға лайық өмір сүр” деген мақалада (ор.) Ехоба Куәгерлерінің балалары Құдайдың қанға қатысты берген заңына мойынсұнушылық танытулары өздері үшін де, ата-аналары үшін де маңызды екенін анық көрсетіп, бұл көзқарастарын берік ұстанғандары айтылған. Сендердің де кәмелетке толмаған балаларыңның осындай жағдайға кезігуі мүмкін бе?
2. Заңда балаларды емдеуге қатысты не айтылады және осыған сай мәсіхші ата-аналар мен олардың балалары өз құқықтарын қалай қолдана алады?
2 Заң не дейді? Қазақстан республикасының заңы бойынша, 16 жасқа толған адамның ем қабылдауға қатысты өз бетінше шешім қабылдауға құқы бар, ал бұл жасқа дейін ол үшін шешімді ата-анасы қабылдайды. Бала өзінің денсаулығының қандай күйде екенін, таңдаған емдеу жолының нәтижесі қандай болуы мүмкін екенін жақсы түсінуі керек және Құдайдың қанға қатысты заңына деген өз сенімін анық әрі сенімді түрде түсіндіріп бере алуы керек.
3. Ата-аналар қандай сұрақтарды мұқият қарастырулары керек және неге?
3 Балаларың не айта алады? Балаларың осы мәселеге қатысты өз көзқарастарын айтып бере ала ма? Олар ‘қаннан аулақ жүріңдер’ деген өсиетті Құдай бергеніне шын жүректен сене ме? (Ел. іс. 15:29; 21:25). Олар Жазбаларды қолданып, өз сенімдерін түсіндіріп бере ала ма? Егер дәрігерлер баланың өміріне қауіп төніп тұр деп ойлайтын болса, ата-аналары қастарында болмаған кезде де, өздерінің қанға қатысты шешімдерін батыл қорғай ала ма? “Бәрі де уақыт пен кездейсоқтықтың билігінде” болғандықтан, балаларыңды адалдықтары сыналатын күтпеген жағдайға қалай дайындай аласыңдар? (Еккл. 9:11; Ефес. 6:4).
4, 5. а) Ата-аналардың қандай міндеттері бар және олар мұны қалай іске асыра алады? ә) Ата-аналарға көмектесетін қандай мәліметтер бар?
4 Ата-аналар, сендер не істей аласыңдар? Сендер Құдайдың қанға қатысты көзқарасын балаларыңа үйретуге міндеттісіңдер (Тім. 2-х. 3:14, 15). 1996 жылдың ақпан айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 6-бетіндегі 29—36 дейінгі абзацтарды қолдануға болады. Балаларың өз сенімдерін және оның неге негізделетінін түсіндіріп үйренулері үшін, олармен бірге дайындық жүргізіп, жаттығыңдар (Пет. 1-х. 3:15). Қанға қатысты қосымша мәліметтерді “Қан сенің өміріңді қалай алып қала алады” кітапшасынан (ор.) және 2004 жылдың 1 шілдесінде шыққан “Күзет мұнарасының” 8—18 дейінгі беттерінен табуға болады. Бұған қоса “Қан құймай емдеу жолдары. Ғылыми-деректі фильмдер сериясы” деп аталатын DVD дискідегі (ор.) “Қан құймай емдеу жолдары. Науқастың құқын бұзбай көмек беру” және “Қаннан бас тарту. Медицина көзқарасын өзгертуде” деген бөлімдерде қан құймай емдеу мен ота жасау ақылға қонымды әрі пайдалы тәсіл екендігіне көз жеткізетін мәлімет берілген. Отбасыларың осы мәліметтерді соңғы рет қашан талқылады?
5 Балаларыңның қанға қатысты ‘Құдайдың еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білулеріне’ көмектесіңдер. Сонда олар маңызды шешім қабылдай алатын болады, әрі осылайша Ехобаның батасына ие болады (Рим. 12:2).