Қызметіміздің арқасында не нәрсе атқарылып жатыр?
1. Ехоба қызметімізге қалай қарайды, ал адамдар ше?
1 Құдай Сөзінде Ехобаға қызмет етіп жүрген мәсіхшілер жеңістің шеруімен келе жатқан адамдар ретінде суреттеледі (Қор. 2-х. 2:14—16). Басқаларға Құдай туралы білім беріп жүргендіктен, біздің қызметіміз Ехобаға ұнамды хош иісті тарту сияқты. Кейбір адамдарға ізгі хабардың хош иісі ұнайды, басқалары болса одан қашады. Бірақ көпшіліктің бізді тыңдағысы келмегені ісіміздің сәтсіз болып жатқанын білдірмейді. Қызметіміздің арқасында не нәрсе атқарылып жатқанын қарастырайық.
2. Қызметіміз арқылы нені көрсете аламыз?
2 Ехобаға даңқ әкелуде. Шайтан адамдарды Ехобаға өз пайдалары үшін ғана қызмет етеді деп қаралайды (Әйүп 1:9—11). Қызметіміз арқылы Құдайға шын жүректен берілгендігімізді көрсете аламыз. Көп жариялаушы өмірлеріндегі ауыртпалықтар мен адамдардың селқостығына қарамастан, уағыздау мен шәкірт дайындауға қатысты өсиетті орындап жүр. Мұндай адалдық пен төзімділік Ехобаны қуанышқа бөлейді (Нақ. с. 27:11).
3. Құдайдың есімі мен оның еркі туралы басқаларға жариялай беруіміз неліктен маңызды?
3 Сондай-ақ қызметіміз арқылы Құдайдың еркінің іске асуына үлесімізді қосамыз. Шайтанның дүниесінің жойылуының жақындап келе жатқанына қатысты Ехоба былай дейді: ‘Халықтар менің Тәңір [“Ехоба”, ЖД] екенімді білетін болады’ (Езек. 39:7). Халықтар мұны білулері үшін Құдай қызметшілерінің оның есімі мен ниеті туралы “әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа” жариялай берулері өте маңызды (Аян 14:6, 7).
4. Уағыздау ісінің арқасында үкімге қалайша негіз қаланады?
4 Үкімге негіз қалануда. Сонымен қатар уағыздау ісінің арқасында үкімге негіз қалануда. Елші Пауыл Иса Мәсіхтің ‘өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерден’ кек алатынын айтқан (Сал. 2-х. 1:8, 9). Адамдардың ізгі хабарды қалай қабылдағандарына қарап үкім шығарылатын болады. Құдайдың қызметшілеріне өте маңызды жауапкершілік жүктелген. Ешкімнің қанын мойнымызға жүктемеу үшін өмір сыйлайтын Патшалық туралы хабарды басқаларға айтудан тартынып қалмауымыз керек (Ел. іс. 20:26, 27).
5. Қызметімізден Құдайдың рақымы қалай көрінеді?
5 Жақындарымызға Құдайдың ықыласына ие болуға әлі де көмектесіп жатқанымыз — Ехобаның рақымының дәлелі (Тім. 1-х. 2:3, 4). Адамдардың өмірі үнемі өзгеріп отыратынын білетіндіктен, біз оларға қайта-қайта барып, әлі де уақыт барда Ехобаны іздеуге талпындырамыз. Осылайша ‘ешкімнің де тозаққа түсуін [“жойылғанын”, ЖД] емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкінгенін қалайтын’ ‘Құдайымыздың мейірімді рақымына’ еліктейміз (Лұқ. 1:78; Пет. 2-х. 3:9).
6. Ехобаға құлшына қызмет ететін болсақ, бұның бізге қандай көмегі бар?
6 Өзімізге пайда әкеледі. Ехобаға құлшына қызмет ететін болсақ, бұл бізге қорғаныш болады. Бұл ‘Ехобаның күнінің келгенін есімізде берік ұстауға’ және осы зұлым дүниенің кірін жұқтырып алмауымызға көмектеседі (Пет. 2-х. 3:11—14, ЖД; Тит. 2:11, 12). Сондықтан қызметке атсалысудың бос әурешілік емес екенін біле отырып, ‘табанды, сенімімізден айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болайық’ (Қор. 1-х. 15:58).