Патшалық туралы уағыздау — керемет мүмкіндік
1 Күн сайын жердің миллиардтаған тұрғындары Ехобаның жомарттығының арқасында өмірге қажетті нәрсенің бәрін алуда (Мат. 5:45). Алайда Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау арқылы Жаратушыларына ризашылықтарын керемет түрде білдіру мүмкіндігін пайдаланып жүрген адамдар кемде-кем (Мат. 24:14). Осы керемет мүмкіндікті қаншалықты бағалайсың?
2 Патшалық туралы уағыздау Құдайға даңқ әкеледі және бүгінгі уақыттың әуре-сарсаңынан қажыған адамдарға үміт пен жан тыныштығын береді (Ев. 13:15). Бұл хабарға құлақ асқандар мәңгілік өмірге ие болады (Жох. 17:3). Бұл дүниеде қандай қызмет орны немесе мамандық осындай пайда әкеле алады? Елші Пауылдың қызметін бағалайтыны оны қалай атқарғанынан көрінген. Ол қызметін қазынаға теңеген (Ел. іс. 20:20, 21, 24; Қор. 2-х. 4:1, 7).
3 Керемет мүмкіндікті бағалау. Уағыздауға қатысу мәртебемізді бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы — қызметіміздің сапасын жақсартуға көңіл бөлу. Адамдардың жүректеріне жететін ұсыныстар дайындауға уақыт бөлеміз бе? Жазбаларды қолдану және адамдармен бірге ой жүгірту шеберлігімізді арттыра аламыз ба? Учаскемізде уағыздағанда, осы істі мұқият атқарамыз ба? Киелі кітап зерттеу сабағын бастап, оны жүргізе аламыз ба? Бұрынғы замандағы және қазіргі адал мәсіхшілер сияқты біз де бұл істі адал ниетпен атқарамыз, әрі мұндай мүмкіндігімізді жоғары бағалаймыз (Мат. 25:14—23).
4 Кәрілік, денсаулықтың нашарлауы немесе басқа да қиын жағдайлар қинап жүргеніне қарамастан, қызметке қатысуға құлшына күш салып жатқанымыздың жоғары бағаланатынын білу жұбаныш береді. Құдай Сөзінде өзіне қызмет етуге осылай күш салып жатқанымызды басқалар бағаламайтын сияқты болса да, Ехобаның бағалайтыны айтылған (Лұқа 21:1—4).
5 Патшалық туралы уағыздау зор қанағат сезіміне бөлейді. Тоқсан екі жастағы әйел бауырлас былай деген: “Құдайға қызмет етуге арнаған арттағы 80 жыл өміріңе еш өкінішсіз қарау неткен мәртебе! Егер қайта өмір сүру мүмкіндігі берілсе, өмірімді тап осылай өткізер едім, себебі Құдайдың ‘сүйіспеншілікке толы мейірімі өмірден де артық” (Заб. 62:4, ЖД). Құдай берген осы Патшалық туралы уағыздау мүмкіндігін біз де бағалайық.