Біз өзімізге тапсырылған мәртебені жоғары бағалаймыз!
1 Ехоба адам жаралғалы бері өзінің қызметшілеріне жынысына, жасына немесе қоғамдағы алатын орнына қарамастан әртүрлі артықшылықтар беріп отырған (Лұқ. 1:41, 42; Ел. іс. 7:46; Філіп. 1:29). Ал оның бүгінгі қызметшілері туралы не деуге болады?
2 Біз ие болған артықшылықтар. Біз Ехобаның өзінен тәлім алу мәртебесіне ие болдық (Мат. 13:11, 15). Қауым кездесулерінде Ехобаны дәріптеу де, бізге берілген артықшылықтардың бірі болып табылады (Заб. 34:18). Сондықтан мүмкіндік болғанда, біз түсініктеме беруге құлшына атсалысамыз. Сол сияқты, қауымда атқарылатын кез-келген істі мәртебе деп қарастыратын болсақ, оны жан-тәнімізбен орындайтын боламыз. Патшалық сарайын таза, күтімді етіп ұстауды мәртебе санай отырып, бұл іске жүйелі түрде атсалысамыз ба?
3 Миллиондаған адам дұғаларын Құдайдың еститін-естімейтінін білмей жүргенде, біз әлемдегі ең беделді Тұлғаның дұғаларымызға құлақ асатынын білеміз. Бұл да бір үлкен артықшылық (Нақ. с. 15:29). Ехоба қызметшілерінің дұғасын өзі тыңдайды (Пет. 1-х. 3:12). Ол біздің дұғамызға қатысты шектеулер қоймаған, сондықтан біз “әрдайым” дұға ете аламыз. Неткен зор мәртебе! (Ефес. 6:18)
4 “Құдаймен бірге еңбектенушіміз”. Патшалық туралы ізгі хабарды ‘Құдаймен бірге еңбектенуші’ ретінде жариялау да керемет артықшылықтарымыздың бірі болып табылады (Қор. 1-х. 3:9). Бұл — қанағат сезіміне бөлейтін жан сергітерлік жұмыс (Жох. 4:34). Ехоба адамдардың көмегінсіз-ақ өз ниетін жүзеге асыра алады, бірақ осы тапсырманы беру арқылы ол бізге өзінің сүйіспеншілігін көрсетті (Лұқ. 19:39, 40). Дегенмен Ехоба бұл мәртебені кез келген адамға бере салмайды. Уағыздау қызметіне атсалысқысы келетін адамдар белгілі бір талаптарды ұстанулары керек (Иш. 52:11). Қызметімізді апта сайынғы істеріміздің маңызды бір бөлігі ретінде атқара жүріп, осы артықшылығымызды бағалайтынымызды көрсетеміз бе?
5 Ехоба берген артықшылықтарымыз өмірімізді байыта түседі (Нақ. с. 10:22). Оларға ешқашан кәдімгі нәрсе ретінде қарамаңдар! Қызмет ету мәртебесін шынымен бағалайтынымызды көрсете отырып, ‘әрбір ізгі сый мен мүлтіксіз тартудың’ қайнар көзі көктегі Әкеміздің ықыласына ие боламыз (Жақ. 1:17, Тт).