Киелі кітап зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз. 11-бөлім
Жаңа жариялаушыға қайта баруға көмектесу
1 Киелі кітап зерттеп жүрген адам уағыздау ісіне қатыса бастағанда, ізгі хабарға қызығушылық танытқан адамдарды кездестіреді. Жаңа жариялаушының адамдарға қайта барып, олардың қызығушылығын дамытуына қалай көмектесуімізге болады?
2 Қайта баруға дайындалу адаммен алғаш сөйлескен кезден басталады. Жаңа жариялаушыны сөйлескен адамдарына шынайы ықылас білдіруге жігерлендір (Філіп. 2:4). Біртіндеп оны адамның ойын ашық айтқызуға, сөздерін мұқият тыңдауға және оны толғандыратын нәрселерді жазып алуға үйрет. Біреу қызығушылық білдіргенде, Киелі кітап зерттеуші сөйлескен адамға және әңгімеге тікелей қатысы бар жайттарды жазып алсын. Оған келесі жолы не айтатынын ойластыруға көмектесу үшін сол мәліметті қолданыңдар.
3 Қайта баруға дайындалу. Алғашқы барғандағы әңгімеге шолу жасаған соң, жаңа жариялаушыға үй иесінің қызығушылығын ояту үшін Патшалық туралы хабардың қай тақырыбын қозғауға болатынын үйрет (Қор. 1-х. 9:19—23). Бірге отырып, Жазба орны мен әдебиеттен бір абзац оқылатын ұсыныс дайындаңдар. Сондай-ақ қайта келуге негіз қалау үшін әңгіменің соңында қойылатын сұрақ дайындаңдар. Жаңа жариялаушыға әр барған сайын адамның Құдай Сөзі туралы білімін қалай арттыруға болатынын көрсет.
4 Жаңа жариялаушыға қарапайым етіп сөз бастауды үйретіп қойған да артық болмайды. Үй иесімен амандасқан соң, ол былай деуіне болады: “Өткен жолғы әңгіме маған өте ұнады, бүгін сізбен [тақырыпты ата] жайлы сөйлесу үшін келіп тұрмын. Оған есікті басқа адам ашса, не айту керек екенін де үйретіп қою керек болар.
5 Қайта барғанда ынталы бол. Киелі кітап зерттеп жүрген адамды қызығушылық танытқан адамдардың бәріне тез арада қайта барудың жақсы үлгісін көрсетуге талпындыр. Адамдарды үйлерінен табу үшін табандылықпен қайта барып тұру керек болар. Жариялаушыға қайта келуге қалай келісу керек екенін үйрет және уәдені орындап, қайта барудың маңызды екенін түсінуіне көмектес (Мат. 5:37). Оны қой сияқты адамдарды іздегенде және олардың қызығушылығын арттырғанда, мейірімді, мұқият әрі ілтипатты болуға үйрет (Тит. 3:2).