Киелі кітапты зерттеу сабағын нәтижелі өткіземіз.
10-бөлім. Шәкіртті үйме-үй уағыздауға үйрету
1 Ақсақалдар Киелі кітап зерттеп жүрген адамның шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға дайын екенін анықтаған соң, оның қауыммен бірге уағыздау ісіне атсалысуына болады (“Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабының 79—81 беттерін қара, ор.). Оның үйме-үй уағыздау қызметін жақсы атқаруына қалай көмектесуімізге болады?
2 Бірге дайындалу. Жақсылап дайындалудың маңызы зор. Шәкіртке “Біздің патшалық қызметімізден” немесе “Киелі кітап тақырыбына әңгіме бастап, оны жалғастырудың жолдары” кітапшасынан (ор.) ұсыныстарды қалай табуға болатынын көрсет те, олардың ішінен жергілікті аймақ үшін тиімді әрі қарапайым ұсынысты таңдауына көмектес. Оған қызметінің алғашқы күндерінен бастап Киелі кітапты басты құрал ретінде қолдануға жігерлендір (Тім. 2-х. 4:2).
3 Жаңа жариялаушылар үшін ұсынысты айтып дайындалып алудың пайдасы зор. Шәкірт ұсынысты дайындау барысында жиі айтылатын сөздерге ілтипаттылық сақтай отырып, қалай жауап беруге болатынын көрсет (Қол. 4:6). Мәсіхшілер үй иесі қоюы мүмкін деген сұрақтардың бәрінің жауабын білуге міндетті емес екенін айт. Мұндайда көбінесе осы сұрақтың жауабын тауып, қайтып келетініңді айтқан жөн (Нақ. с. 15:28).
4 Бірге уағыздау. Шәкірт үйме-үй уағыздауға алғаш рет шыққанда, екеуің дайындаған ұсынысты айтқаныңды алдымен жай ғана бақыласын. Одан соң, оның да әңгімеге араласуына мүмкіндік бер. Кей жағдайда жаңа жариялаушының жазба орнын оқып немесе оны түсіндіріп, әңгімеге жартылай ғана атсалысқаны дұрыс болар. Оның ерекшеліктері мен қабілеттерін ескер (Філіп. 4:5). Жаңа жариялаушыны уағыздау ісінің әр түріне үйрету барысында мақтау сөздеріңді аяма.
5 Жаңа жариялаушының қызметке жүйелі түрде, мүмкін болса, апта сайын, шығып тұруына мүмкіндік беретін кесте жасауына көмектесу маңызды (Філіп. 3:16). Уағызға баратын уақыттарыңды нақты келісіп ал және оны басқа да белсенді жариялаушылармен қызметтес болуға талпындыр. Олардың үлгілері мен қызметке бірге шыққандары оның шеберлігін арттырып, үйме-үй уағыздаудан қуаныш алуына көмектеседі.