Уағыздау қажырлы болуымызға көмектеседі
1 Құдай Сөзі ‘алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтауға’ шақырады (Ев. 12:1). Жарысты сәтті аяқтау үшін оған қатысқан адамға қажырлылық қажет, тура сол сияқты мәңгілік өмір сыйына жету үшін бізге де қажырлылық керек (Ев. 10:36). Мәсіхшілер ретінде атқаратын қызметіміз ақырына дейін қажымай адалдық сақтауға қалай көмектеседі? (Мат. 24:13).
2 Рухани нығайтады. Киелі кітаптың әділ жаңа дүние туралы керемет уәдесін жариялағанымыз үмітімізді көз алдымызда ұстауға көмектеседі (Сал. 1-х. 5:8). Қызметке жүйелі түрде атсалысқанда, Киелі кітаптан білген шындықты басқаларға жеткізуге және сенімімізді қорғауға мүмкіндігіміз болады, ал бұл өз кезегінде бізді рухани нығайтады.
3 Басқаларға тиімді түрде тәлім беру үшін Киелі кітаптың шындығын алдымен өзіміз анық түсінуіміз керек. Ол үшін ізденіс жүргізіп, тапқан мәлімет жөнінде ой жүгіртуіміз керек. Осыған барынша күш салғанымыздың арқасында біліміміз тереңдеп, сеніміміз нығаяды және рухани сергек боламыз (Нақ. с. 2:3—5). Осылайша, басқаларға көмектесіп жүріп, өзімізді нығайтамыз (Тім. 1-х. 4:15, 16).
4 Қызметке белсене атсалысуымыз Шайтан мен жындарға қарсы тұруымызға қажетті ‘Құдай берген “рухани қару-жарақтың” маңызды бір бөлігі болып табылады (Ефес. 6:10—13, 15). Қызметке барынша атсалысқанымыз ойымызды рухани нығайтатын нәрселерге жұмылдырып, Шайтанның дүниесінің ықпалына беріліп, бұзылып кетпеуімізге көмектеседі (Қол. 3:2). Басқаларды Ехобаның жолдарына үйреткенде, қасиетті болып, адал өмір сүруіміз керек екенін есімізге үнемі салып отырамыз (Пет. 1-х. 2:12).
5 Құдайдың өзі тағайындаған. Сондай-ақ ізгі хабарды тарату ісіне атсалысқанымыз Құдайға сенім артуға үйретеді (Қор. 2-х. 4:1, 7). Бұл неткен керемет бата! Бұндай сенім қызметімізді атқаруға ғана емес, сондай-ақ өмірде қандай жағдайға кезіксек те, берілмеуге дайындайды (Філіп. 4:11—13). Шынында да, Ехобаға толық сенім артып үйрену — қажырлы болудың бірден бір жолы (Заб. 54:23). Уағыздауға қатысқанымыз қажырлы болуымызға көп көмектеседі.