Аудандық конгрестің жаңа бағдарламасы
Бүгінгі ‘қиын-қыстау күндері’ Ехобаның қолдауына ие болып, оны сақтап қалу үшін бізге Құдайдың даналығы қажет (2 Тім. 3:1). “Көктен келген даналықты басшылыққа алыңдар” деп аталатын 2005 қызмет жылының аудандық конгресс бағдарламасында пайдалы кеңестер беріліп, жігерлендіретін ойлар айтылады (Жақ. 3:17).
“Көктен келген даналықты қолданамыз” деген алғашқы бірқатар баяндамалар пәк таза, ынтымақшыл, парасатты және бойсұнуға дайын болу деген нені білдіретінін түсінуімізге жәрдемдеседі. Содан кейін аудандық бақылаушы көктен келген даналықтың басқа үш қырына назар аударады. Бірінші күннің бағдарламасының соңында облыстық бақылаушы мәсіхшілердің, кейбіреулер оларды ‘арнайы даярлықтан өтпеген қарапайым’ деп есептесе де, Құдайдың даналығын жария ету үшін барлық нәрсемен қамтамасыз етілгенін көрсетеді (Ел. іс. 4:13).
Екінші күні “Рухани өсуге көмектесетіннің барлығына ұмтылыңдар” деп аталатын бірқатар баяндамалар рухани әлсіреуге әкеп ұрындыратын нәрселерді анықтай білуімізге және олардан аулақ болуымызға көмек береді. Сондай-ақ онда қауым кездесулерінде, уағыздау қызметі мен отбасында басқаларды қалай нығайта алатынымыз айтылады. “Құдай даналығы көл-көсір баталар әкеледі” деген көпшілікке арналған баяндама өмірімізде Құдайдың принциптерін қолданғанда көріп жүрген игіліктер үшін ризашылығымызды арттыра түседі. “Құдай даналығы — біз үшін қорған” деп аталатын соңғы баяндама осы соңғы күндері Ехобаның даналығын іздеуге деген шешімімізді нығайта түседі.
Әр конгрестің ерекше бөлімі — жаңа шәкірттердің шомылдыру рәсімінен өтуі. Сонымен қатар бағдарламада Теократиялық қызмет мектебі мен сол аптадағы “Күзет мұнарасы” журналын талқылау болады. Ехоба өз даналығының игілігін барлығымыздың да көргенімізді қалайды. Аудандық конгресте берілетін кеңестер мен жігерлендіретін ойлар бізді рухани жағынан байытады (Нақ. с. 3:13—18).