Мәсіхтің ой-қалпына еліктеңдер
1. Иса қандай ой-қалып танытқан?
1 Құдайдың Ұлын өз көзімізбен ешқашан көрмеген болсақ та, Исаның өмірі және қызметі туралы жазылған мәліметтер арқылы оны шын сүйеміз (1 Пет. 1:8). Ол Әкесінің еркіне мойынсұнып, көктегі жоғарғы дәрежесін қалдырып, жер бетіне келді. Адам ретінде ол өзгелерге риясыз қызмет етіп, әрі өз өмірін басқалар үшін қиды (Мат. 20:28). Құдай Сөзі: “Мәсіх Исада болған ой-қалып сендерде де болсын”,— деп шақырады. Қалай оның жанқиярлық рухына еліктей аламыз? (Філіп. 2:5—8, ЖД).
2. Көптеген мәсіхшілер қандай қиындықтарға кезігеді және соны жеңіп шығуға не көмектеседі?
2 Шаршаған кезде. Иса кемелді болғанымен, ол да шаршап-шалдыққан. Бір жолы ол “жол жүріп шаршаған” болса да, самариялық әйелге түбегейлі куәлік береді (Жох. 4:6). Бүгінгі таңдағы көптеген мәсіхшілер де осыған ұқсас қиындыққа кезігіп жатады. Қажытып-шаршатып жіберетін жұмыс аптасынан кейін, уағыздау қызметіне қатысуға күш табу қиын болып жатады. Десе де, мұны жүйелі түрде атқаратын болсақ, уағыздау қызметінің рухани сергітетінін көретін боламыз (Жох. 4:32—34).
3. Қалай Исаның тәлім беруге әрдайым дайын болғанына еліктей аламыз?
3 Басқа бір жолы Иса мен шәкірттері тек өздері ғана оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалғылары келеді. Алайда жиналған көп жұрт бұл жөнінде біледі де, жаяу жүгіріп олардың алдынан шығады. Мұны көрген Иса ашуланудың орнына, “жаны ашып”, әрі қарай “көп тәлім берді” (Мар. 6:30—34). Киелі кітап зерттеу сабағын бастау да, жалғастыру үшін қайта бару да, осындай көзқарасты талап етеді. Бұл әр кез күш салумен қатар адамдарға шынайы сүйіспеншілік танытуда жауапкершілік жүктейді. Егер сенде қазір Киелі кітапты зерттеу сабағы жоқ болса, еш мойымай зерттеу сабағын табуға тырыс.
4. Қалай қосалқы ізашарлық қызмет Исаның ой-қалпына еліктеуімізге септігін тигізе алады?
4 Рухани істерді бірінші орынға қой. Рухани істерге көбірек көңіл қоюымызға қосалқы ізашарлық қызмет көмек береді. Бір жас бауырласымыз былай деп жазды: “Құрбым екеумізді оның анасы өзімен бірге бір ай қосалқы ізашар болуға талпындырған болатын. Онымен бірге қызмет еткенімізге шынында да қуаныштымын. Бауырластарыммен жақынырақ танысқанымнан қуаныш таптым, көп ұзамай-ақ оларды өз отбасымдай сезіне бастадым. Бұған қоса, өзгелерге Ехоба жайында айтуға, сондай-ақ Патшалықтың керемет шындығы туралы үйретуге көбірек мүмкіндігімнің болғанына қуаныштымын. Осылардың арқасында Ехобаға және оның ұйымына жақындай түскенімді сездім” (Заб. 33:9).
5. Неліктен Исаның ой-қалпына еліктеуге үнемі күш салуды тоқтатпауға тиістіміз?
5 Әрқайсымыз кемелсіз тәнімізге қарсы тұрып, Ехобаға ұнамды болу үшін күрес жүргізіп жатырмыз (Рим. 7:21—23). Осы дүниенің өз жанын аяушылық рухына қарсы тұруға тиіспіз (Мат. 16:22, 23). Ехоба бізге киелі рухы арқылы көмек бере алады (Ғал. 5:16, 17). Құдайдың әділетті жаңа дүниесінде өмір сүруді тағатсыздана күтіп отырған шақта, Құдайдың Патшалығын және өзгелердің мүддесін бірінші орынға қойып, Исаның ой-қалпына еліктейік (Мат. 6:33; Рим. 15:1—3).