Бауырластардың Куәгер емес жұбайларына қалай көмектесе аламыз?
1 Ехобаның көптеген қызметшілерінің жұбайлары бауырластарды жылы тартып тұрады, оларды қауым да қызықтырады, бірақ олар Құдайдың қызметшісі болудан тартыншақтайды. Бір бауырласымыздың күйеуі: “Үйме-үй жүру менің қолымнан келмейтіндей іс болып көрінді”,— деп мойындады. Басқа біреулерінің Киелі кітапқа қайшы келетін құтыла алмай жүрген әдеттері бар болуы немесе жұбайы атқарып жүрген теократиялық істерді ешқашан атқара алмайтындай сезінуі мүмкін. Біз оларға қалай көмектесе аламыз?
2 Шынайы ықылас білдіріңдер. Басқаларға шынайы ықылас көрсетіп, өздерін мазалап жүрген жайттарды ескергеніміз олардың Киелі кітаптың шындығын қабыл алуларына жол ашуы мүмкін (Філіп. 2:4). Бұрын әйелдерінің көзқарастарымен келіспей жүрген жұбайлар жиі бауырластардың сүйіспеншілікпен көңіл бөлгендері туралы айтады. “Қауым ақсақалы Хосе маған шынайы ықылас көрсетті”,— деді жоғарыда атап өтілген кісі. “Киелі кітапты зерттеу сабағына шындап кірісуге түрткі болған соның жігер берген сөздері деп ойлаймын”. Басқа бір бауырластың күйеуі оны қызықтыратын жайттар жөнінде бауырластардың келіп, әңгімелесуге тырысатынын еске алды. Ол: “Әйелімнің сенімі мен үшін мүлдем басқа жағынан ашылды. Оның достары түрлі тақырыптарға әңгімелесе алатын өте білімді адамдар екен” (1 Қор. 9:20—23).
3 Іс жүзінде көмек көрсетіңдер. Куәгер емес жұбайларға мейірімділікпен көрсеткен көмегіміз де қатты әсер етуі мүмкін (Нақ. с. 3:27; Ғал. 6:10). Бірде бауырласымыздың Куәгер емес күйеуінің көлігі бұзылып қалғанда, оған жас Куәгер көмекке келеді. “Бұл шынымен маған қатты әсер етті”,— деп есіне алады ол. Басқа бір бауырласымыздың күйеуіне шарбақ қоюға көмектесу үшін бір бауырласымыз толық бір күнін жұмсаған екен. Бірге жұмыс істеп, әңгімелесіп жүрген уақыттың ішінде олар достасып та кетіпті. Екі аптадан кейін әлгі кісі бауырласымызға былай деді: “Осы уақытта менің өміріме өзгерістер енді. Сен менімен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізе алмас па едің?” Содан ол жылдам рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өтті.
4 Учаскедегі лайықты адамдарды іздестіріп жүрген кезде де, бауырластарымыздың жұбайларына көмектесе берейік (1 Тім. 2:1—4).