Уақытты қалай пайдаланатындарыңа ерекше ден қойыңдар
1. Бүгінде барлық адамдар қандай қиыншылықтарға кезігуде?
1 Біздің күндерімізде уақытты үнемдеп, жұмысты жеңілдететін нәрселер жеткілікті болғанымен, адамдар жұмыс көп, бірақ оны істейтін уақыттың аз екенін байқайды. Саған рухани күйіңді сақтау үшін орнатқан тәртіпті ұстану қиын ба? Қызметке көбірек уақыт арнағың келе ме? Қалайша уақытымызды барынша тиімді пайдалануымызға болады? (Заб. 89:12; Філіп. 1:9—11).
2, 3. Ақпарат технологиясы қандай қиындықтар тудырады және қалай әрқайсымыз өзімізді тексере аламыз?
2 Уақытты алатын нәрселерді анықтап ал. Бәріміз де оқтын-оқтын уақытымызды қалай жұмсап жатқанымызды тексеріп тұрғанымыз жөн. Киелі кітап: “Өздеріңе қолайлы уақыттың төлемін өтеп алыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы”,— деп шақырады (Ефес. 5:15, 16, ЖД). Ақпарат технологиясының алға басуы тудыратын қиындықтарды қарастырып көрейік. Компьютер мен басқа да электрондық жабдықтарды қолданғанымыз біраз пайда әкелгенімен, уақытты қалай пайдаланатынымызға ерекше ден қоймасақ, торға түсіп қалуымыз мүмкін (1 Қор. 7:29, 31).
3 Әрқайсымыз өзімізден: Күніге электрондық поштадағы бітпейтін хаттарды оқып, жауап беруге уақыт кетіремін бе? Не болса соған жиі телефон шалып немесе электронды хат жіберемін бе? (1 Тім. 5:13). Интернетті ешқандай мақсатсыз қарап немесе теледидар көргенде, құрдан-құр бір арнадан екіншісіне ауыстыра беремін бе? Электрондық ойындарға беріліп кеткендіктен, Құдай Сөзін зерттеуге уақытым қалмай бара жатқан жоқ па? — деп сұрауымызға болады. Мұндай істер біздің рухани күйімізге зиян келтіруі мүмкін (Нақ. с. 12:11).
4. Бір жас бала не істеген және неге?
4 Уақытты даналықпен пайдалану. Электрондық жабдықтардың уақытымызды алып, ойымызды билеп алатын күші бар. Компьютер ойындарына беріліп кеткен бір бала былай деп мойындайды: “Кейде қызметке немесе қауым кездесуіне барар алдында ойнағанымда, ойымды жинақтау өте қиын болатын. Кездесу кезінде үнемі дерлік үйге келген соң қандай да бір ойынды қалайша жақсырақ ойнауыма болатынын ойлап отыратынмын. Менің жеке зерттеуім мен Киелі кітапты оқуым нашарлап кетті. Құдайға қызмет етуден алатын қуанышым азая бастады”. Өзгеріс жасау керек екенін түсінген ол барлық компьютер ойындарын жойып тастайды. “Бұл шынында да қиын болды,— деп есіне алады ол,— мен мұншалықты үйір болып кеткенімді білмеппін. Бірақ мен зор жеңіске жеткендей сезіндім, себебі бұны өз пайдам үшін істегенімді білдім” (Мат. 5:29, 30).
5. Рухани нәрселер үшін қалай уақыттың өтемін төлей аламыз және бұдан қандай пайда аламыз?
5 Уақытты пайдалану жағынан жөнделетін жерлерің болса, сенің де осындай шаралар қолдануың керек болатын шығар. Аса маңызды емес істерден күнде жарты сағаттың өтемін төлеп ала аласың ба? Күніне жарты сағаттай уақыт бөлінсе, Киелі кітапты бір жылда оқып шығуға болады. Бұл шынында да рухани құндылық болар еді! (Заб. 18:8—12; 118:97—100). Киелі кітап оқуға, кездесулерге дайындалуға және уағыздау қызметіне нақты уақыт бөл (1 Қор. 15:58). Бұлай істегенің уақыттың ысырап болуына жол бермей, ‘Құдайдың еркін біліп алуыңа’ көмектеседі (Ефес. 5:17).