Оқуға және зерттеуге уақыт босату
“Өздеріңе қолайлы уақытты босатыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:16, ЖД).
1. Неліктен уақытымызды жоспарлай білгеніміз даналықтың белгісі және уақытты қалай пайдаланатынымыз біз жайлы нені көрсетуі мүмкін?
“УАҚЫТТЫ жоспарлау — уақыт ұту”,— деп айтылған. Істелуге тиіс әр нәрсенің уақытын жоспарлай білген адам көбінесе уақытын ұтымды пайдаланады. Дана Патша Сүлеймен: “Әр нәрсе өз уақытында және аспан астындағы әр нәрсенің өз уақыты бар”,— деп жазған болатын (Екклесиаст 3:1). Біздің барлығымыздың да еншімізде бірдей уақытымыз бар; оны қалай жұмсайтынымызды өзіміз шешеміз. Нені бірінші орынға қоятынымыз бен уақытымызды қалай жұмсайтынымыз көбінесе біздің нені көбірек бағалайтынымызды көрсетеді (Матай 6:21).
2. а) Таудағы уағызында Иса біздің рухани мұқтаждықтарымыз туралы не айтты? ә) Өзімізді қалай тексеріп көруіміз керек?
2 Тәніміз қажет ететін болғандықтан, тамақтануға және ұйықтауға уақыт бөлуге тиіспіз. Ал рухани мұқтаждықтарымыз жайында не айтуға болады? Оларды да қанағаттандыруымыз керек екенін білеміз. Иса таудағы уағызында: “Рухани мұқтаждықтарын сезінгендер бақытты”,— деді (Матай 5:3, ЖД). “Адал және ақылды қызметші” Киелі кітапты оқып, зерттеуге уақыт бөлудің маңыздылығын үнемі біздің есімізге салып отырғаны, міне, сондықтан (Матай 24:45). Бұның қаншалықты маңызды екенін сезінетін шығарсыңдар, бірақ Киелі кітапты зерттеуге немесе оқуға уақыттарың жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Олай болса, Құдай Сөзін оқуға, жеке зерттеуге және оның үстінен ой жүгіртуге қалай көбірек уақыт табуға болатынын қарастырып көрейікші.
Киелі кітапты оқуға және зерттеуге уақыт табу
3, 4. а) Уақытымызды жұмсауға байланысты елші Пауыл қандай кеңес берді және бұл не нәрселерге қатысты? ә) ‘Өзіміз үшін қолайлы уақытты босатуымыз’ туралы кеңес берген кезде Пауылдың не айтқысы келді?
3 Біз өмір сүріп отырған уақытты ескеріп, әрқайсымыз елші Пауылдың: “Сонымен парасатсыз емес, парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар: жақсылық жасауға әр мүмкіндікті пайдаланыңдар [өздеріңе қолайлы уақытты босатыңдар, ЖД], өйткені қазіргі күндер зұлымдыққа толы. Сондықтан ақымақ болмай, Құдайдың еркін біліп алыңдар”,— деген сөздеріне көңіл аударуымыз керек (Ефестіктерге 5:15—17). Әрине, бұл кеңес, Құдайға шын берілген мәсіхшілер ретінде, өміріміздің барлық саласына қатысты. Бұған — дұға етуге, зерттеуге, жиналыстарға қатысуға уақыт табу және “Патшалық туралы... Ізгі хабарды” уағыздауға мүмкіндігінше белсенді қатысу да жатады (Матай 24:14; 28:19, 20).
4 Бүгін Ехобаның қызметшілерінің көпшілігі үшін Киелі кітапты оқу мен терең зерттеуге уақыт табу қиын болса керек. Әрине, біз күнімізге қосымша сағат қоса алмаймыз, сондықтан Пауылдың кеңесі қандай да бір өзге нәрсені білдірсе керек. “Қолайлы уақыт босатыңдар” деп аударылған сөздер грек тілінде тағы бір нәрсеге жұмсалатын уақытты босатуды білдіреді. Өзінің сөздігінде (Expository Dictionary) У. Е. Вайн оны, “жіберіп алған мүмкіндікті қайтарып алу мүмкін емес болғандықтан, әр мүмкіндікті мейлінше пайдалану, әр мүмкіндікті мүмкіндігінше ұтымды пайдалану”,— деп түсіндіреді. Киелі кітапты оқып, зерттеу үшін қолайлы уақытты не нәрселерден босата алар екенбіз?
Ненің маңызды екенін таңдай білуіміз керек
5. Неліктен және қалай ‘ненің маңыздырақ екенін ажырата білуіміз’ керек?
5 Біздің күнделікті істейтін ісімізбен қатар, көптеген рухани міндеттеріміз де бар. Ехобаның шын берілген қызметшілері ретінде, ‘Иеміздің ісін әрдайым молынан істеуіміз’ керек (1 Қорынттықтарға 15:58). Сол себепті Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерге ‘ненің ізгілікті [“маңыздырақ”, ЖД] екенін ажырата біліңдер’ деген кеңес берді (Філіпіліктерге 1:10). Бұл — маңызды нәрсені таңдай білу керек дегенді білдіреді. Рухани нәрселер әрқашан материалдық нәрселерден бұрын тұруы керек (Матай 6:31—33). Дегенмен, рухани міндеттерімізді атқаруда да байсалдылық қажет. Мәсіхші ретіндегі өміріміздің әр саласына уақытымызды қалай бөліп жүрміз? Аралаушы бақылаушылар мәсіхшілер көңіл бөлуі керек “маңыздырақ нәрселердің” ішінде жеке зерттеу мен Киелі кітапты оқудың көбінесе ескерілмей қалатындығын хабарлайды.
6. Қолайлы уақытты босату үшін осы дүниелік жұмысымыз бен үй тірліктеріне байланысты не істеуімізге тура келуі мүмкін?
6 Көріп отырғанымыздай, қолайлы уақытты босатуға “әр мүмкіндікті мейлінше пайдалану, әр мүмкіндікті мүмкіндігінше жақсы пайдалану” жатады. Сондықтан егер біздің Киелі кітапты оқып, зерттеу әдетіміз жақсартуды талап ететін болса, уақытымызды қалай жұмсап жүргенімізді ойша саралап көргеніміз парасаттылық болған болар еді. Егер осы дүниелік жұмысымызға аса көп уақытымыз бен күш-қуатымыз кететін болса, бұл туралы Ехобаға дұға етуіміз керек (Забур 54:23). Мүмкін зерттеу мен Киелі кітапты оқу және тағы басқа Ехобаға мінажат етуге байланысты атқаруымыз керек маңызды нәрселерге көбірек уақыт жұмсауымызға мүмкіндік болатындай өзгерістер жасай алатын болармыз. Әйелдің тірлігі ешқашан бітпейді деп тура айтылған. Сол себепті мәсіхші әйелдер де маңызды нәрсені таңдай біліп, Киелі кітапты оқуға және терең зерттеуге арнайы уақыт бөлулері керек.
7, 8. а) Оқып, зерттеу үшін көбінесе қандай істерден уақыт босатуға болады? ә) Демалудағы мақсатымыз қандай және осыны ұмытпағанымыз маңызды нәрсені таңдай білуімізге қалай көмектеседі?
7 Жалпы алғанда, көпшілігіміз маңызды емес іс-әрекеттерге кететін уақытты зерттеу үшін босата аламыз. Өзімізге мынадай сұрақтар қойсақ болады: осы дүниелік журналдарды немесе газеттерді оқуға, теледидар бағдарламаларын көруге, музыка тыңдауға немесе видео ойындарын ойнауға қанша уақытым кетеді? Киелі кітапты оқығаннан гөрі компьютердің алдында көп уақыт өткізбеймін бе? Пауыл: “Сондықтан ақымақ болмай, Құдайдың еркін біліп алыңдар”,— деген болатын (Ефестіктерге 5:17). Әрине, көптеген мәсіхшілердің жеке зерттеуге және Киелі кітапты оқуға жеткілікті уақыт бөлмеуінің негізгі себебі теледидар болуына жол бергені парасаттылық емес (Забур 100:3; 118:37, 47, 48).
8 Кейбіреулер, барлық уақытта бірдей зерттеумен айналыса алмаймын, өйткені кішкене демалуым да керек қой деуі мүмкін. Бұл рас. Дегенмен, көңіл көтеруге жұмсайтын уақытымызды анықтап, Киелі кітапты зерттеуге немесе оқуға жұмсайтын уақытпен салыстырып көргеніміз дұрыс болар еді. Нәтижесі таңғалдыруы мүмкін. Демалу мен көңіл көтеру қажет болғанымен, олардың өз орны болуы қажет. Олар бізге рухани әрекеттерімізді әрі қарай жалғастыруға күш-қуат беруі керек. Көптеген теледидар бағдарламалары мен видео ойындары адамды шаршатады, ал Құдай Сөзін оқу және зерттеу сергітіп, жігерлендіреді (Забур 18:8, 9).
Кейбіреулердің зерттеуге мүмкіндік табуы
9. “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” брошюрасының 1999 жылғы басылымында берілген кеңестерді ұстанудың қандай пайдасы бар?
9 “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” брошюрасының 1999 жылғы басылымының кіріспесінде былай делінген: “Күнделікті таңертең осы брошюрадағы тармақ пен түсініктемені қарастырған өте пайдалы. Ұлы Ұстаз Ехоба өзінің өсиеттерімен сені ұйқыдан оятып жатқандай сезінетін боласың. Иса туралы, күнделікті таңертең Ехобаның өсиеттеріне құлақ салған деп пайғамбарлық етіледі: “Күнделікті таңертең Ол мені оятады, оқушы сияқты тыңдауым үшін құлағымды түреді”. Мұндай өсиеттер Исаға “даналардың тілін берді”, сондықтан, ол ‘әлсірегендерге сөзбен қуат бере алды’ (Ишая 30:20; 50:4; Матай 11:28—30). Күнделікті таңертең Құдай Сөзінің дер кезіндегі кеңесімен оянғанның арқасында, өзіңнің қиыншылықтарыңды жеңіп қана қоймай, өзгелерге де көмектесе алуың үшін, ‘даналардың тіліне’ ие боласың”a.
10. Кейбіреулер Киелі кітапты оқып, зерттеу үшін қандай мүмкіндікті қолданады және одан қандай пайда көруде?
10 Көптеген мәсіхшілер осы кеңеске құлақ асып, таңертең сол күнге арналған тармақ пен түсініктемені ғана оқып қоймай, Киелі кітапты оқып, зерттейді. Францияда адал қызмет атқарып жүрген бір ізашар күнде таңертең ерте тұрып, 30 минут уақытын Киелі кітапты оқуға арнайды. Жылдар бойы осылай етуі ненің арқасы екен? Ол былай дейді: “Бұлай етуіме үлкен себеп бар, сондықтан да қандай жағдай болмасын оқуға арналған кестемді берік ұстанамын!” Күннің қай уақытын таңдамасақ та, маңыздысы — кестемізді берік ұстану. Еуропада және Солтүстік Африкада 40 жылдан астам уақыт бойы ізашар болып қызмет істеп келген Рене Мика: “1950 жылдан бері жылына бір рет Киелі кітапты толық оқып шығу менің мақсатым, қазірге дейін шамамен мен оны 49 рет оқып шықтым. Жаратушыммен тығыз қарым-қатынасымды сақтауым үшін осылай етудің өте маңызды екенін сезінемін. Құдай Сөзінің үстінен ой жүгірткенім, Ехобаның әділдігі мен өзге де қасиеттерін жақсырақ түсінуіме көмектеседі және ол керемет күштің қайнар көзі болып табылады”,— деп мәлімдедіb.
‘Уақытындағы ас-су’
11, 12. а) “Адал үй басқарушы” қандай “ас-сумен” қамтамасыз етуде? ә) “Ас-су” қалай уақытында үлестіріліп берілуде?
11 Кәдімгі аспен күнделікті тамақтанғанымыз тәннің саулығына себеп болатыны сияқты, күнделікті зерттеп, Киелі кітапты оқығанымыз рухани сау болуымызға себеп болады. Лұқа жазған Ізгі хабарда: “Қызметшілеріне ас-суын уақытында үлестіріп берсін деп, үстерінен қарауға қожайыны тағайындаған адал, әрі ақылды үй басқарушы кім?” — деген Исаның сөздерін оқимыз (Лұқа 12:42). Жүз жиырма жылдан астам уақыттан бері ‘уақытында’ берілетін рухани ‘ас-су’ “Күзет мұнарасы” журналы, сондай-ақ басқа да Киелі кітапқа негізделген кітаптар мен басылымдар арқылы қамтамасыз етілуде.
12 “Уақытында” деген сөзге көңіл аударыңдаршы. “Ұлы Ұстазымыз” Ехоба, өзінің Ұлы мен қызметші табы арқылы өз халқына ілім мен жүріс-тұрысқа байланысты басшылықты дер кезінде беруде. Бұл, “егер оңға немесе солға бұрылып кетсеңдер... “міне жол, сонымен жүріңдер” деген дауысты естіп тұрғанымыздай (Ишая 30:20, 21). Сондай-ақ, әркім зейін қойып Киелі кітапты және оған негізделген басылымдарды оқыған кезде, жиі, оқыған жерлерінде жазылған ойларды тікелей өздеріне арналғандай сезеді. Иә, Құдайдың кеңесі мен басшылығы біз үшін уақытында келіп, азғыруларға қарсы тұруымызға және дана шешім қабылдауымызға көмектеседі.
Дұрыс тамақтануды әдетке айналдырыңдар
13. Рухани дұрыс тамақтанбау әдеттерінің кейбірі қандай?
13 Уақытында беріліп отырған “ас-судың” толық пайдасын көру үшін, дұрыс тамақтануды әдетке айналдыруымыз керек. Киелі кітапты оқу және жеке зерттеу кестеміздің болғаны және оны берік ұстанғанымыз өте маңызды. Сендер рухани дұрыс тамақтануды әдетке айналдырғансыңдар ма және жүйелі түрде жеке отырып терең зерттейсіңдер ме? Әлде, біз үшін мұқият дайындалған мәліметті, былайша айтқанда, асығыс асап немесе тіпті кейбір тағамды мүлде жемей, жай ғана үстіртін оқисыңдар ма? Рухани дұрыс тамақтанбауды әдетке айналдыруының себебінен кейбіреулер сенімдерін әлсіретіп алды, тіпті шындықты тастап кетті (1 Тімотеге 1:19; 4:15, 16).
14. Жақсы таныс сияқты көрінген мәліметті мұқият қарастырған неліктен пайдалы?
14 Кейбіреулер, мен негізгі ілімдерді білемін, ал қазір беріліп жатқан мақалалардың бәрінде бірдей, жаңа мәліметтер жоқ, сондықтан жүйелі түрде зерттеу жүргізіп, жиналыстарға қатысу қажет емес деп ойлауы мүмкін. Бірақ, Киелі кітап біліп алған нәрселерімізді есімізге қайта түсіріп отыруымыз керек екенін көрсетеді (Забур 118:95, 99; 2 Петір 3:1; Иуда 5). Жақсы аспазшының бір тағамдық азықтардан көптеген дәмді тағам дайындайтыны сияқты, қызметші табы да алуан түрлі нәрлі рухани тағамдарды дайындайды. Тіпті бұған дейін жиі түсіндірілген тақырыпқа арналған мақалалардың өзінде жіберіп қоюға болмайтын керемет ойлар бар. Шын мәнінде, біздің оқыған мәліметімізден не алатынымыз, көбінесе оны зерттеу үшін қанша уақыт және күш жұмсайтынымызға байланысты.
Оқып, зерттегеннен көретін рухани пайда
15. Киелі кітапты оқып, зерттегеніміз Құдай Сөзінің жақсы уағыздаушысы болуымызға қалай көмектеседі?
15 Біз Киелі кітапты оқып, зерттегеннен көптеген пайда көреміз. Бізге мәсіхші ретіндегі негізгі міндетіміздің бірін атқаруға, яғни әрқайсымыздың “кінәратсыз жұмысшы, Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші” бола білуімізге, көмек көрсетілуде (2 Тімотеге 2:15). Киелі кітапты көбірек оқып, зерттеген сайын, санамызды соғұрлым Құдайдың ойымен толтыратын боламыз. Сонда, елші Пауыл сияқты, ‘адамдармен Киелі жазбалар туралы пікір алысып’, оларға Киелі кітаптың көмегімен Құдайдың ниеті туралы керемет шындықты ‘түсіндіріп, дәлелдей’ алатын боламыз (Елшілердің істері 17:2, 3). Біздің тәлім беру шеберлігіміз артады және әңгімелеріміз, сөйлеген сөздеріміз бен берген кеңесіміз өзгелерді рухани нығайтатын болады (Нақыл сөздер 1:5).
16. Құдай Сөзін оқып, зерттегеннен әрқайсымыз қандай пайда көреміз?
16 Сонымен қатар, Құдайдың Сөзін зерттеуге жұмсаған уақытымыз, өмірімізді Ехобаның жолына көбірек сай келтіруімізге мүмкіндік береді (Забур 24:4; 118:9, 10; Нақыл сөздер 6:20—23). Бұл біздің кіші пейілділік, шексіз берілгендік және қуаныш сияқты рухани қасиеттерімізді күшейте түседі (Заңды қайталау 17:19, 20; Аян 1:3). Киелі кітапты оқып, зерттеу арқылы қол жеткізген білімді қолданатын болсақ, өмірімізде Құдайдың рухының әсерін сезініп, істеген ісіміздің бәрінде киелі рухтың жемістері көп байқалатын болады (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
17. Киелі кітапты жеке өзіміз оқып, зерттегеніміздің саны мен сапасы Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
17 Ең маңыздысы — Құдай Сөзін оқып, зерттеу үшін өзге істерден босатқан уақытымыздың Құдаймен қарым-қатынас жасауымызға пайдасы көп болатындығында. Пауыл мәсіхші бауырластарының ‘Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларын’ және ‘Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүрулерін’ сұрап дұға еткен еді (Қолостықтарға 1:9, 10). Сол сияқты, “Құдай халқына лайық” болу үшін, біз де ‘Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуымыз’ керек. Иә, Ехобаның батасы мен ықыласына ие болуымыз көбінесе Киелі кітапты жеке оқып, зерттеудің саны мен сапасына байланысты екені анық.
18. Егер Жохан 17:3-те жазылған Исаның сөздеріне құлақ асатын болсақ, қандай баталарға ие бола аламыз?
18 “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Иса Мәсіхті тану” (Жохан 17:3). Бұл — өзгелерге Құдай Сөзінің маңыздылығын бағалауға көмектесу үшін Ехоба Куәгерлерінің көп қолданатын тармақтарының бірі. Біздің өзіміз үшін де осылай еткеніміздің маңызы зор. Біздің мәңгі өмір сүруге деген үмітіміздің ақталуы Ехобаны және оның Ұлы Иса Мәсіхті жақсы тануымызға байланысты. Мәңгі өмірдің нені білдіретіні жөнінде ойланып көріңдерші! Ехоба туралы күн сайын көбірек біле түсетін боламыз, ал бұл үшін бізді алдымызда мәңгілік күтіп тұр! (Екклесиаст 3:11; Римдіктерге 11:33).
[Сілтемелер]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған.
b “Күзет Мұнарасының” 1995 жылғы 1 мамырдағы “Олар Киелі кітапты қашан оқиды және бұдан қандай пайда көруде“ деп аталатын мақаланы қараңдар, 20, 21-беттер, ор.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Уақытты қалай пайдаланатынымыз нені көрсетеді?
• Киелі кітапты оқып, зерттеу үшін қандай істерден уақытты босатуға болады?
• Рухани қалай тамақтанатынымызды неліктен қадағалауымыз керек?
• Киелі жазбаларды оқып, зерттегеннен қандай пайда көреміз?
[26-беттегі суреттер]
Тірлігіміз бастан асып жатса да, рухани нәрселерге уақыт бөлетін болсақ, оның зор пайдасын көреміз.
[28, 29-беттердегі суреттер]
Жүйелі түрде Киелі кітапты оқып, зерттейтін болсақ, ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрете’ алатын боламыз.