Киелі кітапты зерттеу сабағына ұласатын қайта бару
1. Не себепті қайта бару өте маңызды?
1 Иса шәкірттеріне уағыздауды ғана емес, ‘шәкірттер дайындап, оларды... үйретуді’ де тапсырды (Мат. 28:19, 20). Уағыздаушы жариялайды, ал тәлім беруші көбірек іс атқарады. Ол үйретеді, түсіндіреді және дәлел келтіреді. Үйретудің бір жолы — Киелі кітапты зерттеу мақсатымен қызығушылық білдіргендерге қайта бару.
2. Кімдерге қайта баруымыз керек?
2 Кімдерге қайта баруымыз керек? Әдебиет алған және ізгі хабарға аз болса да қызығушылық білдірген адамдардың бәріне міндетті түрде қайта барыңдар. Көпшілік жерде куәлік беріп жүріп, қызығушылық білдірген адамды кездестірсеңдер, мекен-жайын немесе сым тетік нөмірін алып қалуға тырысыңдар. Кертартпа ойдың Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауға кедергі болуына жол бермеңдер. Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауға байланысты ұсыныстарыңды қабыл алатын адамды талмай іздейтін болсаңдар, тауып та қаларсыңдар (Мат. 10:11).
3, 4. Қайта барғанда әңгімені тиімді жүргізуге не көмектеседі?
3 Шынайы ықылас білдіріңдер: Адамға алғаш жолыққан кезде, қайта барғанда әңгімені тиімді жүргізуге негіз қаланады. Нәтижелі жариялаушылар үй иесін не қызықтыратынын жазып алып, қайта барғанда оны әңгімеге арқау етеді. Өзге біреулері қайтып келу үшін үй иелерінің қызығушылығын ояту мақсатымен алғашқы әңгіменің соңында ашық сұрақ қалдырып кетеді. Адамдарға шынайы ықылас білдіргеніміз, қоштасқан соң да, олар жайлы ойлауға және көп кешіктірмей қайта баруға талпындырады. Мүмкін болса, олардың қызығушылығы суып қалмай тұрып, сол күні немесе келесі күні, қайта баруға тырысыңдар.
4 Қайта барғанда, алғашқы жолыққанда талқылаған тақырыпты әңгімеге арқау етуге тырысыңдар. Әр жолыққанда сенім ояту үшін, кем дегенде бір Жазба орнын оқып беруді мақсат етіңдер және тыңдауға дайын болыңдар. Үй иесімен жақын танысыңдар. Сонан соң, келесі келгенде, оған ең жылы тиетін Құдай Сөзіндегі шындықты бөлісіңдер.
5. Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау үшін қандай қарапайым тәсілді қолдануға болады?
5 Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау мүмкіндігін қалт жібермеңдер: Қайта барғанда Киелі кітапты зерттеу сабағын бастауды мақсат етіп қойыңдар. Қалай бастауға болады? Қызық ойды талқылағыларың келетінін айтыңдар да, “Білім” кітабынан немесе “Талап етеді” брошюрасынан ол адамға қызық болады-ау деген абзацты ашыңдар. Абзацты оқып шығып, сұрағын қарастырып, берілген бір немесе екі Жазба орнын талқылаңдар. Есіктің аузында тұрып-ақ бес-он минут уақытта осылай етуге болады. Соңында тағы бір сұрақты көтеріп, келесі жолы талқылауға келісіңдер.
6. Қайта барғанның маңызды екенін түсінетінімізді қалай көрсетеміз?
6 Барлық уақытта адамдардың қызығушылығын арттыру қызметіміздің маңызды бөлігі болып табылады. Сол себепті апталық уақыт кестелеріңде қайта баруға уақыт бөліңдер. Олай еткеніміз қызметіміздің тиімді болуына септігін тигізеді және шынайы қуанышқа бөлейді.