‘Ыңғай танытқандарға’ көмек беріңдер
1. Біздің күнімізде Ехоба кімдерді өзіне жинауда?
1 Әрбір адамның бейнелі жүрегінде әр түрлі бейімділік болады (Мат. 12:35). Киелі кітапта ‘жүректерінде ұрысқа бейімділігі бар’ адамдар жайлы айтылады (Заб. 54:22). Кейбіреулер болса ашушаң келеді (Нақ. с. 29:22). Бірақ ‘мәңгі өмір сүруге ыңғай танытатын’ да адамдар болады (Ел. іс. 13:48, ЖД). Біздің күнімізде Ехоба осындай ыңғай танытқан адамдарды өзіне жинауда (Нағай 2:7). Олардың Ехобаның қызметшісі болуларына қалай көмектесе аламыз?
2. Шәкірт дайындау тапсырмамызға не кіреді?
2 Қайта оралып баруға жауапкершілікпен қараңдар. Шәкірттер дайындау ісімізді орындау үшін қайта баруға дұрыс көзқарастың болуы өте маңызды (Мат. 28:19, 20). Біз қызығушылық танытқандарды өсіруге тырысамыз ба? Ұсынылған әдебиетті қабыл алып немесе ізгі хабарға қандай да бір қызығушылық білдіргендерге қайта оралып барамыз ба? Біз олардың рухани өсулеріне көмектесуге табандылықпен күш салып жүрміз бе? Әңгіме адамдардың өмірі жайында болып отырғандықтан, кез келген қызығушылық танытқандарды әрі қарай дамытуымыз керек.
3. Қызметте әлдекіммен сөйлескеннен кейін не істеуіміз керек?
3 Қызығушылық танытқан адаммен сөйлескеннен кейін, есіңде тұрғанда, оның есімі мен мекен-жайын уақыт бөліп жазып алуға тырыс. Сөйлескен тақырыпты, оқыған жазба орындарын, сол жерге қалдырған әдебиеттерді де жазып ал. Содан кейін мүмкіндігінше жақын арада қайта келуге тырыс.
4. Қайта оралып барғандағы қызметімізді қалай тиімді ете аламыз?
4 Қайта оралып барыңдар. Қайта оралып барғанда, жылулық пен достық шырай танытып, сондай-ақ үй иесіне шынайы ықылас көрсеткеніміз пайдалы. Жеңіл әрі рухани тақырыпқа әңгімелес. Қызығушылығын оятатын Киелі кітапқа негізделген тақырып дайында және әңгіменің соңында қайта келгенде жауап беретін ашық сұрақ қалдыр. Үй иесі рухани көзқарасқа қарсы ой айтуы мүмкін, ең басты нәрсе — дау тудыратын тақырыптан қашық болған абзал. Рухани тақырыпты талқылау үшін әңгімені ортақ мәселеден бастауға тырыс (Қол. 4:6).
5. Бір ізашар қандай мақсат қойды және нәтижесі қандай болды?
5 Қайта оралып бару күш салуды талап етеді, алайда еңбегің еш кетпейді. Жапониядағы бір ізашар ай сайын алдына көп қайта оралып баруды мақсат етіп қояды. Үйме-үй жүргенде, кездескендердің бәрін жазып алып отырады да, аптаның ішінде оларға қайта оралып барады. Не айтатыны жөнінде мұқият дайындалады да, айтқалы жатқан хабарына толық сенімді болып қызметке шығады. Бірде қайта оралып барғанда, ол бір кісімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Ол кісі алғаш сөйлескенде: “Мен үнемі Куәгерлерді қайтарып жіберетінмін. Тыңдап тұрғаным осы, бірінші рет”,— деген болатын. Сол ізашар сүйіспеншілікпен табандылық танытып, нәтижеге жеткен. Айдың аяғында есеп бергенде, он адаммен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізіп жүргендігін көрсетті.
6. Қайта оралып барғанда, неліктен табандылық танытуымыз қажет?
6 Адамдардың жағдайлары әрдайым өзгеріп отырады (1 Қор. 7:31). Сол себепті қызығушылық танытқан адамдарды үйлерінен табу көп күш салуды талап етеді. Қайта оралып баруға жауапкершілікпен қарайтын болсақ, ыңғай танытқандарға мәңгі өмір сүруге жол табуларына көмектесетін боламыз (Мат. 7:13, 14).