Сауалдар жәшігі
◼ Түрмеде жатқандарға куәлік еткен кезде, қандай сақтық шараларын қолдану қажет?
Дүние жүзі бойынша кем дегенде сегіз миллион адам түрмеде жатыр. Олардың кейбіреулері ізгі хабарға қызығушылық білдіруде (1 Тім. 2:4). Біздің филиалдардың бірі қамалғандар мен олардың отбасы мүшелерінен ай сайын әдебиет сұраған немесе түрмеге барып жеке жолығуды өтінген шамамен 1 400 хат алады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың көбісі шын ниетпен қызығушылық білдіргенімен, кейбіреулері Құдай халқының мейірімділігін теріс пайдаланғысы келгендер. Осыған байланысты түрмедегілерге уағыз айтқанда, бәріміз де келесі сақтық шараларын ұстануымыз керек.
Көп жағдайда түрмедегілерге хат арқылы куәлік беріледі. Тіпті рухани көмек көрсету мақсатымен болсын, әйел бауырластарымызға түрмеде жатқан ер кісілерге хат жазбауға өтіне кеңес беріледі. Оларға тек лайықты ер бауырластар ғана хат жазу керек. Лайықты әйел бауырластар Киелі кітаптағы шындыққа шын жүректен қызығушылық білдірген әйел адамдарға хат жазады. Өтініш жасаса да, түрмеде жатқандарға ешқандай ақша немесе жеке сыйлық жіберілмеуге тиіс.
Қызығушылық білдірген түрмеде жатқан адамның аты-жөні мен мекен-жайы сол аумақтағы қауымға жіберілуге тиіс. Әдетте ондағы тәжірибелі ер бауырластар туындауы мүмкін әр қилы жағдайларда қалай әрекет етуді біледі. Егер қай қауымға жататыны белгісіз болса, филиалға жіберу керек.
Тағайындалған ер бауырластардың бір уақытта түрмедегілердің бірнешеуімен зерттеу жүргізгенінде тұрған ештеңе жоқ. Алайда жариялаушылар ондағылармен еркін әңгімелесетіндей ерекше кездесулер түрмеде өткізілмеу керек. Сондай-ақ, жариялаушылардың өздігінен түрмеге барып, ондағылармен жақын араласқаны парасаттылыққа жатпас еді.
Түрмеде жатқандармен ізгі хабарды бөліскен уақытта ‘жыландай көреген, көгершіндей ақ көңіл болғаймыз!’ (Мат. 10:16)