Қарт адал бауырластарды естен шығармаңдар
1 Жесір болғандығына және жасының ұлғайғандығына қарамастан 84 жастағы Анна “ғибадатханадан шықпайтын”. Ехоба оның адалдығын жоғары бағалап, ерекше батасын берді (Лұқ. 2:36—38). Бүгінгі күні көптеген бауырластар қиын жағдайларға қарамастан Анна сияқты рух танытуда. Денсаулыққа байланысты қиыншылықтармен немесе ұлғайған жастарына байланысты шектеулермен күресуге тура келгенде, мұндай бауырластарымыздың кейде ұнжырғалары түсуі мүмкін. Сол себепті оларды жігерлендіруге және жақсы рухани тәртіп сақтауға көмектесуге болатын біраз жолдарды қарастырып көрелік.
2 Кездесулер мен уағыздау қызметі: Өзгелер сүйіспеншілікпен жеткізіп салуға қам жасайтын болса, адал қарт бауырластарымыздың әрдайым кездесулерге келіп тұрулары әлдеқайда жеңіл болады. Қауымға келіп тұрғандары — ұзақ уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан адал бауырластарымызды рухани нығайта түседі, сондай-ақ қауым үшін де пайдалы. Сен осы игі іске атсалысып жүрсің бе? (Ев. 13:16).
3 Шынайы мәсіхшілер уағыздау қызметіне әрдайым қатысудан қуанышқа кенеліп, қанағат сезіміне бөленеді. Алайда қарт және науқас бауырластар үшін әрдайым қызметке қатысу оңайға соқпаса керек. Осы қымбатты бауырластарымызбен куәлік ету ісінің қандай да бір саласында “әріптесіміз” ретінде бірге қызмет ету мүмкін бе? (Рим. 16:3, 9, 21). Мүмкін оларды телефон арқылы куәлік етуге, қайта оралып баратындарға бірге баруға немесе Киелі кітапты зерттеу сабағын бірге өткізуге шақыруға болар. Егер қарт бауырласымыз үйден шыға алмайтын болса, Киелі кітапты зерттеп жүрген адам оның үйіне келе алар ма еді?
4 Зерттеу және қарым-қатынас: Арагідік кейбір бауырластар қарт немесе науқас бауырластарымызды отбасымен бірге зерттеуге қатысуға шақырады, тіпті зерттеуді сол бауырластарымыздың үйінде өткізеді. Бір ана “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деп аталатын кітапты зерттеуді өткізу үшін екі баласын ертіп, қарт бауырласымыздың үйіне баратын және мұндай қарым-қатынастан барлығы да жігерленетін. Мұндай қарт бауырластарымызды бірге тамақтануға және өзге кештерге де шақырып қуанышқа бөлеуге болады. Егер науқас бауырластарымыз жанында ұзақ болғанды көтере алмайтындай әлсіз болса, мүмкін телефон соғарсың немесе аз ғана уақытқа кіріп, оларға шамалы болса да оқып беруге, бірге дұға айтуға және жігерлендіретін оқиғалар айтып беруге болады (Рим. 1:11, 12).
5 Ехоба қарт адал бауырластарымызды бағалайды (Ев. 6:10, 11). Біз оларды құрметтейтінімізді көрсетіп және жақсы рухани тәртіпті сақтауларына көмектесіп, Ехобаға еліктей аламыз.