Барға қанағат етіңдер
1 Жазбалар отбасының материалдық мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге шақырады. Бірақ бұл біздің өмірдегі ең маңызды мақсатымыз болмауы керек. Бірінші орында рухани нәрселер болу керек (Мат. 6:33; 1 Тім. 5:8). Алайда, мынау ‘қиын-қыстау күндері’ екі жақты да дұрыс алып жүру оңай емес (2 Тім. 3:1). Бізге не көмек бола алады екен?
2 Киелі кітаптың көзқарасын қабылдаңдар: Құдай Сөзі байлыққа ұмтылудың рухани апатқа ұшырататынын ескертеді (Еккл. 5:9; Мат. 13:22; 1 Тім. 6:9, 10). Осы қиын уақытта бар ықыласымызбен осы дүниелік жұмысқа немесе ақшаға беріліп, қауым кездесулері, Киелі кітапты зерттеу және қызметке қатысу сияқты рухани істерді өмірімізде екінші орынға ығыстырып жіберсек, өте қайғылы жағдайға ұшыраймыз (Лұқ. 21:34—36). Сондықтан Киелі кітап былай деп кеңес береді: “Ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік” (1 Тім. 6:7, 8).
3 Бұл дегеніміз мәсіхшілер мұқтаждықта өмір сүрулері керек дегенді білдірмейді. Ол кеңес біздің материалдық мұқтаждықтарымызға не жататынын түсінуімізге көмектеседі. Оған тамақ, киім және өзіміз тұрып жатқан жерге лайықты баспана жатады. Егер өмірімізге ең қажетті нәрселеріміз болса, үнемі жағдайымызды жақсарта түсуге ұмтылмауымыз керек. Бір нәрсе сатып алу немесе қосымша жұмысқа орналасу жайлы ойласақ, алдымен өзімізден ‘осы шын мәнінде қажет пе?’ деп сұрағанымыз абзал. Олай еткеніміз Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған келесі кеңесті назардан тыс қалдырмауымызға көмектеседі: “Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар!” (Ев. 13:5).
4 Егер Ехобаға сенім артар болсақ, ол бізге көмектеседі (Нақ. с. 3:5, 6). Күнделікті ең қажетті заттарды табу үшін ауыр еңбек етуіміз керек болғанымен, біз ол нәрселерге тым көп көңіл бөлмейміз. Меншігіміздегі нәрселеріміз аз ба, көп пе, Ехобаның өмірімізге қажетті нәрселермен қамтамасыз ететініне сенеміз (Філіп. 4:11—13). Нәтижесінде өзге де баталарымен бірге қанағат сезіміне бөленеміз.
5 Өзгелердің сеніміне еліктеңдер: Қызын шындық жолында тәрбиелеген жалғыз басты бір ана біртіндеп өмірін жеңілдетеді. Үйінің жақсы жабдықталған, ыңғайлы болғанына қарамастан, ол кішірек үйге, ал кейінірек пәтерге көшеді. Осылайша ол үй жұмысының уақытын қысқартып, қызметке көп уақыт бөлуге мүмкіндік жасайды. Қызы бойжетіп, тұрмысқа шыққаннан кейін, ол зейнетақысы аз болатынына қарамастан, мезгілінен бұрын зейнетке шығады. Бұл бауырласымыз қазір жетінші жыл жалпы ізашар ретінде қызмет етуде және Патшалықты өмірінде бірінші орынға қойып, материалдық жағынан құрбандықтарға барғанына еш өкінбейді.
6 Үш бала өсіріп отырған ақсақал мен әйелі көптеген жылдар бойы ізашар ретінде қызмет етіп келеді. Отбасы ретінде олар қалағандарына ұмтылмай, ең қажеттісінің барын қанағат етуді үйренді. Ол былай дейді: “Біздің әлдеқайда қарапайым өмір сүруімізге тура келді. Қиын уақыттарды да бастан кешуге тура келгенімен, Ехоба әрқашан ең қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп отырды... Отбасымның рухани нәрселерді бірінші орынға қойып жүргенін көргенде, бәрі ойдағыдай екенін сезінемін және көңілім жай табады”. Әйелі болса, былай дейді: “[Күйеуімнің] рухани нәрселермен шұғылданып жүргенін көргенде, терең қанағат сезіміне бөлінемін”. Ата-аналарының Ехобаға толық уақытты қызмет етуді шешкендеріне балалары да қуанышты.
7 Материалдық байлыққа ұмтылғанның орнына, осылай Құдайға шын берілгендік танытуды шешкендердің барлығына Киелі кітап қазір және болашақ өмірде көптеген игіліктер уәде етеді (1 Тім. 4:8).