Сен мол байлыққа ие бола аласың!
1. Неге жалпы ізашарлық қызмет жайында ойланып көргенің дұрыс?
1 Сен өміріңнің әлдеқайда қуанышты болғанын қалайсың ба? Адамдарға көмектесуден қанағат аласың ба? Ехобаға көбірек қызмет еткің келе ме? Егер осы сұрақтарға “иә” деп жауап берсең, сенің де жалпы ізашар болып қызмет ете алуың мүмкін. Әрине, бұл үшін отбасына қатысты міндеттерді және Киелі кітапта айтылған басқа да жауапкершіліктерді, сондай-ақ денсаулығымызды ескеруіміз керек.
2. Ізашарлардың қандай рухани байлыққа ие болатынын айтып беріңдер.
2 Сүлеймен Құдай рухының жетелеуімен Ехобаның батасын алған адамның байлыққа кенелетінін айтқан (Нақ. с. 10:22). Бүгінде Ехобаның батасын алған адамдар, бірінші кезекте, рухани байлыққа ие болады. Ал жалпы ізашарлар мұндай байлыққа молынан кенеледі. Мысалы, олар жеке істеріне жұмсайтын “уақыттарының құнын өтеп алып”, оны басқаларға қызмет етуге арнаудан көбірек қуаныш табады (Қол. 4:5, ЖД; Ел. іс. 20:35). Ехоба олардың сүйіспеншілікпен атқарған еңбектерін назарынан тыс қалдырмайды әрі жоғары бағалайды. Көкте жиналған мұндай байлық ешқашан құндылығын жоғалтпайды (Мат. 6:20; Евр. 6:10). Оның үстіне, көздерін “кіршіксіз таза” сақтайтындықтан әрі Ехобаның өзі қажетті нәрселермен қамтамасыз ететініне сенімді болғандықтан, ізашарлардың Құдаймен қарым-қатынастары нығая түседі (Мат. 6:22, 25, 32; Евр. 13:5, 6).
3. Рухани байлыққа ұмтылу мен дүние-мүлікке ұмтылудың қандай айырмашылығы бар?
3 Баюға ұмтылғандар жиі “көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі” (Тім. 1-х. 6:9, 10; Жақ. 5:1—3). Ал Ехобаның батасы жайында бұлай деуге болмайды. Көп уақыттарын қызметке арнағандары жалпы ізашарларларға байсалдылық сақтауға және бар назарларын ізгілікті нәрселерге аударуға көмектеседі (Філіп. 1:10). Инженер болған бір бауырлас ізашар болу үшін көп уақытын алатын бұл жұмысынан бас тартады. Ол былай деген: “Жұмысым мені стреске түсіретін. Ал ізашарлық қызметім ондай емес. Қазір мен адамдарға шындықты білуге көмектесемін. Бұл — әлдеқайда қанағаттандырарлық әрі қызықты іс”.
4. Жалпы ізашарлар басқаларға пайда әкелуден қандай қуаныш табады?
4 Басқалар үшін пайдалы. Біз ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1). Адамдар бұрын-соңды үмітке осыншалықты мұқтаж болған емес. Ізгі хабарды қабыл алған адамдардың үмітсіздіктен арылып, болашаққа сеніммен қарай бастағандарын көргенде, Патшалықтың жариялаушылары қатты қуанады. Олай болса, адамдарды құтқару ісіне жыл сайын 800-ден аса сағат жұмсап жүрген жалпы ізашарлардың қуанышы неткен зор! (Тім. 1-х. 4:16).
5, 6. Жалпы ізашар болу үшін не істеуіңе болады?
5 Сен жалпы ізашарлық қызмет жайлы шындап ойланып жүрсің бе? Бұл үшін аса маңызы жоқ істерге кететін “қолайлы уақыттың құнын өтеп алу” керек болар (Ефес. 5:15, 16, ЖД). Көп жариялаушы осылай еткен. Олар өмірлерін қарапайым етудің арқасында жұмыс уақытын қысқартып, Патшалық ісіне көбірек атсалысатын болды. Сен де істеріңді ізашарлық қызметке бейімдей аласың ба?
6 Жақсы кесте құру үшін Ехобадан даналық сұра (Жақ. 1:5). Ал Ехоба сені қалай жарылқауы мүмкін? Біріншіден, рухани байлыққа молынан кенелесің! Сондай-ақ Ехоба материалдық жағынан да қажетті нәрселермен қамтамасыз ететін болады (Мат. 6:33). Ехоба өзін осы жағынан сынап көрген адамдарға ‘жеткенінше игілік төгеді’ (Малх. 3:10).