Отбасын қалай рухани берік етуге болады?
1 Мәсіхшілерге “өз отбасын қадірлеп... сенімдерін іс жүзінде көрсету” бұйрылған (1 Тім. 5:4). Алайда айналамызда кері әсер етіп, сенімімізді әлсірететін нәрселер көп болғандықтан, отбасын рухани берік сақтау үшін көп күш жұмсау керек. Не істеуге болады?
2 Мәсіх сияқты басшылық ету: Отағалары отбасын нығайту жауапкершілігін атқарған кезде Иса Мәсіхке еліктеулері керек. Біз үшін жанын құрбан етіп, сүйіспеншілік танытқан Иса, мұнымен шектелмей, қауымға ‘нәр беріп, баптап күтуде’ (Ефес. 5:25—29). Сүюші ата-аналар отбасының күнделікті рухани мұқтаждықтарының қамын жеуде осындай қамқорлық көрсетеді. Мұндай қамқорлыққа апта сайын отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеу, мүмкін болған жағдайдың барлығында сенім нығайтатын рухани әңгіме жүргізу және пайда болған қиындықтарды бірден шешу жатады (Заң. қ. 6:6, 7).
3 Танаптағы қызметте: Отбасының барлық мүшелері Ехоба мен Оның ниеті жөнінде куәлік ету, ғибадат етудің маңызды бөлігі екенін түсінулері керек (Иш. 43:10—12). Ата-аналар, балаларыңның Ехобаның адал Куәгері болғанын қаласаңдар, олардың жүрегін қызметке дайындауды барынша ерте бастауларың керек! Не себепті аянбауымыз керек екенін және қызметке апта сайын қатысудың маңыздылығын түсіндіріңдер (Мат. 22:37—39). Сонан соң үнемі балаларыңмен қызметке шығуды жоспарлаңдар.
4 Апта сайынғы отбасымен бірге зерттеу сабағы кезінде тиімді ұсыныстар дайындап, оларды қайталау үшін уақыт бөліп, отбасы мүшелерінің уағыздау ісінің маңыздылығын тереңірек түсіне түсулеріне әрі қарай да көмектесе беріңдер. Балаларыңның әрқайсысына жеке көңіл бөліп, жасына, қабілетіне байланысты қызметте жетістіктерге жетулеріне көмектесіңдер. Қызметтен келген соң, Ехобаның ізгілігін қалай сезінгенін талқылаңдар. Сенімдерін нығайтатын оқиғаларды әңгімелеңдер. Отбасы мүшелері “Иеміздің қандай ізгі екенін” біле түскен сайын, Ехобаға жақындай түсіп, ‘барлық жамандық атаулыға’ қарсы тұруға деген ниеттері нығая түседі (1 Пет. 2:1—3).
5 Қауым кездесулерінде: Әсіресе біреуі шаршап, еңсесі түсіп немесе рухани әлсіреп жүрген кезде, отбасы мүшелерінің бір-біріне қауым кездесулерінің ешқайсысын да қалдырмауға көмектескендері қандай керемет! Бір жас қыз бауырласымыз былай дейді: “Әкем жұмыстан шаршап келеді. Алайда мен онымен кешке жиналыста талқыланатын жақсы ойлармен бөлісемін де, оны кездесуге баруға жігерлендіремін. Мен шаршап келсем, ол мені жігерлендіреді” (Ев. 10:24, 25).
6 Бірігіп әрекет ету: Отбасы мүшелері, үй шаруасымен шұғылдануда бір-біріне көмектесу сияқты, қандай да бір нәрселерді бірге атқарулары керек. Сондай-ақ жақсы ұйымдастырылған демалысқа да уақыт бөлу қажет. Табиғат аясында демалу, серуен құру, ойын ойнау және туыстарға немесе достарға қыдырып бару уақытты қуанышты өткізуге мүмкіндік береді және кейін ол уақытты жылы сезіммен еске алатын боламыз (Еккл. 3:4).
7 Берік мәсіхшілер отбасылары күнделікті рухани кедергілерді жеңіп жүр. Ехобаға жақындаған үстіне жақындай түсіп, олар Оның құдіретінен қуат алуда (Ефес. 6:10).