Мәсіхші отбасылары, “дайын болыңдар”!
“Дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді” (ЛҰҚА 12:40).
1, 2. Исаның “дайын болыңдар” деген шақыруына неге құлақ асуымыз керек?
“ҰЛЫЛЫҚҚА бөленген Адам Ұлы келіп, адамдарды екі топқа бөлгенде”, өзің де, отбасың да бұған дайын бола ма? (Мат. 25:31, 32). Ол ойламаған сағатта келетіндіктен, Исаның “дайын болыңдар” деген шақыруына құлақ асқанымыздың маңызы аса зор! (Лұқа 12:40).
2 Алдыңғы мақалада үй ішіндегілердің әрқайсысының өз міндетін орындағаны бүкіл отбасының рухани ояу жүруіне ықпал ететінін қарастырдық. Ал енді отбасының рухани берік болуына көмектесетін басқа да жайттарға көңіл бөлейік.
“Бір нәрсеге ғана көз тігіңдер”
3, 4. а) Мәсіхші отбасылары неден аулақ болуы керек? ә) “Көзімізді бір нәрсеге ғана тігу” нені білдіреді?
3 Мәсіх келгенде дайын болу үшін, отбасылары назарларының шындық жолынан тайып кетпеуін мұқият қадағалауы тиіс. Сондықтан олар назарларын басқа жаққа аударатын кез келген нәрседен аулақ болулары керек. Бүгінде дүниеқорлықтың торына түсіп қалған отбасылары аз емес, сол себепті Исаның “көзді бір нәрсеге ғана тігуге” қатысты не айтқанын қарастырғанымыз орынды (Матай 6:22, 23 оқы). Жолымызға шам жарығын түсіріп тұрса, сүрінбей жүреміз, сол сияқты “көкірек көзімізбен” көргеніміз біз үшін нұр болып, рухани мағынада сүрінбей жүруімізге көмектеседі (Ефес. 1:18).
4 Көз өз жұмысын дұрыс атқарып, анық көру үшін бағытталған нәрсеге тура қарау керек. Көкірек көзіне қатысты да солай деуге болады. Бейнелі көзімізді бір нәрсеге ғана тігу бір мақсатты көздеуді білдіреді. Біз отбасының тәндік қажеттілігін ғана ойлап, көзімізді дүние-мүлік жинауға емес, рухани нәрселерге тігеміз (Мат. 6:33). Бұл қолда барды қанағат тұтып, Құдайға деген қызметімізді бірінші орынға қоюды білдіреді (Евр. 13:5).
5. Бір жасөспірім қыз Құдайға қызмет етуге көз тіккенін қалай көрсетті?
5 Балалардың “көздерін бір нәрсеге ғана тігуді” үйреніп өскені қандай жақсы! Эфиопияда тұратын бір жасөспірім қыздың мысалын қарастырайық. Орта мектепте көрсеткіштері өте жақсы болғандықтан оған жоғары оқу орнында білімін жалғастыра алу үшін стипендия ұсынылады. Алайда ол Ехобаға қызмет етуге көз тіккен еді, сондықтан бұдан бас тартады. Көп ұзамай оған жалақысы 4200 АҚШ доллары болатын жұмыс ұсынылады. Ал бұл — сол елдің орташа еңбекақысынан әлдеқайда жоғары сома. Бірақ жас бауырласымыздың көздегені ізашарлық қызмет болатын. Оған бұл жұмыстан бас тарту үшін ата-анасымен ақылдасудың қажеті де болған жоқ. Қызының шешімін білгенде ата-анасы не істеді екен? Олардың қуанышында шек болмай, қыздарына оны мақтан тұтатындарын айтты!
6, 7. Қандай қауіптен аулақ болу үшін “байқауымыз” керек?
6 Исаның Матай 6:22, 23-те айтылған сөздерінің астарында ашкөздіктен аулақ болуға қатысты ескерту бар. Мұнда Иса “бір нәрсені” “көп нәрсенің” емес, “жаман нәрсенің” антонимі ретінде қолданған. “Жаман нәрсе”, яки жаман көз, “зұлым, қызғаншақ”, дәлірек айтқанда, ашкөз не тойымсыз (Мат. 6:23 сілт.). Ехоба ашкөздік пен тойымсыздыққа қалай қарайды? Киелі кітапта: “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істер мен ашкөздіктің тіпті аты да аталмасын”,— делінген (Ефес. 5:3).
7 Біреудің ашкөздігін көру оп-оңай, ал өзіміздікін байқау оңай бола бермейді. Сондықтан Исаның: “Байқаңдар, ашкөздік атаулыдан сақ болыңдар”,— деген кеңесіне құлақ асқанымыз абзал (Лұқа 12:15). Бұл көңіліміз нені қалайтынын тексеруді талап етеді. Мәсіхші отбасылары көңіл көтеруге, демалуға және базар аралауға қанша уақыт пен қаражат жұмсайтынына көңіл бөлулері керек.
8. Қандай да бір зат сатып аларда неге “байқауымыз” керек?
8 Бір зат сатып алу үшін оны қалтамыз көтеретін-көтермейтінін ғана ескеру жеткіліксіз. Келесі жайттарды да қарастырған жөн: “Бұл затты үнемі қолдануға, күтім жасап отыруға мүмкіндігім бола ма? Оны қолдануды үйренуге қанша уақыт кетеді?”. Жастар, осы дүниедегі жарнамалар сендерді белгілі бір брендтік киімді не затты міндетті түрде алуларың керек деп сендіреді. Бірақ жиі олар тек атақты фирма шығарғандықтан ғана өте қымбат болады, алайда әрқашан қажет зат бола бермейді. Сондықтан ұстамдылық танытыңдар. Қандай да бір затты алғандарың отбасыларыңның Адам Ұлының келуіне дайын болуына қалай әсер ететіні туралы да ойланыңдар. Ехобаның: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген уәдесіне сенім артыңдар (Евр. 13:5).
Рухани мақсаттарға ұмтылыңдар
9. Рухани мақсаттарға ұмтылғандары отбасына қалай ықпал етеді?
9 Бүкіл отбасының сенімін нығайтып, рухани берік болуына көмектесетін тағы бір жайт — рухани мақсаттар қойып, оларға ұмтылу. Бұл оларға Ехобаға деген қызметтерін қалай атқарып жүргендерін анықтауға әрі өмірлерінде ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізуге жәрдем береді (Філіпіліктерге 1:10 оқы).
10, 11. Сенің отбасың қандай рухани мақсаттарға ұмтылып жүр, ал болашаққа қандай мақсаттарың бар?
10 Тіпті ойға қонымды кішігірім мақсаттар қоюдың өзі отбасының әр мүшесіне пайдасын тигізеді. Мысалы, күнделікті тармақты талқылауды мақсат етуге болады. Үй ішіндегілердің берген түсініктемелері отағасына олардың рухани күйлері қандай екенін біліп отыруға көмектеседі. Киелі кітапты жүйелі түрде бірге оқуды мақсат еткендерің балаларыңа оқу қабілетін жақсартуға және Жазбаларды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді (Заб. 1:1, 2). Сондай-ақ дұғамыздың сапасын жақсартуды мақсат еткіміз келеді емес пе? Ұмтылуға болатын керемет мақсаттардың тағы бірі — киелі рухтың жемісін құрайтын қасиеттерді дамыта түсу (Ғал. 5:22, 23). Ал қызметте кездестірген адамдарға жанашырлық танытудың жолдарын ойластыру туралы не деуге болады? Отбасымен осылай етуге тырыссаңдар, балаларың жанашырлыққа үйренеді, әрі олар ізашар не миссионер болуға деген ықылас дамытулары әбден мүмкін.
11 Неге өзің және отбасың ұмтылуға болатын кейбір мақсаттарды қарастырып көрмеске? Қызметке көбірек атсалыса аласыңдар ма? Бәлкім, телефонмен, көшеде не іскерлік аумақта тартынбай уағыздау үшін не істеуге болатынын қарастырарсыңдар. Жариялаушылар жетіспейтін аймақта қызмет етуді немесе басқа ұлт адамдарына уағыздау үшін тіл үйренуді мақсат етуге де болады.
12. Үй іші рухани нығаюы үшін отағаларының не істеуіне болады?
12 Отағалары, үй ішінің рухани жағынан жақсару керек тұстарын анықтап, сосын, оны жүзеге асыруға көмектесетін нақты мақсаттар қойыңдар. Бүкіл отбасына арнап қойған мақсаттарың мүмкіндіктерің мен үй ішіндегілердің қабілеттеріне сай, ойға қонымды әрі қол жеткізе алатындай болғаны дұрыс (Нақ. с. 13:12). Пайдасын тигізетін мақсатқа қол жеткізу үшін, әрине, уақыт қажет. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, теледидар көруге кететін уақыттың біраз бөлігін рухани нәрселерге жұмсаңдар (Ефес. 5:15, 16). Отбасыларыңа арнап қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін талмай күш салыңдар (Ғал. 6:9). Рухани мақсаттарға ұмтылатын отбасының жетістіктері “жұрттың бәріне анық көрінетін” болады (Тім. 1-х. 4:15).
Отбасылық ғибадат кешін үзбей өткізіңдер
13. Қауымның апта сайынғы кездесулер кестесіне қандай өзгеріс енгізілді және осыған орай қандай сұрақтар жөнінде ой жүгіртуіміз керек?
13 2009 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап апта сайынғы кездесулер кестесіне енгізілген үлкен өзгеріс отбасыларының Адам Ұлының келуіне “дайын болуы” үшін зор көмек болып отыр. Енді бізге қауымның кітап зерттеу кездесуіне бару үшін аптаның арасында бір кешті арнаудың қажеті жоқ. Қазір бұл кездесу теократиялық қызмет мектебі және қызмет кездесуімен бірге өтеді. Бұл өзгеріс мәсіхші отбасылары апта сайын отбасылық ғибадат өткізуге бір кешті арнап, рухани нығаюлары үшін жасалды. Содан бері біраз уақыт өткендіктен өзімізден былай деп сұрасақ болады: “Босаған уақытты отбасылық ғибадат кешін не жеке зерттеу өткізуге арнап жүрмін бе? Оны мақсатына сай өткізіп жүрмін бе?”.
14. а) Отбасылық ғибадатты не жеке зерттеуді үзбей өткізудің басты мақсаты қандай? ә) Киелі кітапты зерттеуге бір кешті арнау неге өте маңызды?
14 Отбасылық ғибадат кешін не жеке зерттеуді үзбей өткізудің басты мақсаты — Құдайға жақындай түсу (Жақ. 4:8). Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеп, Жаратушымыз туралы көбірек білген сайын онымен қарым-қатынасымыз нығая түседі. Ал Ехобаға жақындаған сайын оны “шын жүректен, бүкіл жан-тәнімізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен сүюге” деген ықыласымыз артады (Мар. 12:30). Иә, біз Құдайға мойынсұнып, оған еліктеуді қалаймыз (Ефес. 5:1). “Зор алапатты” күте жүріп, бүкіл отбасымыздың “дайын болуына” көмектесетін басты нәрселердің бірі — отбасылық ғибадат кешін үзбей өткізу (Мат. 24:21). Расында да аман қалу үшін мұның маңызы аса зор.
15. Отбасылық ғибадат кеші үй ішіндегілердің бір-біріне деген сезімдеріне қалай әсер етеді?
15 Отбасылық ғибадаттың тағы бір мақсаты бар: ол үй ішіндегілерді бір-біріне жақындатады. Апта сайын рухани тақырыптарға сөйлесу үшін уақыт бөлгендері отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сезімдеріне қатты әсер етеді. Жазбалардан тапқан рухани інжу-маржан жайлы пікір алысқандары ерлі-зайыптыларды бір-біріне қалайша жақындатады десеңші! (Екклесиаст 4:12 оқыa). Ал ата-аналары мен балаларының бірге зерттеу жүргізгені олардың “адамдарды толықтай біріктіретін” сүйіспеншіліктерін нығайтса керек (Қол. 3:14).
16. Үш бауырластың Киелі кітапты зерттеуге бір кешті арнағанының нәтижесі қандай болғанын айтып беріңдер.
16 Үш әйел бауырластың Киелі кітапты зерттеуге арналған кешті қалай тиімді қолданатынын қарастырып көрейік. Бір-бірімен туыстық қатынасы жоқ егде тартқан осы үш жесір бауырлас бір қалада тұрады, әрі біраз жылдан бері жақсы дос. Көбірек араласуды әрі әңгімелерінің жалпы емес, рухани тақырыптарға болғанын қалаған олар Киелі кітапты зерттеуге бір кешті арнауды шешеді. Содан олар “Құдай патшалығы туралы түбегейлі куәлік етеміз” кітабын зерттеуді бастайды. Олардың бірі: “Бұл уақыт бізге қатты ұнайды, сондықтан зерттеуіміз әдетте бір сағаттан аса уақытқа созылып кетеді,— дейді.— Біз бірінші ғасырдағы бауырластардың басына түскен жағдайларды елестетуге тырысамыз және “Солардың орнында болсақ, не істер едік?” деп, ой жүгіртеміз. Сосын, зерттеу барысында білгендерімізді қызметте қолдануға тырысамыз. Осының арқасында уағыздау және шәкірт дайындау ісі біз үшін бұрынғыдан да қуанышты әрі жемісті бола түсті”. Киелі кітапты бірге зерттегендері осы үш досты рухани нығайтып қана қойған жоқ, достықтарын да берік ете түсті. “Біз бұл мүмкіндікті қатты бағалаймыз”,— дейді олар.
17. Отбасылық ғибадат кеші тиімді өтуі үшін не істеуге болады?
17 Сен жайлы не деуге болады? Отбасылық ғибадат не жеке зерттеудің қандай пайдасын көріп жүрсің? Жүйелі өткізілмейтін болса, бұл шараның нәтижесі өзіміз қалағандай болмайды. Отбасы мүшелері зерттеуге белгіленген уақытта жиналып, дайын отыруы керек. Аса маңызы жоқ жайттардың зерттеуге кедергі болуына жол бермеген дұрыс. Бұған қоса, зерттелетін мәлімет отбасының қажеттіліктеріне сай таңдалу керек. Ал ол қызықты өту үшін не істеуге болады? Тиімді әдістерді қолдан, зерттеу өзара сыйластық пен тыныштық орнаған жағдайда өтуі үшін қам жасаb (Жақ. 3:18).
“Ояу жүріңдер”, “дайын болыңдар”!
18, 19. Адам Ұлының жуырда келетіні саған және отбасыңа қалай әсер ету керек?
18 Бір мың тоғыз жүз он төртінші жылдан бері дүниежүзіндегі жағдай күннен-күнге нашарлап бара жатқаны айдан анық. Сол уақыттан бастап Шайтанның зұлым заманының соңғы күндері басталғаны даусыз. Армагеддонның көк дауылы төніп келе жатыр. Жуырда Адам Ұлы құдайсыздарға шығарылған үкімді жүзеге асыруға келеді (Заб. 36:10; Нақ. с. 2:21, 22). Бұл ескерту сені де, отбасыңды да әрекетке талпындыру керек емес пе?
19 Исаның “бір нәрсеге ғана көз тігуге” қатысты берген кеңесіне құлақ асып жүрсің бе? Осы дүниелік адамдардың бар ойы баю, атақ-даңқ пен билікке қол жеткізу, ал сенің отбасың рухани мақсаттарға ұмтылып жүр ме? Отбасылық ғибадат кеші не жеке зерттеу жүргізу үшін жасалған шараны қолданып жүрсің бе? Бұл шараның мақсаты назардан тыс қалып жүрген жоқ ба? Отағалары, әйелдер және балалар, алдыңғы мақалада қарастырғанымыздай, отбасыларың рухани “ояу жүру” үшін Жазбаларға сай өз міндеттеріңді атқарып жүрсіңдер ме? (Сал. 1-х. 5:6). Осының бәрін істеп жүрсеңдер, Адам Ұлының келуіне “дайын боласыңдар”.
[Сілтемелер]
a Екклесиаст 4:12: “Егер қайсыбір адам жалғыздан күш басымдылығын таныта бастаса, екі адам оған қалайда төтеп бере алады: ал үш қайтара өрілген жіп жуық маңда үзіле қоймайды”.
b Отбасылық ғибадатта не зерттеуге және оны қалай тиімді де жағымды етіп өткізуге қатысты ұсыныстарды келесі “Күзет мұнарасынан” табуға болады: 2009 жыл 15 қазан, 29—31 беттер.
Не білдіңдер?
• Мәсіхші отбасылары
“бір нәрсеге ғана көз тігу”,
рухани мақсаттар қойып, оларға ұмтылу,
отбасылық ғибадат кешін үзбей өткізу арқылы қалай “дайын бола” алады?
[13-беттегі сурет]
“Бір нәрсеге ғана көз тіккеніміз” осы дүниедегі нәрселерге алаңдамауға көмектеседі