Ехобамен және оның Ұлымен ынтымақта болу қуанышы
Жылдың ең маңызды оқиғасы наурыз айының 28 жұлдызында атап өтіледі
1 2002 жылдың наурыз айының 28 жұлдызында күн батқан соң Мәсіхтің өлімін еске алу кешін атап өту арқылы біз Ехобамен және Иса Мәсіхпен ынтымақта болғанымызға қуанышты екенімізді паш етеміз. Сол өте ерекше кеште майланған мәсіхшілердің тамтығы Патшалықты иемденетін өзгелермен, Әкемен және Оның Ұлымен ерекше “байланысын” сезінетін болады (1 Жох. 1:3; Ефес. 1:11, 12). Миллиондаған ‘басқа қойлар’ Ехобамен және Оның Ұлымен бірлікте болып, майланғандармен бірге жан-тәнімен Құдайдың ісін атқару құрметіне ие болғандары жөнінде ойланатын болады (Жох. 10:16).
2 Бірігіп әрекет ету: Ехоба мен Иса әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болған. Олар адам жаратылмас бұрын миллиардтаған жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болған еді (Миха 5:2). Соның арқасында олардың арасында сүйіспеншілік дамыған. Даналықтың бейнесі ретінде бұл тұңғыш Ұл адам болып жерге келмес бұрын былай деп айтқан еді: “Оның [Ехобаның] көз алдында әрдайым шаттанып жүрген күнделікті қуанышы едім” (Нақ. с. 8:30, СА). Сүйіспеншіліктің Бастауы — Ехобамен сансыз көп ғасырлар бойы тығыз қарым-қатынаста болғанының Құдай Ұлы үшін әсері зор болған! (1 Жох. 4:8).
3 Адамзат күнәсының өтелуіне мұқтаж екендігін есінде сақтаған Ехоба, біздің жалғыз үмітіміз — бостандық төлемін өтеуі үшін адамдарға ерекше сүйіспеншілікпен қарайтын Өзінің жалғыз Ұлын таңдады (Нақ. с. 8:31). Ехоба мен Оның Ұлы бір мақсатты көздейтіні сияқты, біз де оларға қосылып әрі бір-бірімізбен тығыз ынтымақта болып Құдайдың еркін қуана орындаудамыз.
4 Шынайы ризашылық білдіру: Еске алу Кешіне келіп, баяндаманы мұқият және құрметпен тыңдауымыз арқылы Ехобаның сүйіспеншілігі мен Оның Ұлының біз үшін құрбан болғаны үшін шын жүректен риза екенімізді көрсетеміз. Онда Иса қалдырған сүйіспеншіліктің үлгісіне, Оның бостандық төлемін өтеу үшін өлімге дейін адалдығын сақтағанына, Құдай орнатқан Патшалықтың Патшасы ретіндегі басшылығына және сол Патшалықтың адамзатқа алып келетін баталарына ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ ‘шындықты таратуға үлесімізді қосып’, Ехобаның еркін құлшыныспен атқару арқылы әрқашан сенімімізді іс жүзінде көрсету керек екенін де есімізге салады (3 Жох. 8; Жақ. 2:17).
5 Өзгелердің қатарымызға қосылуына көмектесу: Ақсақалдар кеңесі, қауым аумағындағы енжар Куәгерлердің барлығын да Мәсіхтің өлген күнін еске алу Кешіне келуге жігерлендіру үшін ерекше күш жұмсаулары керек (Мат. 18:12, 13). Ешкім ескерусіз қалмай, әрқайсысын жеке-жеке шақыру үшін тізім жасаңдар.
6 Еске алу Кешіне келуі мүмкін өзге де кісілерді білесіңдер ме? Олардың осы кештің маңыздылығын сезінулеріне көмектесу үшін ықылас танытыңдар. Шын көңілмен шақырып, келген кезде жылы қарсы алыңдар. Осы ең маңызды оқиғаға Киелі кітапты зерттеп жүрген кісілердің барлығын, өзге де қызығушылық білдіретін адамдарды және отбасы мүшелері мен таныстарымызды шақыру үшін бар күшімізді салғаймыз. ‘Иса Мәсіхті жақыннан танып білу басқа нәрселерден әлдеқайда жоғары’ екенін түсінгендердің азаттық төлемінің пайдасын көруге әлі де мүмкіндіктері бар (Філіп. 3:8). Мәсіхтің құрбандығына сенім білдірген әркім мәңгі өмірге деген берік үмітке ие бола алады (Жох. 3:16).
7 Еске алу Кешінің ақ ниетті адамдарға ерекше әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Екі жыл бұрын Папуа Жаңа Гвинея аралдарында тұратын он бір қызығушы кісі Кешке бару үшін кішкене қайықпен толқыны қатты теңіздің бетінде он жеті сағат бойы жүзген. Не себепті? Олар былай дейді: “Біз Ехобаның өзге де қызметшілерімен бірге Мәсіхтің өлімін еске алу Кешін мерекелегіміз келді; бұл осыншама жол жүруге тұрарлық болды”. Осы қызығушылық білдірген кісілердің құлшынысы мен олардың Ехобамен және Оның Ұлымен, сондай-ақ мәсіхшілер бауырластығымен ынтымақта болудың қуанышын жоғары бағалағандары жөнінде ойлаңдаршы!
8 Қызығушы кісілердің барлығына да Киелі кітапты зерттеуге ұсыныс жасаңдар. Қауым кездесулеріне әрдайым келуге және өздері білген шындықты өзгелермен бөлісуге жігерлендіріңдер. ‘Нұрда тұруға’ және Киелі кітаптың принциптерін қолданып “шындыққа сай” өмір сүрулеріне көмектесіңдер (1 Жох. 1:6, 7). Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыту және халқымен бірігіп, Оның еркін орындау құрметін жоғары бағалай білулеріне жәрдемдесіңдер.
9 “Ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай күресу” қандай құрмет десеңдерші! (Філіп. 1:27, 28). 28 наурыз күні еске алу Кешінде барлығымыз бірге жиналатын уақытты асыға күтелік және әрқашан да Ехоба мен Оның Ұлына ризашылық білдірелік! (Лұқ. 22:19).