Енжар бауырластарға көмектесу
1 Исаның астарлы әңгімелерінің бірі тоқсан тоғыз қойын қалдырып, жоғалған бір қойын іздеуге кеткен бақташы жайында болатын. Оның жоғалған қой табылған кезде не болатыны туралы сөздері естеріңде ме? “Сендерге шындығын айтайын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады!” (Мат. 18:13). Енжар бауырластары Құдайдың отарына қайта оралған кезде, көптеген қауымдағылар осындай қуанышты бастан кешеді.
2 Соңғы бірнеше жылда енжар бауырластарымызға көмектесуге ерекше көңіл бөлінді. Бақылаушыларға барлық отарға қарау жауапкершілігі жүктелген (Ел. іс. 20:28). Сол себепті олар сол бауырластарға бақташылық сапармен барып, ерекше көңіл бөлді. Нәтижесінде көптеген бұрын енжар болған бауырластар осындай сүйіспеншілікпен жасалған әрекеттің арқасында қайтадан Патшалықты белсенді түрде жариялай бастады. Сендердің қауымдарыңда соңғы жылдары енжарлық танытып жүргендер әлі де бар ма? Оларға көмектесу үшін не істеуге болады?
3 Оларға көмектесудің жолдары. Енжар бауырластардың қамы үшін жасалатын әрекеттерді ұйымдастыруда қызмет бақылаушысы мен қауым хатшысы басшылықты қолдарына алады. Ақсақалдар алдымен, бақташылық сапармен кіріп шығу үшін, олармен кездесетін уақытты белгілеуі керек. Кейбір жағдайларда енжар бауырласымыз өзімен Киелі кітапты зерттеу сабағының өткізілуі жөніндегі ұсынысты қуана қабыл алуы мүмкін. Олай болса, қызмет бақылаушысы қауымның қызмет комитетінің өзге мүшелерімен кеңесіп, зерттеу сабағын онымен кімнің өткізетінін анықтайды (“Біздің Патшалық қызметіміздің” 1998 жылдың қараша айындағы нөміріндегі “Сауалдар жәшігін” қара, ор.). Мүмкін алғаш онымен зерттеу сабағын өткізген немесе жақын таныс және ол үшін сыйлы адамның көмектескені дұрыс болар. Егер түгелдей бір отбасы енжарлық танытып жүрген болса, олармен зерттеу сабағын өткізуді ақсақалдан немесе қабілетті қызмет көмекшісінен өтінуге болады. Енжар әйел бауырласымызбен тәжірибелі әйел бауырласымыздың өткізгені дұрыс болады. Жас бауырласымыз жас қызмет көмекшісінің немесе қабілетті ізашардың көмегін қуана қабыл алатын болар. Қызмет бақылаушысы белгілі бір тақырыпты немесе толық бір кітапты талқылауды ұсынуы мүмкін. Көмегі болатын тақырыпты таңдау керек. Сондай-ақ, қызмет бақылаушысының жақсы көмектесе алатын жариялаушыны қолданғаны жөн.
4 Кейбір ақсақалдар алғаш барғанда “Күзет мұнарасының” 2000 жылғы 15 желтоқсандағы нөмірінен “Құдайға не үшін қызмет етіп жүрсіңдер?” (ор.) деп аталатын мақаланы немесе 1992 жылғы 1 тамыздағы нөмірінен “Маған қайтадан бет бұрыңдар, сонда Мен де сендерге бет бұрамын” (ор.) деп аталатын мақаланы қолданғанның пайдалы болатынын байқаған. Ехобаның мейірімді екеніне көңіл бөлуге және жігерлендіретін Ехобаға қайта оралғандардың мысалдарымен бөлісуге болады. Содан кейін жүйелі түрде Киелі кітап зерттеу сабағы өткізілуі үшін шара қолданылуы мүмкін.
5 Құрмет көрсетіліп, осындай зерттеу сабақтарын жүргізу міндеті жүктелген жариялаушылар мұндай адамдарға жеке ықылас білдіруі керек. Олармен достық қарым-қатынас дамытыңдар. Рухани жағынан аяққа тұру қажет екендігіне көңіл бұрыңдар. Ехоба сүйіспеншілігі мен қамқорлығын көрсетіп, Өзінің ұйымы арқылы жеке көмек көрсетілуін қамтамасыз етіп отырғанын түсінуіне көмектесіңдер.
6 Енжар бауырластарға көмектесу үшін кейбір жариялаушылардың ғана арнайы шақырылатындығы, өзгелерінің көмектесуіне болмайды дегенді білдірмейді. Олар Патшалық сарайына келгенде жариялаушылардың барлығы да онымен бірінші болып сәлемдесіп, сенімдерін нығайтатын әңгіме жүргізулеріне болады. Оның бізбен бірге екендігіне қуанышты екендіктеріңді және әрі қарай да жетістікке жете беретініне үміттенетіндеріңді көрсетіңдер. Олар рухани жетістіктерге жеткен кездерінде де, оларға деген ықыласымызды жоғалтпауымыз керек. Осылай біріге күш салудың арқасында ғана жақсы нәтижеге жетеміз (Ефес. 4:16).
7 Бұрын енжар болған бауырласымыздың қайтадан бізге қосылғанын көргенде қуанатынмыз күмәнсіз. Әсіресе жеке көмек көрсеткен адамдар үшін бұл үлкен қуаныш. Сол себепті енжарлық танытқан ‘сенімі бір бауырластарымызға жақсылық істеу’ үшін күш салып жатқан әрекетімізге, Ехобадан мол батасын беруін өтініп дұға етудеміз (Ғал. 6:10).