Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w19 ақпан 26—30 бет.
  • Мені құлпыртқан рухани қазынам

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мені құлпыртқан рухани қазынам
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • МАХАББАТЫ ШЕКСІЗ АТА-АНАМ
  • ҚЫЗМЕТІМНІҢ АЛҒАШҚЫ ПАРАҚТАРЫ
  • НИГЕРИЯДАҒЫ ҚАЙТАЛАНБАС ЖЫЛДАР
  • ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛУ
  • Ехобаға арқа сүйегендіктен өзімді қауіпсіз сезінемін
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Ехоба шешіміме мол батасын берді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
w19 ақпан 26—30 бет.
Вудворт Миллс

ӨМІРБАЯН

Мені құлпыртқан рухани қазынам

Айтып берген: Вудворт Миллс

ДАЛА көзге түрткісіз тас қараңғы. Алдымызда ені 1,5 километрдей асау Нигер өзені жатты. Бұл Нигерияда азаматтық соғыс жүріп жатқан кез еді. Өзеннің арғы бетіне өту өлім мен өмір мәселесі еді. Десе де бір емес, бірнеше рет басымызды қатерге тігіп, тәуекелге баруға тура келді. Бұл жағдайға қайдан тап болып жүрмін? Бұны сіздерге боямасыз түрде айтып берейін. Бірақ алдымен әңгімені үй ішімнен бастайын.

Әкем Джон Миллс 1913 жылы 25 жасында Нью-Йорк қаласында шомылдыру рәсімінен өтті. Шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған баяндаманы Расселл бауырлас айтқан екен. Көп ұзамай әкем Тринидадқа кетіп, сол жердің құлшынысты Киелі кітап зерттеушісі Констанс Фармер деген қызға үйленеді. Әкем Уильям Браунa деген досына қолғабыс етіп, екеуі “Жаратылыс фотодрамасын” талай рет көрсетті. Олар бұл істі 1923 жылға дейін, Браундар отбасы Батыс Африкаға тағайындалған уақытқа дейін атқарды. Ал әкем мен анам Тринидадта қала берді. Олардың екеуі де көктегі өмірге үмітті болатын.

МАХАББАТЫ ШЕКСІЗ АТА-АНАМ

Біз үйде тоғыз бала едік. Әкем үлкен ағамның атын Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының президентінің құрметіне Рутерфорд деп қойды. Ал 1922 жылы 30 желтоқсанда шыр етіп дүниеге келгенімде, мені Вудворт деп “Алтын ғасыр” (қазіргі “Ояныңдар!”) журналының редакторы Клейтон Вудворттың құрметіне атапты. Әке-шешеміз бәріміздің бастауыш білім алуымызға қам жасады. Бірақ рухани мақсаттар қоюға көбірек талпындырды. Анамның Жазбалардың көмегімен ой түзетін жақсы қасиеті бар еді. Ал әкем болса Киелі кітаптағы оқиғаларды айтып бергенді жақсы көретін. Ол қимыл-қозғалысымен бүкіл оқиғаларға жан бітіретін.

Ата-анамыз еңбектерінің таудай жемісін көрді. Үйдегі бес ұлдың үшеуі Ғалақат мектебінде оқыды. Ал қыздардың үшеуі Тринидад және Тобагода көп жылдар бойы ізашар болып қызмет етті. Әке-шешеміз тәлім-тәрбие беріп, жақсы үлгі көрсету арқылы бізді “Ехобаның үйіне отырғызды”. Олардың желеп-жебегендерінің арқасында отырғызылған жерімізден мызғымай, “Құдайымыздың аулаларында құлпыра” түстік (Зәб. 92:13).

Біздің үйіміз уағыз ісінің орталығына айналды. Онда ізашарлар бас қосып, Канададан Тринидадқа келген Джордж Янг деген миссионер жайлы жиі әңгімелесетін. Ата-анам өздерімен бірге қызмет еткен, ал кейін Батыс Африкаға тағайындалған Браундар отбасы жайында майын тамыза айтып беретін. Осы естігендерім мені бейжай қалдырмады. Сондықтан уағыз ісіне мен он жасымнан қатыса бастадым.

ҚЫЗМЕТІМНІҢ АЛҒАШҚЫ ПАРАҚТАРЫ

Сол кездердегі журналдарымыз жалған дінді, ашкөздікке тұнған сауда-саттық пен саясаттың ластығын аямай әшкерелейтін. Бұған шіркеу басшылары жай қарап отырсын ба? 1936 жылы олар Тринидад үкіметін Күзет мұнарасының барлық әдебиетіне тыйым салуға көндірді. Біз әдебиеттерді жасырып қойып, қордағы басылымдар сарқылмайынша қолданып жүрдік. Мәлімет қағаздары мен плакаттарды алып, ақпараттық шерулер мен велосипед шерулеріне шықтық. Дыбыс көлігімен Тунапуна қаласынан келген топпен елдің шалғай жерлеріне дейін сапарлайтынбыз. Бұл бір тамаша кездер еді! Осының бәрі 16 жасымда шомылдыру рәсімінен өтуіме себепші болды.

Тунапунадан келген дыбыс көлігі мен топ

Тунапунадан келген дыбыс көлігі мен топ

Отбасымнан қалған рухани мұрам мен бала кезімдегі осы оқиғалар бойымда миссионер болуға деген қалау оятты. 1944 жылы Аруба аралындағы Эдмунд Каммингс бауырластың қасына келгенімде, бұл қалауым әлі лаулап тұрған еді. 1945 жылы Еске алу кешіне он адам жиналғанда, төбеміз көкке жеткендей қуандық! Ал одан кейінгі жылы Аруба аралында алғашқы қауым бой көтерді.

Вудворт пен Орис Миллстің жас кезі

Ориспен бірге құлпыра түстім

Сол уақыттан кейін көп ұзамай жұмысымдағы Орис Уильямс деген әріптес қызбен әңгімелесіп қалдым. Ол қанына сіңіп кеткен ілімдерін қорғаштап, қарсы айғақтар келтірді. Алайда Киелі кітапты зерттей келе Құдай Сөзінің шын мәнінде не нәрсеге үйрететінін түсініп, 1947 жылдың 5 қаңтарында шомылдыру рәсімінен өтті. Уақыт өте көңіліміз жарасып, отау құрдық. 1950 жылдың қараша айынан бастап Орис ізашар болып қызмет етті. Ориспен бірге өмірім жаңаша құлпырды.

НИГЕРИЯДАҒЫ ҚАЙТАЛАНБАС ЖЫЛДАР

1955 жылы біз Ғалақат мектебіне шақырылдық. Жүрекжарды бұл хабарды естіген бойда Орис екеуміз жұмыстан шықтық, үйіміз бен басқа да мүлкімізді сатып, Аруба аралымен қош айтыстық. 1956 жылдың 29 шілдесінде біз, Ғалақат мектебінің 27-нші сынып түлектері, тағайындалуымыз бойынша Нигерияға жол тарттық.

Вудворт пен Орис Миллс Лагостағы Бетел отбасымен бірге (Нигерия, 1957 жыл)

Лагостағы Бетел отбасымен бірге (Нигерия, 1957)

Жұбайым Ористің өткенді еске алып былай дегені бар еді: “Ехобаның киелі рухы миссионерлік қызметте құлаған сәттерге де, қайта тұрған сәттерге де бейімделе білуге көмектеседі. Мен күйеуім сияқты емеспін, ешқашан миссионер болуды қалаған жоқпын. Жылы үйде балалы-шағалы болып отыруды армандайтынмын. Бірақ уағыз ісінің қауырттылығын түсінгенде, ойым өзгерді. Ғалақатты тамамдағанда, миссионер болып қызмет етуге сақадай сай едім. Біз “Квин Мэри” кемесіне мінгелі тұрғанда, Норр бауырласпен бірге қызмет ететін Уорс Торнтон бауырлас келді. Ол бізге: “Ақ жол!”— деді де, Бетелде қызмет ететінімізді айтты. Мұны естіп көңілім түсіп кетті. Бірақ ойым тез-ақ өзгеріп, Бетелді жақсы көріп кеттім. Мен неше түрлі қызметті атқардым. Ішіндегі ең сүйіктісі — қабылдау бөлмесіндегі қызметім. Осы қызметтің арқасында Нигериядағы бауырластармен жүзбе-жүз араласуға мүмкіндік туды. Ал маған адамдармен араласу қатты ұнайды. Шаң-шаң болып, шаршап, шөлдеп не ашығып келген бауырластарға тамақ беріп, көңіл бөлгенді жақсы көретінмін. Осының бәрі Ехобаға арналған қасиетті қызмет болғандықтан, бұл маған зор қанағат пен бақыт сыйлайтын”. Расында да, қызметтің барлық түрі бізді құлпырта түсті.

1961 жылы Тринидадта отбасымызбен қауышқанда, Браун бауырлас Африкада басынан өткерген қызықты оқиғаларын айта отырды. Оның сөзін жалғап, мен Нигерияда болып жатқан өсімді сөз еттім. Сонда Браун бауырлас мені мейірлене бауырына қысып, әкеме былай деді: “Джони, сен істей алмағанды, Вудворт істеді. Ол Африкаға барды!”— деді. Әкем болса: “Іске сәт, балам! Тек алға!”— деп тілегін айтты. Рухани ардагерлердің мұндай жігерлі тілегінен кейін, қызметімді түбегейлі атқаруға деген қалауым тереңдей түсті.

Вудворт Миллс, Антониа мен Уильям Браун және Орис Миллс

Уильям Браун бауырлас пен әйелі Антониа біз үшін жігердің көзі болды

1962 жылы тағы бір мәрте он айлық Ғалақат мектебінің 37-нші сыныбына шақырылдым. Нигериядағы филиалдың бақылаушысы болған Уилфред Гуч бауырлас болса 38-інші сыныпта оқып, Англияға тағайындалды. Нигерия филиалын бақылау менің мойныма жүктелді. Браун бауырластың ізін басып, мен де елді көп араладым. Нигериядағы бауырластармен жақыннан танысып, оларды жанымдай жақсы көріп кеттім. Олар дамыған елдердегідей өмір сүрмесе де, барға қанағат еткендері, қуанышты көздері өмірдің мәні ақша мен мүлікке тәуелді емес екенін аңғартып тұратын. Тұрмыстарын ескерсек, олардың жиналыстарға тап-тұйнақтай, Құдай қызметшілеріне лайықты болып келгендерін көріп, елжіреп кететінсің. Конгресс кездерінде көбісі жүк көліктерімен, болекажаларменb (жан-жағы ашық жергілікті автобус) ағылып келіп жататын. Бұл автобустардың көбісінде адамды қызықтырып жіберетін ұрандар жазылатын. Солардың бірі — “тамшыдан теңіз құралады”.

Бұл дөп басылып айтылған сөздер еді! Әркімнің кішігірім еңбегі зая кетпейді, біз де өз үлесімізді қостық. 1974 жылы АҚШ-ты есептемегенде, Нигерия жариялаушылар саны 100 000-ға жеткен алғашқы ел болды. Құлпыру деп осыны айт!

Өсім белең алып жатқан сол шақта, 1967 жылы Нигерияда азаматтық соғыс бұрқ етіп, 1970 жылға дейін ұласты. Нигер өзенінің арғы жағындағы Биафра аймағы бірнеше ай бойы филиалмен байланыса алмады. Оларға қалайда рухани ас-су жеткізуіміз керек еді. Алғы сөзімде айтып кеткенімдей, Ехобаға сенім артып, дұға айтқанның арқасында өзенді бір емес, бірнеше рет кесіп өттік.

Бірақ сол кездегі қорқынышты жағдайлар әлі де көз алдымда тұрғандай: шаш ал десе бас алатын сарбаздар, ауру-індет пен басқа да сұмдықтар. Өзеннің бергі жағындағы үкіметтің күдікшіл жасағынан өтуді қоя бергенде, өте қауіпті арғы жаққа баруды айтсаңшы. Бір түні Асаба қаласынан каноэге отырып, бұлқынып жатқан Нигерді кесіп өттім де, Онича қаласына келдім. Әрі қарай Энугуға барып, сондағы бақылаушыларға дем бердім. Тағы бір сапарымда Аба қаласындағы ақсақалдарға бардым. Ол жерде жаудың көзіне түспес үшін жарық қосуға тыйым салынған еді. Ал Порт-Харкорт қаласында кездесуімізді дұғамен тез аяқтауға тура келді. Себебі үкімет жасағы қала сыртындағы Биафра қорғанысын бұзып кіріп жатқан болатын.

Сол кездесулердің бауырластарымыз үшін маңызы зор еді. Олар Ехобаның қамқорлығын сезініп, бейтараптық пен бірлік жайында қажетті кеңестер алды. Қорқынышты текетірестен нигериялық бауырластар табандылықпен өтті. Олардың сүйіспеншілігі руаралық жеккөрініштен үстем түсіп, мәсіхшілік бірліктері бұзылмай, қаз қалпында сақталды. Сол бір қиямет уақытта олардың жағында болу мен үшін мәртебе еді!

1969 жылы Нью-Йорктің Янки стадионында “Жер бетіндегі тыныштық” атты халықаралық конгресс өтті. Конгрестің төрағасы — Милтон Хеншель бауырлас, ал көмекшісі мен едім. Бұл мен үшін өте уақтылы тәжірибе болды. Өйткені 1970 жылы Нигерияның Лагос қаласында “Құдайдың ықыласына ие болғандар” атты халықаралық конгресс өтті. Азаматтық соғыстың ізі суымай жатып өткендіктен, жиынның аман-есен өтуіне Ехобаның өзі жар болғаны анық еді. Бұл шара рекорд жасап, 17 тілде өтті және 121 128 адамның басын қосты. Нейтан Норр мен Милтон Хеншель бауырлас, басқа да қонақтар Құрама Штаттар мен Англиядан ұшып келді. Олар Елуінші күн мейрамынан бергі ең үлкен шомылдыру рәсіміне куә болды. Бір күнде қатарымызға 3775 шәкірт қосылды! Сол конгресті ұйымдастыру өмірімдегі ең қарбалас кезең болды. Жариялаушылардың саны ай санап емес, күн санап артып жатты.

“Құдайдың ықыласына ие болғандар” атты Лагостағы халықаралық конгресс (Нигерия, 1970 жыл)

“Құдайдың ықыласына ие болғандар” атты конгреске 121 128 адам қатысты. Ол 17 тілде өтті, оның ішінде ибо тілі де бар

Нигерияда 30 жылдан астам уақыт қызмет еттім. Ара-тұра Батыс Африкада аралаушы бақылаушы болғаныма, филиалдарға сапармен барғаныма қуаныштымын. Сапар кезінде миссионерлерге жеке көңіл бөлетінмін. Олар ризашылықтарын жасыра алмай, мәз болып қалатын. Оларды ұмытпағанымды айтып, көңілдерін орнықтыру маған ұнайтын. Мұндай қызметтен түйгенім — бауырластарға жеке көңіл бөлсек, олар жайқала түседі, әрі ұйым нығайып, бірліктің мұрты бұзылмайды.

Азаматтық соғыстың, аурулардың кесірінен болған қиындықтарға төтеп бергенімізді бір Құдайдың көмегі деп білеміз. Ехобаның қолдауын көрмеу үшін соқыр болу керек шығар. Орис былай деген еді:

“Біз бірнеше рет маляриямен ауырдық. Бірде Вудворт ес-түссіз күйі Лагостағы емханаға түсті. Дәрігерлер оның аман қалуы екіталай екенін айтты. Құдайға шүкір, ол тірі қалды. Есін жиғанда, оған күтім жасап жүрген Нвамбиве есімді мейіргерге Құдай Патшалығы туралы айтыпты. Вудворт емханадан шыққан соң, екеуміз Киелі кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін әлгі мейіргерге бардық. Уақыт өте ол шомылдыру рәсімінен өтіп, кейін Абадағы қауымда ақсақал болды. Менің де қызметім жеміссіз болмады. Мұсылмандықты қатты ұстанғандардың арасынан да Ехобаға өмірін бағыштағандар табылды. Біз Нигерия халқын, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен тілін біліп, оларды қатты жақсы көріп кеттік”.

Шетелдегі қызметімізде “құлпыру” үшін, мәдениеті біздікінен қатты ерекшеленетін бауырластарымызды жақсы көруіміз керек еді. Біз түйген тағы бір сабақ — осы.

ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛУ

Нигериядағы Бетелде қызметіміз аяқталған соң, 1987 жылы біз Кариб аймағындағы Сент-Люсия деген әсем аралға миссионер болып тағайындалдық. Сол қызмет бізге ұнағанымен, қиындықсыз болмады. Африкада ер адамдар көп әйелге үйленсе, ол жерде үйленбей-ақ бірге тұра береді екен. Әйтсе де Құдай Сөзінің құдіреті көптеген зерттеушілерге өмірлерінде қажетті өзгерістер жасауға қозғау салды.

Вудворт пен Орис Миллс кейінгі жылдарда

Мен әйелім Ористі 68 жыл бойы сүйіп өттім

Әл-дәрменіміз кеткендіктен, Басқарушы кеңес бізді 2005 жылы Бруклинде орналасқан дүниежүзілік бас басқармаға шақырды. Осы күнге дейін жұбайым Орис үшін Ехобаға рақмет айтып келемін. 2015 жылы ол өлім атты жаудан жеңілді. Сүйіктіңді жоғалту өмірдегі ең ащы қасірет екен. Орис менің ең жақын досым, өзі сүйікті, мінезі сүйкімді жарым еді. 68 жыл бойы бірге таң атырып, кеш батырдық. Мен оны өмір бойы сүйіп өттім. Біз отбасында болсын, я қауымда болсын, бақыттың формуласын таптық. Бұл — басшылық принципін құрметтеу, кеңпейілмен кешіру, кішірейе салу және рух жемісінің қасиеттерін таныту.

Көңілімізді кір шалып, жігеріміз жасығанда, қызмет етуге күш беретін Ехобаға сенім артатынбыз. Бейімделуді доғармағандықтан, ұйымның өркендей түскенін өз көзімізбен көрдік. Ал алда бұдан да керемет жақсылықтар күтіп тұр (Ишая 60:17; Қор. 2-х. 13:11).

Ехоба Тринидад және Тобагодағы ата-анамның, бауырластардың еңбегін жарылқағаны сонша — соңғы мәліметтерге сай, 9892 адам шынайы ғибадатқа қосылды. Арубада ашылған алғашқы қауымды нығайтуға көбісі өз үлесін қосты, оның ішінде мен де бармын. Бұл аралда қарқындап өсіп жатқан 14 қауым бар. Нигерияны айтар болсақ, онда жариялаушылардың саны 381 398-ге жетіп, қалың жамағатқа айналды. Ал Сент-Люсия аралында Ехобаның Патшалығын қолдап жүргендердің саны — 783 адам.

Биыл тоқсан жасты артқа тастадым. Зәбүр 92:14-те әділ адам жайында: “Жасы ұлғайса да, жеміс әкеледі, Қайраты мол, балғын күйде қала береді”,— делінген. Ехобаға қызмет еткен жылдарыма өкпем жоқ. Қайта, жүрегім ризашылыққа толы. Маған берілген рухани бай мұрам Ехобаға толығымен қызмет етуіме қозғау болды. Ехоба менен айнымас сүйіспеншілігін аямай, өз “аулаларында құлпыртты” (Зәб. 92:13).

a “Олар оны “Киелі кітапшы” Браун деп атады” деген мақаланы қараңыз (2014 жылғы “Жылнама”, 100, 101-бет).

b 1972 жылдың 8 наурызындағы “Ояныңдар!” (ағ.) журналының 24—26 беттерін қараңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу