НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ПЕРІШТЕЛЕР. ОЛАР ТУРАЛЫ БІЛУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Жын-перілер шынымен бар ма?
Иә, жын-перілер шынымен бар. Олар қайдан пайда болған? Алдында айтып өткеніміздей, періштелер таңдау жасау бостандығымен жаратылған. Алғашқы жұп Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан кейін, көп ұзамай көктегі бір кемелді рухани жаратылыс осы таңдау құқын бұрыс қолданып, жер бетінде бүлік отын тұтатты. Ол Адам мен Хауаны Құдайға қарсы бас көтеруге итермеледі (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—7; Аян 12:9). Бұл періштенің о бастағы есімі мен көктегі қызметі қандай болғаны туралы Киелі кітап нақты ештеңе айтпайды. Бірақ бүліктен кейін ол Шайтан Ібіліс, яғни “қарсылас, жалақор” дегенді білдіретін есіммен аталып кеткен (Матай 4:8—11).
Өкінішке қарай, Құдайға қарсы бүлік осы жерден тоқтамады. Нұх пайғамбардың күндерінде саны белгісіз періштелер Құдайдың көктегі отбасын, “тиесілі тұрақтарын тастап кетті”. Олар жерге адами денемен түсіп, нәпсіқұмарлыққа салынды. Жолдан тайған бұл періштелер не мақсатпен жаратылғандарын ұмытты (Яһуда 6; Мұсаның 1-жазбасы 6:1—4; Петірдің 1-хаты 3:19, 20).
Кейін Құдай жерді тазарту үшін топан су қаптатқанда, олар қайтадан рухани тұлғаларға айналып, рухани әлемге оралды. Бірақ Құдай бұл азғын періштелерге “бастапқы орындарына” қайтуға жол бермеді. Қайта, оларды тартарға, яғни рухани “қара түнекке” қамап, масқара күйге түсірді (Яһуда 6; Петірдің 2-хаты 2:4). Сөйтіп, бұл жын-перілер “өзін жарық періштесі етіп көрсететін” әрі “жындардың әміршісі” Шайтан Ібілістің қол астына енді (Матай 12:24; Қорынттықтарға 2-хат 11:14).
Киелі кітап 1914 жылы Құдайдың көктегі үкіметі, яғни Құдай Патшалығы орнады деп үйретедіa. Аспан әлемінде болған осы айтулы оқиғадан кейін, Шайтан мен оның жын-перілері жерге қуылып, олардың әрекеттеріне шектеу қойылды. Бүгінде қатыгездік пен азғындықтың жер-әлемді қара түнектей басқанына қарап, жындардың өшігіп алғанын және олардың ықпалы зор екенін көреміз (Аян 12:9—12).
Бір жағынан, әлемде жауыздық пен азғындықтың кең етек алуы жындардың сорақы билігі өз мәресіне жақындағанын аян етеді. Көп ұзамай, оларға бұғау салынады. Сол кезде Құдай Патшалығы жұмақ орнаған жер бетіне 1000 жыл бойы билік етеді. Сосын зұлым періштелер қысқа бір мезетке босатылып, адамзат қоғамын соңғы рет сынайды. Содан кейін олар мәңгілікке жойылады (Матай 25:41; Аян 20:1—3, 7—10).
a Құдай Патшалығы туралы көбірек мәлімет алу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 8-тарауын қараңыз. Бұл кітапты www.jw.org сайтынан табуға болады.