Америка елдері мен Африканың арасындағы құлдар саудасы көп табыстың көзі болған
Құлдықтан құтылу: кеше мен бүгін
Блэссинa есімді қыз Еуропаға шаштараз болып жұмыс істеуге шақырылған еді. Бірақ келгеннен кейін ол он күн бойы тоқтамастан соққы жеді. Оған шалғайдағы отбасын ойран етеміз деп қоқан-лоқы көрсетілген соң, ол жезөкшелікке келісуге мәжбүр болды.
Ежелгі Мысырдағы құлдардың суреті
Жезөкшелер үйіндегі “жеңгетай” әйел Блэссин үшін жұмсаған 40 мыңнан астам еуроныb қайтаруды талап етті. Соны қайтару үшін Блэссин бір түнде 200-300 еуро табу керек болды. “Менің қашып кеткім келетін, бірақ олар отбасыма қастандық жасайды деп қорқатынмын. Мен не істерімді білмедім”,— дейді ол. Бұл оқиға — халықаралық секс индустриясында құл болып жүрген 4 миллионға жуық адамның бір ғана мысалы.
Осыдан 4 мыңдай жыл бұрын Жүсіп есімді бозбаланы өз бауырлары құлдыққа сатып жібереді. Содан ол бір беделді мысырлық кісінің үйіне түсіп, ол жерде қара жұмысқа салынады. Бірақ Блэссиннің жағдайындағыдай Жүсіпті қожайыны бірден таяқ астына алмады. Алайда ол қожайынның әйелімен көңілдес болудан бас тартқанда, ашуланған әйел оған зорламақшы болды деген жалған айып тағады. Содан ол түрмеге қамалып, мойнына темір құрсау салынды (Мұсаның 1-жазбасы 39:1—20; Зәбүр 105:17, 18).
Жүсіп — өткен күннің құлы болса, Блэссин — XXI ғасырдың күңі. Алайда екеуі де — ежелден келе жатқан адам саудасының аяусыз құрбаны. Аталмыш саудада адамдар — небәрі ештеңеге тұрмайтын зат, тек пайданың көзі ғана.
СОҒЫС — ҚҰЛДАРДЫҢ ОШАҒЫ
Тарихқа үңілер болсақ, құл иеленудің ең оңай жолы соғыс болған. Мысалы, Мысыр патшасы Тутмос ІІІ Қанахан еліне жасаған бір жорығында 90 000 адамды құлдыққа алып кеткені жайлы мәлімет бар. Мысырлықтар оларды кен қазу, ғибадатхана соғу мен канал қазу сияқты жұмыстарға жеккен екен.
Рим империясының тұсында да соғыстың нәтижесінде құлдар саны көбейе түскен. Тіпті құл иелену мақсатымен басталған соғыстар да болған. І ғасырға таман құлдар Рим қаласындағы тұрғындардың жартысын дерлік құраған деседі. Мысыр мен Рим империяларындағы құлдардың көбі аяусыз ауыр еңбекке тартылған. Мысалы, Римдегі шахталарда жұмыс істеген құлдарды алатын болсақ, олардың өмір ұзақтығы небәрі 30 жас болған екен.
Уақыт өтіп жатты, ал құлдардың жағдайы еш оңалмады. XVI—XIX ғасыр аралығында Америка елдері мен Африканың арасындағы құл саудасы жер бетіндегі ең көп пайда әкелетін бизнеске айналды. Сол заманда, ЮНЕСКО-ның мәлімдеуінше, 25-30 миллиондай ер кісі, әйел мен балалар ұрланып, құл саудасының құрбаны болған. Атлант мұхитымен құлдарды алып өту сапары кезінде жүз мыңдаған адам қаза болды. Осы қайғылы сапардан аман қалған Олауда Эквиано есімді құл былай дейді: “Әйелдердің шыңғырып, өлімшілердің ыңқылдап-зарлаған дауыстары құлағымда әлі жаңғырып тұр. Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтындай сұмдық жағдай болды”.
Бір өкініштісі — құлдық мәселесі өткен күннің табы ғана емес, бүгінгі күннің де ащы шындығы. 21 миллионға жуық ер мен әйел, бала-шаға құлдың кейпін кешуде. Олар жан сауғалап құтылудың ретін таппай, азғана ақшаға, одан қалса тегіннен-тегін еңбек етуде деген ақпар бар (Халықаралық Еңбек Ұйымы). Бүгіндегі құлдар шахтада, тігін фабрикаларында, кірпіш зауыттарында, жезөкшелер үйлерінде және жекеменшік үйлерде жұмыс істеуде. Заңмен қудаланатынына қарамастан, құлдыққа жегудің осы түрі барған сайын кең етек алуда.
Бүгінде де миллиондаған адам ауыр еңбекке жегілген
АЗАТТЫҚ ҮШІН КҮРЕС
Көрсетілген жәбірге шыдай алмаған көптеген құлдар азаттық үшін талай күресті. Б.з.б. І ғасырда Спартак есімді гладиатор бастаған жүз мыңдай құл Римде көтеріліске шықты. Алайда бұл әрекеттерінен ештеңе шықпады. Ал XVIII ғасырда Эспаньоладағы Кариб аралдарының құлдары қожайындарына қарсы бас көтерді. Қант плантацияларында адам баласы шыдамас азап көрген құлдардың бұл көтерілісі 13 жылдық азаматтық соғысқа ұласты. Мұның нәтижесінде 1804 жылы Гаити деген тәуелсіз ел пайда болды.
Адамзат тарихының өне бойында құлдықтың құрсауынан босаған халықтардың ең озық мысалы ежелгі Исраил елі десек, артық айтқандық болмас. 3 миллиондай адам — бүтін бір ұлт — Мысырдың езгісінен құтылып, бостандықтың ауасын жұтты. Олар бұған әбден лайық еді! Киелі кітапта исраилдіктердің Мысырда “түрлі қара жұмыс істеп”, адам төзгісіз өмір кешкені сипатталады (Мұсаның 2-жазбасы 1:11—14). Перғауындардың бірі саны артып кетпесін деп, Исраил балаларын жаппай қырғызған жағдай да болған (Мұсаның 2-жазбасы 1:8—22).
Исраил елімен болған осы жағдайды дара ететін бір жайт — Жаратқан Иенің өзі араша түскені. Ол Мұса пайғамбарға: “Мен... олардың қандай азап шегіп жатқанын жақсы білемін. Сондықтан оларды... құтқару үшін төмен түсемін”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 3:7, 8). Осы айтулы күнді ұмытпас үшін, жердің түкпір-түкпіріндегі еврей халқы әлі күнге дейін Құтқарылу мейрамын атап өтеді (Мұсаның 2-жазбасы 12:14).
ҚҰЛДЫҚТЫҢ ТАМЫРЫНА БАЛТА ШАБУ
Киелі кітапта “Құдайымыз Ехобаның әділетсіздікке төзбейтіні” және оның ешқашан өзгермейтіні айтылған (Шежірелер 2-жазба 19:7; Малахи 3:6). Құдай кезінде Исаны “тұтқындарға бостандық алатынын жария етуге... сондай-ақ қысым көргендерді азат етуге” жіберген болатын (Лұқа 4:18). Сонда Иса барлық құлдарды қожайындарынан босатуы керек пе еді? Олай емес. Иса күллі адамзатты күнә мен өлімнің құлдығынан азат етуге келді. Ол: “Шындық сендерді азат етеді”,— деген (Жохан 8:32). Исаның сол заманда үйреткен шындық сөздері бүгінгі күні де талай адамды құлдықтың сан түрінен азат етуде (“Құлдықтың сан түрінен босау” деген қоршауды қараңыз).
Құдай Мысырға құлдыққа сатылған Жүсіпті де, Еуропадан бір-ақ шыққан Блэссинді де қанатының астына алып, озбырлықтан құтқарды. Сіз Жүсіппен болған таңғажайып оқиғаны Мұсаның 1-жазбасының 39—41 тарауларынан оқи аласыз. Блэссиннің бостандыққа қалай жеткені де көңіл қоярлықтай.
Еуропаның бір елінен қуып шығарылған соң, Блэссин Испанияға кетіп қалады. Онда ол Ехоба куәгерлерімен танысып, Киелі кітапты зерттей бастайды. Өмірін өзгерткісі келген ол тұрақты жұмыс табады, бұрынғы жезөкшелер үйіндегі “жеңгетайды” ай сайын жіберіп тұратын қарызын азайтуға көндіреді. Бір күні әлгі әйелдің өзі Блэссинге қоңырау шалады. Ол Блэссиннің қарызын кешетінін айтып, кешірім сұрайды. Не себепті? Ол да Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты оқи бастаған екен. “Шындық адамды расында да ғажайып жолмен азат етеді!”— дейді Блэссин.
Ехоба Құдай исраилдіктердің Мысырда аяусыз қаналғандарын көргенде, қатты қайғырған. Демек, ол бүгіндегі әділетсіздікті көргенде де, өзін дәл солай сезінеді. Рас, құлдықтың барлық түрінен арылу үшін адамзат қоғамында ғаламат өзгерістер жасау қажет. Құдай осы өзгерістерді жасауды уәде етіп отыр. “Ал біз оның уәдесіне сай, әділдік орнайтын жаңа аспан мен жаңа жерді күтудеміз”,— делінген Киелі кітапта (Петірдің 2-хаты 3:13).