Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • wp16 № 2 8—10 бет.
  • Киелі жерлерде ғибадат еткен дұрыс па?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Киелі жерлерде ғибадат еткен дұрыс па?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2016
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “КИЕЛІ РУХҚА ЖӘНЕ ШЫНДЫҚҚА САЙ ҒИБАДАТ ЕТУ”
  • КИЕЛІ КІТАПТІҢ ПІКІРІ
  • Құдай қандай ғибадатты қабылдайды?
    Мәңгілік өмірге алып баратын білім
  • Иса самариялық әйелге тәлім берді
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • Таза ғибадат мол бақыт әкеледі
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Құдайға ұнайтын ғибадат
    Киелі жазбалардан не білеміз?
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2016
wp16 № 2 8—10 бет.

Қасиетті жерлерде ғибадат еткен дұрыс па?

ЖЫЛ САЙЫН алты миллионнан астам адам Жапонияның Шема түбегіндегі самырсынды орманға қарай ағылады. Олар сондағы зәулім Исэ храмына барып, күн құдайы Аматэрасу Омикамиге ғибадат етеді. Синтоистер бұл құдайға екі мыңға жуық жылдан бері құлшылық етіп келеді. Олар алдымен қолдарын жуып, ауыздарын шаяды. Сосын ғибадат ететін залға кіріп, тізе бүгіп, қол шапалақтап, әлгі әйел тәңіріне құлшылық етедіa. Синто діні басқа да діндерді ұстануға шек қоймайды. Кейбір буддистер мен христиандардың айтуынша, киелі деп саналатын осы жерге келіп, синто дінінің рәсімдерін жасауда тұрған ештеңе жоқ.

Әлемдегі танымал діндердің көбісінде қасиетті деп саналатын жерлер барb және миллиондаған адам сол жерлерге сапар шегеді. Христиан елдерінде Исаға, Мәриямға және тағы басқа әулиелерге арналған шіркеулер мен қасиетті жерлер көп. Ал өзге қасиетті жерлер Киелі кітап заманындағы оқиғалар мен “кереметтер” орын алған немесе діни жәдігерлер сақталған жерлерде орналасқан. Көптеген адам осындай жерде тілек айтсақ, өтінішіміз қабыл болады деп сенеді. Басқалар болса қаншалықты тақуа екендерін дәлелдеу үшін ұзақ сапар шегіп, киелі жерлерге барады. Осылайша Құдайдың алдындағы соңғы парызымызды өтейміз деп есептейді.

Жапониядағы Ұлы Исэ ғибадатханасы және Францияның Лурд қаласындағы Масабель үңгірі

Жапониядағы Ұлы Исэ храмына ағылып жатқан жұрт және Францияның Лурд қаласындағы Масабель үңгірі

Қасиетті жерде айтылған дұғалар мен тілектер шынымен қабыл бола ма? Адамның қасиетті жерге ұзақ сапар шегу арқылы жасаған құрбандығы Жаратушы Иемізге ұнамды ма? Оның ықыласына ие болғысы келген адамның қасиетті жерге сапар шегуі шарт па? Бұл сұрақтардың жауабынан қасиетті жерлерде құлшылық етуге қалай қарауымыз керектігін ғана емес, Алла Тағала қандай ғибадат түрін мақұл көретінін білеміз.

“КИЕЛІ РУХҚА ЖӘНЕ ШЫНДЫҚҚА САЙ ҒИБАДАТ ЕТУ”

Құдық басында сөйлесіп отырған Иса мен самариялық әйел

Иса “киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ету” керек дегенде, не айтқысы келді?

Иса пайғамбар мен самариялық әйелдің арасында болған әңгімеден Құдайдың киелі жерлерде ғибадат етуге қатысты көзқарасын анық білеміз. Иса Самария жерін аралап жүріп, біраз демалып алу үшін Сихар қаласының маңындағы бір құдықтың басына келіп отырады. Сол кезде құдықтан су алуға бір әйел келеді. Иса онымен әңгімелесе бастайды. Әңгіме барысында әлгі әйел яһудилер мен самариялықтардың арасындағы үлкен діни айырмашылықтар туралы сөз қозғайды. Ол Исаға: “Біздің ата-бабамыз Құдайға мына тауда ғибадат еткен, ал сіздер ғибадат ететін орын Иерусалимде болуы тиіс дейсіздер”,— деді (Жохан 4:5—9, 20).

Әйелдің айтып отырған тауы Иерусалимнен солтүстікке қарай 50 шақырым жерде орналасқан Гаризим тауы болатын. Ол жерде самариялықтардың Пасха сияқты мейрамдарды атап өтетін ғибадатханасы бар еді. Алайда Иса әңгіменің басын басқа жаққа бұрып, оған: “Айтқаныма сен, адамдар Әкеге осы тауда да, Иерусалимде де ғибадат етпейтін уақыт келе жатыр”,— деп жауап берді (Жохан 4:21). Яһудидің аузынан шыққан бұл сөздер әлгі әйелді таңғалдырса керек. Неге Иерусалимдегі ғибадатхана құлшылық етуге жарамсыз болып қалмақ?

Иса сөзін жалғап былай деді: “Шынайы ғибадат етушілер Әкеге киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ететін уақыт келе жатыр, тіпті келіп те қойды. Құдай өзіне осылай ғибадат еткісі келетіндерді іздеуде” (Жохан 4:23). Ғасырлар бойы яһудилер Иерусалимдегі зәулім ғибадатхананы діни орталық деп келді. Олар Құдайлары Ехобаға құрбандық әкелу үшін сол жерге жылына үш рет сапар шегетін (Мұсаның 2-жазбасы 23:14—17). Бірақ Иса бұның бәрі өзгеретінін және “шынайы ғибадат етушілер киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ететінін” айтты.

Яһудилердің ғибадатханасы белгілі бір жерде тұратын, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын ғимарат-тұғын. Ал киелі рух пен шындық көзге көрінбейді және олардың белгілі бір орны жоқ. Сондықтан Иса Құдайға ғибадат ету Гаризим тауы не Иерусалимдегі ғибадатхана сияқты белгілі бір жерге немесе ғимаратқа тәуелді болмау керектігін түсіндірді.

Самариялық әйелмен әңгімелескенде, Иса адамдардың Құдайға қалай ғибадат ету керектігіне қатысты өзгеріс болатын “уақыт келе жатқанын” айтты. Иса өзін құрбан ету арқылы яһудилердің Мұса Заңына негізделген ғибадат ету жүйесінің күшін жойғанда, осы уақыт келді (Римдіктерге 10:4). Сонымен қатар Иса: “Уақыт... келіп те қойды”,— деп қосқан. Өйткені сол уақытта Иса Мәсіх өз шәкірттерін жинап жатқан болатын, ал олар ұстаздарының мына бұйрығын орындамақ еді: “Құдай — рухани Тұлға. Сондықтан оған ғибадат ететіндер киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат етуі тиіс” (Жохан 4:24). Ал “киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат ету” деген нені білдіреді?

Иса “киелі рухқа сай ғибадат ету” деп Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жүруді айтты. Мысалы, Құдайдың рухы бізге Жазбаларды дұрыс түсінуге көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 2:9—12). Ал Исаның “шындық” дегені Киелі кітаптың ілімдеріне негізделген тура білімді білдіреді. Сондықтан арнайы бір жердегі емес, Жазбаларға және киелі рухтың жетелеуіне сай ғибадатты ғана Құдай қабыл алады.

КИЕЛІ КІТАПТІҢ ПІКІРІ

Сонымен, Құдайға құлшылық еткісі келген адам қажылық жасауы не әулие жерлерді аралауы керек пе? Исаның сөздерін ескерсек, Құдайға шын ниетпен құлшылық еткісі келген адамның әулиелерді пір тұтқанының не қасиетті жерлерді аралағанының Алла Тағаланың алдында айрықша мәні жоқ. Бұған қоса, Жазбаларда Құдайдың пұтқа табынушылыққа қалай қарайтыны анық жазылған. Онда: “Пұтқа табынушылықтан аулақ болыңдар!”— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 10:14; Жоханның 1-хаты 5:21). Сондықтан Құдайға ұнамды болғымыз келсе, киелі болып саналатын не пұтқа табынушылықпен байланысы бар жерлерде ғибадат етпеуіміз керек.

Бұл белгілі бір жерде дұға етуге, Құдай Сөзін оқуға не ой жүгіртуге болмайды дегенді білдірмейді. Жиналатын орын рухани нәрселерді талқылауға, білім алуға лайықты болу керек. Сонымен қатар қайтыс болған адамды еске алу үшін ескерткіш қойғанда да тұрған ештеңе жоқ. Бұл — ол адамды ұмытпағанымыздың не ол адам біз үшін қымбат болғанының белгісі. Алайда мұндай жерді қасиетті орын деп санап, онда пұттар мен діни жәдігерлерді орнату Исаның сөздеріне қайшы.

Сондықтан Құдай сол жерде айтқан тілегімізді қабыл алады-ау деген үмітпен қасиетті деп саналатын жерлерге барудың қажеті жоқ. Я болмаса сондай жерлерге ұзақ сапар жасауымызбен Алланың ерекше жарылқауына ие болып, оған ұнамды бола алмаймыз. Жазбаларда аспан мен жердің Иесі Ехобаның адам қолымен соғылған ғибадатханаларда тұрмайтыны айтылған. Бірақ бұл Құдай бізден алыс дегенді білдірмейді. Біз оған кез келген жерде дұға ете аламыз және ол ниетімізді қабыл алады. Өйткені “ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:24—27).

a Синтоизмдегі әр киелі жерде діни рәсімдер әртүрлі атқарылады.

b “Қасиетті жер деген не?” атты қоршауды қараңыз.

Қасиетті жер деген не?

Қасиетті жер деп адамдар қасиетті мұра санайтын жерлерді айтады. Бұған бүгінде діни ғимараттар ғана емес, басқа да киелі саналатын орындар жатады. Қасиетті жерлерде адамдар тәңірлерге не әулиелерге құлшылық етеді. Олардың ішінде қандай да бір ғажайыппен, аянмен немесе рухани әлеммен байланысы бар деп есептелетін бейнелер, пұттар және тағы басқа жәдігерлер тұрады. Қасиетті жерлерге храмдар, шіркеулер, кесенелер немесе адамдар барып құлшылық ететін үңгірлер жатады. Кейбіреулер үйлерінің бір бұрышына сиынатын орын жасап қояды. Шығыс пен батыс елдерінің адамдары осындай жерде дұға етеді, медитация жасайды және тартулар ұсынады.

Қасиетті жерлердің бәрі де ғибадат етуге арналмаған. Мысалы, жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болған адамдардың жақындары оларды ұмытпау үшін жолдың шетіне ескерткіш орнатып қояды. Басқалары болса, соғыста не көпке танымал бір қақтығыста қаза болғандарға арнап қасиетті жер жасап қояды, бірақ оны дінмен еш байланысы жоқ қоғамдық орын деп қарастырады. Адамдар бұл жерлерге қайтыс болғандарды еске алып, ой жүгірту үшін келгенмен, мұндай орындардың діни реңкі жоқ деп айта алмайсың.

Бір Ехоба куәгері үйінде Қасиетті Мәриямға ғибадат ететін бұрышы бар әйелмен Киелі кітапты зерттеп жатыр
    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу