Тіліңді жақсылыққа қолдан
“Аузымнан шыққан сөздерім... өзіңе ұнамды болғай, уа, Ехоба” (ЗӘБ. 19:14).
1, 2. Тілдің құдіретін от қалайша орынды суреттейді?
ҚҰРАМА ШТАТТАРДЫҢ солтүстік-шығысындағы Висконсин қаласында 1871 жылы қазан айының басында бұрын-соңды болмаған сұмдық оқиға орын алды: екі миллиардтай ағашы бар орман түгел өртке оранды. 1200-ден астам адам осы тілсіз жаудың құрбаны болды. Жүйткіп бара жатқан пойыздан ұшқан титтей ұшқын осы сұрапыл өртке себеп болғанға ұқсайды. Бұл ретте Жақып 3:5-тегі: “Қалың орманды өртеу үшін кішкене оттың өзі де жетеді!”— деген сөздер қалай дөп айтылған десеңші! Алайда Киелі кітап жазушысы неге бұлай деген?
2 Мұның жауабын 6-тармақтан көруге болады. Онда Жақып былай деген: “Тіл де — от”. Мұндағы тіл дегеніміз біздің сөйлеу қабілетімізге нұсқайды. Ол да от сияқты көп залал тигізуі мүмкін. Киелі кітапта тіпті “тілде өмір мен өлімнің билігі бар” екені айтылған (Нақ. с. 18:21). Сонда бұл біреуге залалымыз тиіп кетпес үшін мүлдем сөйлемей қоюымыз керек дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Өрт шығып кетуі мүмкін деп оттан мүлдем бас тартпаймыз ғой. Оны барынша абайлап қолдансақ, пайдасын көреміз. Мысалы, тамақ пісіреміз, жылынамыз, қараңғыда жарық ретінде пайдаланамыз. Тура сол сияқты, абайлап сөйлер болсақ, тілдің құдіретін Құдайды мадақтау үшін және өзгелердің игілігі үшін қолдана аламыз (Зәб. 19:14).
3. Сөйлеуге қатысты қандай үш жайтты қарастырамыз?
3 Ауызбен не ым-ишаратпен болсын, ой-сезімдерімізді білдіруге көмектесетін сөйлеу қабілеті — Құдайдың берген ғажап сыйы. Ендеше, бұл сыйды өзгелерді күйрету үшін емес, нығайту үшін қалай қолдана аламыз? (Жақып 3:9, 10 оқы). Осы орайда үш жайтты — қашан сөйлеу керектігін, не сөйлеу керектігін және қалай сөйлеу керектігін қарастырайық.
ҚАШАН СӨЙЛЕУ КЕРЕК?
4. Қай кезде үндемеген жөн?
4 Сөйлеу өміріміздің ажырамас бөлігі болғанмен, бұл тоқтамай сөйлей беру керек дегенді білдірмейді. Бұған қатысты Киелі кітапта “үндемейтін уақыт” бар екендігі айтылған (Уағ. 3:7). Мысалы, өзгелер сөйлегенде үндемеу — сый-құрметтің белгісі (Әйүп 6:24). Құпия сақталуы керек мәлімет жайлы тіс жармау да ақылдылық пен парықтылықтың көрінісі (Нақ. с. 20:19). Сондай-ақ біреу қитығымызға тигенде үнсіз қалу даналыққа жатады (Зәб. 4:4).
5. Сөйлеу қабілетін сыйлаған Құдайға қалай ризашылық білдіре аламыз?
5 Киелі кітапта сондай-ақ “сөйлейтін уақыт” бар делінген (Уағ. 3:7). Егер досымыз бізге әдемі сыйлық жасаса, оны тығып қоймаймыз ғой. Керісінше, оны бағалайтынымызды көрсетіп, барынша игілігімізге қолдануға тырысамыз. Тура сол сияқты, сөйлеу қабілетін берген Ехобаға ризашылығымызды білдіру үшін бұл сыйды барынша даналықпен қолданғымыз келеді. Мұны Ехобаны мадақтау, өзгелерді жігерлендіру, өз сезімдеріміз бен мұң-мұқтажымызды айту арқылы көрсете аламыз (Зәб. 51:15). Ал “сөйлейтін уақыттың” орайы туғанын қалай анықтауға болады?
6. Сөйлеу үшін қолайлы уақытты таңдай білу неге маңызды?
6 Нақыл сөздер 25:11-де сөйлеу үшін қолайлы уақытты таңдай білудің маңыздылығы жайлы былай делінген: “Уақытында айтылған сөз күміс табаққа салынған алтын алмадай”. Алтын алманың өзі әдемі. Ал оны күміс табаққа салса, одан бетер көздің жауын алады. Тап солай, сөйлеуге қолайлы уақытты таңдай білсек, сөзіміз әлдеқайда тартымды әрі өтімді бола түседі. Қалайша?
7, 8. Қайта тірілу жайлы айтқанда, Жапониядағы бауырластар Исаға қалай еліктеді?
7 Біздің айтқалы жатқан сөзіміз адамға шынымен де қажет шығар. Бірақ сөйлеуге дұрыс уақытты таңдай білмесек, айтқанымыз далаға кетуі мүмкін (Нақыл сөздер 15:23 оқы). Мысалы, 2011 жылы Жапонияның шығысында орын алған жерсілкінісі мен цунамидің кесірінен көптеген қалалар жермен-жексен болды. 15 000-нан астам адам өмірінен айырылды. Өздері де жапа шеккендеріне қарамастан, Ехоба куәгерлері қайғырған адамдарға Киелі кітаптағы үміт беретін сөздермен бөлісудің әрбір мүмкіндігін пайдаланды. Бірақ жергілікті адамдардың басым бөлігі будда дінін қатты ұстанатын. Олар Киелі кітап ілімдері жайлы бейхабар еді. Бауырластар сол уақытта қайта тірілу жайлы сөз қозғамай, оларға жұбаныш сөздерін айтып, жазықсыз адамдардың басына неге мұндай қасірет түсетінін Киелі кітаптың көмегімен түсіндіріп берді.
8 Бұл бауырластар Исаға еліктеген еді. Иса қай кезде сөйлеп, қай кезде үндемеу керектігін жақсы білген (Жох. 18:33—37; 19:8—11). Ол бірде шәкірттеріне: “Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оларды түсіне алмайсыңдар”,— деген (Жох. 16:12). Жапониядағы бауырластар адамдарға қайта тірілу туралы қашан айту керектігін аңғара білді. Цунамиден кейін екі жарым жыл өткен соң олар науқанға қатысып, “Өлген адамдар өмірге қайта орала ма?” деген “Патшалық хабары” топтамасының №38-інші буклетін таратты. Сол уақытта адамдардың көбісі жанға жылу беретін қайта тірілу туралы хабарды тыңдауға дайын еді, сондықтан көптеген үй иелері осы буклеттің бір данасын алып қалды. Осыдан көретініміздей, адамдардың мәдениеті мен діни көзқарасы сан алуан болып келетіндіктен, сөйлеуге қолайлы уақытты таңдай білуіміз қажет.
9. Қандай жағдайларда оңтайлы уақытты күткен дұрыс?
9 Тағы қандай жағдайларда сөйлеуге оңтайлы уақытты күткен дұрыс? Мысалы, біреудің сөзі көңілімізге тиді делік. Мұндайда оған бірден жауап беру керек пе, жоқ па — соны ақылға салып, ойланып алғанымыз абзал. Егер бірдеңе айтуға келелі себеп болса, онда мұны ашу үстінде істемей, сабамызға түскенше күте тұрған дұрыс (Нақыл сөздер 15:28 оқы). Куәгер емес туыстарымызға шындық жайлы айтқанда да байқампаз болуымыз керек. Әрине, бәріміз де туыстарымыздың Ехоба жайлы білгенін қалаймыз. Бірақ бұл үшін шыдамдылық танытып, не айтатынымызды жақсылап ойластырып алуымыз қажет. Дұрыс уақытта айтылған дұрыс сөздер олардың жүрегіне жол табуы мүмкін.
НЕ СӨЙЛЕУ КЕРЕК?
10. а) Неге айтатын сөзімізге мән беруіміз керек? ә) Біз қандай сөздерден аулақ болуымыз қажет?
10 Сөздің жанды жаралайтын және сауықтыратын құдіреті бар (Нақыл сөздер 12:18 оқы). Жанға батырып сөйлеу Шайтанның дүниесінде кең таралған. Фильмдер мен әртүрлі телешоулар адамдарды “тілдерін семсердей қайрап, уытты сөздерін садақтай көздеуге” үйретеді (Зәб. 64:3). Мәсіхшілер жанға ауыр тиетін мұндай сөздерден аулақ болу керек. Мысалы, “уытты сөздердің” біріне ащы мысқыл, яғни өзгелердің қадірін түсіру үшін тістеп не зілді кекесінмен сөйлеу жатады. Мысқыл әзіл-қалжыңға жатқанмен, арты тез-ақ кемсіту мен қорлық сөзге ұласып кетуі мүмкін. Әзіл-қалжың әңгімемізді көркейте түсетіні рас. Бірақ біреуді күлдіремін деп, басқаны кекетіп-мұқатып, қадірін түсіру дұрыс емес. Олай болса, мәсіхшілер “қорлық сөздердің” бір түрі болып табылатын ащы мысқылдан арылу керек. Киелі кітапта бұған қатысты: “Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын. Осылайша тыңдаушыларыңды қажет кезінде нығайтып, пайдаларына ассын”,— делінген (Ефес. 4:29, 31).
11. Орынды сөзді таңдай білудің жүрекпен қандай байланысы бар?
11 Иса: “Адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар”,— деген (Мат. 12:34). Демек, аузымыздан орынды сөздің шығу-шықпауы жүрегімізге байланысты. Әдетте айтқан сөзіміз өзгелер жайлы шын мәнінде не ойлайтынымызды аян етеді. Жүрегіміз сүйіспеншілік пен жанашырлыққа толы болса, сөзіміз де жанға жайлы, құлаққа жағымды болып, өзгелерге дем береді.
12. Орынды сөз таңдай білуге тағы не көмектеседі?
12 Орынды сөзді таңдай білу жақсылап ойлануды талап етеді. Тіпті дана болған Сүлейменнің өзі құлаққа жағымды сөздерді табу үшін және шындық сөздерін тура етіп жазу үшін “ойланып-толғанды және жан-жақты ізденістер жүргізді” (Уағ. 12:9, 10). “Құлаққа жағымды сөздерді” табу қиынға соққан кездерің болған ба? Олай болса, сөздік қорыңды көбейтуге тырыс. Мұның бір жолы — Киелі кітаптағы және әдебиеттеріміздегі сөздердің қолданысына мән беру. Таныс емес сөздердің мағынасын біліп ал. Сондай-ақ сол сөздерді өзгелердің игілігіне қалай қолдануға болатынын білу үшін Исаның үлгісіне назар аудар. Ол не айту керектігін нақты білген, өйткені Ехоба оған “шаршағандарға орынды жауап бере алсын деп... сөзге орамды тіл берген” (Ишая 50:4). Айтқалы жатқан сөзіміз басқаларға қалай әсер ететіні жайлы ой жүгірткеніміз де маңызды (Жақ. 1:19). Бұл ретте келесі сұрақтар жайлы ойланып көр: “Бұл сөздер айтқым келген ойды нақты жеткізе ме? Менің сөздерімнен кейін ол өзін қалай сезінеді?”
13. Сөзіміздің түсінікті болғаны неге маңызды?
13 Бұрын Исраилде қандай да бір белгі беру үшін керней қолданылған. Кернейдің бір үні халықты бас қосуға шақырса, өзге үні сарбаздарды шабуыл жасауға шақырған. Ойлап көрші, егер кернейдің үні анық естілмесе, бүкіл жасақпен не болар еді? Кернейдің анық үні Киелі кітапта түсінуге жеңіл анық сөздермен салыстырылған. Егер анық айтпасақ, адамдар шатасып, бізді қате түсініп қалуы мүмкін. Әрине, тура да анық сөйлеу дегеніміз дөрекі не бетке тіке айта салу дегенді білдірмейді (Қорынттықтарға 1-хат 14:8, 9 оқы).
14. Исаның түсінуге жеңіл сөздерді қолданып сөйлегеніне мысал келтір.
14 Орынды сөздерді таңдай білуге қатысты Иса жақсы үлгі қалдырған. Оның қалай қысқа, әйтсе де әсерлі сөздермен сөйлегенін Матайдың 5—7 тарауларынан көруге болады. Иса күрделі не екіұшты, дөрекі не жанға бататын сөздерді қолданбаған. Керісінше, тыңдаушылардың жүрегіне жету үшін ол анық әрі қарапайым сөйлеген. Мысалы, ол адамдарға күнделікті жейтін тамақты уайымдаудың қажеті жоқ екенін түсіндіру үшін, Ехоба аспандағы құстарды қалай тамақтандыратынына назар аударған. Кейін ол: “Ал сендер олардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!”— деген (Мат. 6:26). Осындай қарапайым сөздермен Иса адамдарға маңызды нәрселерді түсіндіріп, жігер берген. Енді сөйлеуге қатысты үшінші жайтқа тоқталайық.
ҚАЛАЙ СӨЙЛЕУ КЕРЕК?
15. Неге біз жағымды тілмен сөйлеуіміз керек?
15 Айтатын сөзіміз қаншалықты маңызды болса, оны қалай айтатынымыз да соншалықты маңызды. “Аузынан шыққан ұнамды сөздері” үшін жұрт Исаны тыңдағанды ұнататын (Лұқа 4:22). Ұнамды не жағымды сөйлесек, жұрт бізді де тыңдап, айтқан сөзімізге құлақ асуы мүмкін (Нақ. с. 25:15). Өзгелерге жағымды тілмен сөйлей алу үшін оларды құрметтеп, сезімдерін ескеруіміз керек. Иса да солай еткен. Өзін тыңдау үшін жұрттың аянбай күш салғанын көргенде, Исаның жаны ашып, “оларды көп нәрсеге үйрете бастады” (Мар. 6:34). Тіпті адамдар өзіне тіл тигізгенде де, Иса ғайбат сөздер айтпады (Пет. 1-х. 2:23).
16, 17. а) Отбасы мүшесімен не қауымдағы жақын досымызбен сөйлескенде, қалай Исаға еліктей аламыз? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Жылы-жұмсақ сөйлеу қандай нәтиже әкеледі? Мысал келтір.
16 Әсіресе жақсы танитын адамдарымызбен, мысалы отбасы мүшесімен не қауымдағы жақын досымызбен, жұмсақ әрі сыпайы түрде сөйлеу оңай болмауы мүмкін. Оларды жақсы білеміз деп, қалай болса солай сөйлеуге бейім шығармыз. Иса шәкірттерімен тығыз араласқандықтан, оларға дөрекі сөйлей берсем болады деп ойлады ма? Әрине, жоқ! Бірде олар араларында қайсысының ұлы екені жайлы дауласқанда, Иса оларға жылы-жұмсақ сөйлеп, кішкентай баланы мысал ретінде көрсетті (Мар. 9:33—37). Ақсақалдар да Исадан үлгі алып, кеңес бергенде жұмсақтық танытады (Ғал. 6:1).
17 Кейде тіпті біреу көңілімізге тиетін сөздер айтқанда да, жылы-жұмсақ жауап қатқанымыз оң нәтиже беруі мүмкін (Нақ. с. 15:1). Мысалы, бір жалғыз басты ананың жасөспірім ұлы екіжақты өмір кешіп жүреді. Жаны ашыған бір әйел бауырлас бұл анаға: “Балаңды тәрбиелей алмай жатқаның өкінішті-ақ”,— дейді. Бір сәтке кідіріп ойланып алған әлгі ана былай деп жауап береді: “Қазір барлығы айтарлықтай керемет емес екені рас. Бірақ баламды тәрбиелеуден әлі қол үзген жоқпын. Маған Армагеддоннан кейін келші, сонда бәрі анық көрінеді”. Осындай биязы жауаптың арқасында бұл екі әйел бауырластың татулығына сызат түспеді. Олардың әңгімесін естіп қалған баласы анасының өзінен әлі де күдер үзбегенін түсінеді. Бұл оны жаман ортамен араласуын доғаруға талпындырады. Содан, ол шомылдыру рәсімінен өтіп, кейін Бетелде қызмет етеді. Кіммен сөйлессек те — мейлі бауырластар, отбасымыз не бөтен адамдар болсын — “сөзіміз әрқашан жағымды да дәмді болу” керек (Қол. 4:6).
18. Исаға еліктегеніміз тілімізді жақсылыққа қолдануға қалай көмектеседі?
18 Ойымыз бен сезімімізді сөзбен білдіре алу қабілеті — шынында да керемет сый. Олай болса, Исаға еліктеп, қолайлы уақытты және орынды сөзді таңдай білейік, сондай-ақ жылы-жұмсақ сөйлеуге бар күшімізді салайық. Сонда тіліміз өзгелерді сауықтырады және сөйлеу қабілетін сыйлаған Ехобаға ұнамды болады.