2013 жылы өңделген ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы”
ЖЫЛДАР БОЙЫ ағылшын тіліндегі “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” арагідік өңделіп тұрды. Алайда 2013 жылы бұл аударма айтарлықтай көлемде өңделді. Мысалы, ондағы ағылшын сөздері он пайызға азайды. Киелі кітаптың кейбір негізгі сөздері де қайта қарастырылды. Кей тараулар өлең жолы ретінде жазылды, сондай-ақ түсіндірме қосымша сілтемелер енгізілді. Бұл мақалада барлық өзгерістерді айтып шығу мүмкін емес, дегенмен маңызды деген кейбір өзгерістерге тоқталып өтейік.
Киелі кітаптың қандай негізгі сөздері өзгертілді? Алдыңғы мақалада айтылғандай, “шеол”, “гадес” және “жан” сөздері қайта қарастырылды. Сонымен қатар басқа да сөздер өзгертілді.
Мәселен, “сүйіспеншілікке толы мейірімділік” деген қасиет “айнымас сүйіспеншілік” деп аударылды. Бұл тіркес жиі “адалдық” сөзіне ұқсас келетін Киелі кітап сөзінің мағынасын қамтиды (Зәб. 36:5; 89:1).
Алдыңғы нұсқада көбінесе бірдей сөзбен тәржімеленген кейбір сөздер жаңасында мәнмәтінге қарай аударылды. Мысалы, бұрын “шексіз уақыт” деп аударылған еврейдің охлам сөзі көп жағдайда “мәңгілік” деген ойды білдіруі мүмкін. Алайда бұл сөз Зәбүр 90:2-де “мәңгілік” деп берілсе, Миха 5:2-де “бұрынғы күндерден” деп аударылып, шектеулі уақытқа нұсқап тұр.
Жазбаларда еврейдің және гректің “ұрық” деп аударылған сөзі жиі кездеседі. Оның егін шаруашылығында қолданылатын мағынасы мен “ұрпақ” дегенді білдіретін бейнелі мағынасы бар. Бұрынғы “Жаңа дүние аудармасында”, Мұсаның 1-жазбасы 3:15-ті қоса алғанда, көп жерде “ұрық” сөзі қолданылған болатын. Бірақ қазіргі ағылшын тілінде “ұрық” сөзі “ұрпақ” деген мағынаны бермейтіндіктен, өңделген нұсқада Мұсаның 1-жазбасы 3:15-те және онымен байланысты тармақтарда бұл сөз “ұрпақ” деп аударылды (Мұс. 1-ж. 22:17, 18; Аян 12:17). Ал басқа жазба орындарында мәнмәтінге қарай берілді (Мұс. 1-ж. 1:11; Зәб. 22:30; Ишая 57:3).
Неліктен сөзбе-сөз аударылған біраз тіркестер өзгертілді? 2013 жылы өңделген нұсқаның А1 қосымшасында Киелі кітаптың сенім артуға тұратын аудармасы жөнінде былай делінген: “Сөзбе-сөз аударма ойды ауытқытып не көмескілеп жіберетін болса, сөздер мен тіркестердің мағынасы аударылу керек”. Түпнұсқа тілдегі идиомалар басқа тілдерге аударылғанда, мағынасы сақталса, олар сөзбе-сөз аударылады. Осыны есепке алсақ, Аян 2:23-тегі “жүректі тексеру” деп сөзбе-сөз аударылған тіркестің мағынасы көп тілде түсінікті. Алайда дәл осы тармақтағы “бүйректі тексеру” деген тіркестің мағынасын түсіну қиын болуы мүмкін, сондықтан түпнұсқадағы ойды беру үшін “бүйрек” сөзі “көңіл түбіндегі ой-сезімдер” деп аударылды. Тап солай, Мұсаның 5-жазбасы 32:14-тегі “бидайдың бүйрек майы” деген сөзбе-сөз идиома “толық бидай” деп түсінікті етіп аударылды. Сондай-ақ “ернім сүндеттелмеген” деген идиома да көп тілде түсініксіз болғандықтан, “сөзге шорқақпын” деп берілді (Мұс. 2-ж. 6:12).
Неге “Исраил ұлдары” және “әкесіз ұлдар” деген тіркестер қазір “исраилдіктер” және “әкесіз балалар” деп аударылды? Еврей тілінде әдетте ер адамды не әйел затын білдіретін сөздер бар. Алайда ер адамға қатысты қолданылатын кейбір сөздер ерлерге де, әйелдерге де нұсқауы мүмкін. Мысалы, кейбір тармақтардың мәнмәтінінде “Исраил ұлдары” деген тіркес ер кісіні де, әйел кісіні де қамтиды, сондықтан бұл тіркес жаңа нұсқада көбінесе “исраилдіктер” деп аударылды (Мұс. 2-ж. 1:7; 35:29; Пат. 2-ж. 8:12).
Ал Мұсаның 1-жазбасы 3:16-дағы “ұлдар” дегенді білдіретін еврей сөзі “Жаңа дүние аудармасының” бұрынғы нұсқаларында “балалар” деп аударылған еді. Жаңа нұсқада да осы әдіс қолданылып, дәл сол сөз Мұсаның 2-жазбасы 22:24-те: “Балаларың (еврейше “ұлдарың”) жетім қалады” деп өзгертілді. Осы принципке сүйене отырып, басқа жазба орындарында да “әкесіз ұл” деген тіркес “әкесіз бала” не “жетім” деп аударылды (Мұс. 5-ж. 10:18; Әйүп 6:27). Грек Септуагинтінде де бұл осылай тәржімеленген.
Неге көптеген еврей етістіктері жеңілдетіліп аударылды? Еврей тілінде аяқталмаған, яғни жалғасып жатқан әрекетті көрсету үшін және аяқталған әрекетті көрсету үшін екі негізгі етістік қолданылады. Ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасының” бұрынғы нұсқаларында еврей тіліндегі жалғасып жатқан не қайталанатын әрекетті білдіру үшін негізгі етістікпен бірге “бастады”, “жалғастырды” деген сияқты көмекші етістіктер қолданылған едіa. Ал аяқталған әрекетті білдіру үшін “міндетті түрде”, “шынымен”, “тиіс” деген күшейткіш сөздер қолданылған болатын.
“Жаңа дүние аудармасының” 2013 жылғы өңделген нұсқасында мұндай көмекші етістіктер мен сөздер ойдың мағынасына әсер етпеген жағдайда алынып тасталды. Мысалы, Құдайдың “Жарық болсын!” деген сөзді қайталап айтқанына екпін түсірудің қажеті болмағандықтан, жаңа нұсқада созылмалы емес, жай ғана “деді” етістігі қолданылды (Мұс. 1-ж. 1:3). Енді басқа бір мысалды көрейік. Ехоба Едем бағында Адам атаны бірнеше рет шақырғанға ұқсайды, сондықтан Мұсаның 1-жазбасы 3:9-да бұл ойды жеткізу үшін “қайта-қайта шақырды” деп жазылды. Жалпы алғанда, етістіктер еврей тіліндегі әрекеттің аяқталған-аяқталмағанына емес, әрекеттің өзіне екпін түсіру үшін қарапайым түрде берілді. Оның үстіне, бұл қандай да бір шамада еврей тілінің қысқа да нұсқа екенін көруге көмектеседі.
Өңделген нұсқада көптеген тараулар түпнұсқадағыдай өлең жолымен жазылған
Неге біраз тараулар өлең жолдарымен жазылды? Түпнұсқада Киелі кітаптың көптеген бөлігі өлең жолымен жазылған. Қазіргі кездегі тілдерде өлең әдетте ұйқас сөздермен аяқталады. Ал еврей өлеңдері ойлардың ұқсас және қарама-қарсы келуімен ерекшеленеді. Еврей поэзиясында ұйқастыққа сөздердің емес, ойлардың қисынды ұйқасуы арқылы қол жеткізіледі.
“Жаңа дүние аудармасының” бұрынғы нұсқаларында Әйүп кітабы мен Зәбүр жырлары о баста әнге қосып айтуға не жаттауға арналып жазылғанын көрсету үшін өлең жолымен берілген болатын. Бұндай стиль ұйқас не қарама-қарсы ойларды айқын көруге және оларды жаттап алуға көмектеседі. Ал 2013 жылы өңделген нұсқада Нақыл сөздер, Таңдаулы ән мен пайғамбарлық кітаптардың көптеген тараулары бастапқыда өлең түрінде жазылғанын көрсету үшін және ұқсас ойлар мен қарама-қарсы ойларға назар аудару үшін өлең жолдарымен берілді. Бұған бір мысал — Ишая 24:2. Бұл тармақтың әр қатарында қарама-қарсы сөздер қолданылған. Онда бір қатар келесі қатарды үстемелеп, Құдайдың үкімінен ешкім қашып құтыла алмайтынына баса назар аударып тұр. Осы үзінділердің өлең түрінде жазылғанының арқасында оқырман Киелі кітаптың жазушысы сөздерді құр қайталап қоймай, Құдай хабарының пәрменділігін көрсету үшін поэзиялық тәсілді қолданғанын көре алады.
Еврейдің прозасы мен поэзиясын ажырату барлық уақытта оңай бола бермейді. Қай үзінділер өлең жолымен берілу керектігіне қатысты Киелі кітап аудармаларында өзгешеліктің болуы да содан. Қай тармақты өлең жолымен беру керектігін аудармашы жақсылап бағамдай білуі қажет. Кейбір қара сөзбен жазылған үзінділер негізгі ойды жеткізу жағынан поэзияға жақын болып келеді. Өйткені олардың сөз саптау, бейнелі тілді кеңінен қолдану, сөзбен ойнау және параллелизмді қолдану жолы поэзиянікіне ұқсайды.
Жаңа нұсқадағы тағы бір ерекшелік — әр кітаптың басында мазмұны келтірілген. Бұл әсіресе көне поэзия болып табылатын Таңдаулы ән кітабында кім сөйлеп жатқанын анықтауға көмектеседі.
Түпнұсқа тілдегі қолжазбаларды зерттеу өңделген нұсқаға қалай әсер етті? Алғашқы “Жаңа дүние аудармасы” еврейдің масореттік мәтініне және Весткотт пен Хорттың беделді грек мәтініне негізделіп жасалған еді. Киелі кітаптың көне қолжазбаларын әрі қарай да зерттей түсудің арқасында түпнұсқадағы кейбір тармақтар ашыла түсті. Өлі теңіз шиыршықтарының көшірмелері табылды. Көптеген грек қолжазбалары зерттелді. Кейінгі қолжазбалар бүгінде электронды түрде қолжетімді. Осының арқасында еврей не грек мәтінінің қайсысы дұрысырақ екенін анықтау үшін әртүрлі қолжазбалардағы айырмашылықтарды салыстыру әлдеқайда жеңілдеді. “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті осы жетістіктерді пайдаланып, кейбір тармақтарды зерттеп, оларға өзгерістер енгізді.
Мысалы, грек Септуагинтінде Самуилдің 2-жазбасы 13:21-де “Бірақ Амнон оның тұңғыш ұлы еді, әрі ол оны жақсы көретін. Сондықтан Дәуіт оның сезімін жаралағысы келмеді” деген сөздер кездеседі. “Жаңа дүние аудармасының” бұрынғы нұсқаларында бұл сөздер жоқ, өйткені масореттік мәтінде болмаған. Алайда Өлі теңіз шиыршықтарында бұл сөздер кездесетіндіктен, олар 2013 жылы өңделген нұсқаға енгізілді. Дәл осындай себеппен Құдайдың есімі Самуилдің 1-жазбасында бес жерге қойылды. Грек мәтіндерін зерттеу Матай 21:29—31 тармақтардағы ойдың ретіне де әсер етті. Осылайша негізгі грек мәтінімен шектелместен, көне қолжазба айғақтарға сүйеніп кейбір өзгерістер жасалды.
Бұлар “Жаңа дүние аудармасын” оқып, түсінуді жеңілдету мақсатымен жасалған өзгерістердің кейбірі ғана. “Жаңа дүние аудармасын” адамдарға тіл қататын Құдайдың сыйы деп білетіндер үшін бұл аударма неткен керемет бата!
a “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы (түсініктемелерімен)” (ағ.) басылымындағы 3С қосымшасындағы “Созылып, не жалғасып жатқан әрекетті білдіретін еврей етістіктері” деген мақаланы қара.