Анық әрі түсінуге жеңіл аударма
“Құдайдың сөзі тірі” (ЕВР. 4:12).
1. а) Адам атаға Құдай қандай тапсырма берді? ә) Содан бері Құдай халқы сөйлеу қабілетін қалай қолданып келеді?
ЕХОБА ҚҰДАЙ адам баласына сөйлеу қабілетін дарытқан. Едем бағына қоныстандырғаннан кейін, Құдай Адам атаға тапсырма берді: ол жан-жануарларға ат қою керек еді. Адам ата жақсылап ойланып-толғанып, әрбір жануарға мағыналы ат қойды (Мұс. 1-ж. 2:19, 20). Содан бері Құдайдың халқы сөйлеу қабілетін, яғни тілді, Ехоба Құдайды мадақтау үшін және оның ниетін өзгелерге айту үшін қолданып келеді. Соңғы жылдары олар осы сыйды Киелі кітапты аудару үшін қолданып, таза ғибадаттың мерейін өсіруде.
2. а) “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті қандай үш қағиданы ұстанды? ә) Осы мақалада нені қарастырамыз?
2 Бүгінде Киелі кітаптың мыңдаған аудармасы бар. Бірақ түпнұсқа мәтіндегі хабарды олардың бәрі бірдей тура жеткізбеген. 1940 жылдары “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті Киелі кітаптың тура аудармасын жасау үшін, негізгі үш қағиданы ұстанды: 1) Құдай есімін Жазбалардағы тиісті орнына қою арқылы киелі тұту (Матай 6:9 оқы); 2) түпнұсқадағы хабарды мүмкін болған жерде сөзбе-сөз аудару, бірақ сөзбе-сөз аударма мағынасын өзгертіп жіберетін болса, негізгі ойды жеткізу; 3) оқылуы оңай болу үшін, түсінуге жеңіл сөздерді қолдануa (Нехемия 8:8, 12 оқы). Осы негізгі үш қағидаға сүйене отырып, Киелі кітап тағы 130-дан астам тілге аударылды. Қазір осы үш қағиданың 2013 жылы өңделген ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасында” және басқа тілдердегі аудармаларда қалай қолданыс тапқанына тоқталайық.
ҚҰДАЙДЫҢ ЕСІМІНЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ
3, 4. а) Тетраграмматон қандай көне қолжазбаларда кездеседі? ә) Киелі кітаптың көптеген аудармаларында Құдай есімімен не болды?
3 Өлі теңіз шиыршықтары сияқты Киелі кітаптың еврей тіліндегі көне қолжазбаларында Құдайдың есімі көптеп кездеседі. Ол еврейдің төрт әрпімен жазылған, әрі тетраграмматон деп аталады. Құдай есімі грек Септуагинтінің кейбір көшірмелерінде де кездеседі. Бұл көшірмелер б. з. б. II ғасыр мен б.з. I ғасыр аралығында жасалған. Құдай есімінің көне қолжазбаларда қаншалықты жиі кездесетінін көріп, көп адам таңғалып жатады.
4 Құдайдың есімі Киелі кітапта болуы керектігі айдан анық болса да, көптеген аудармашылар бұл киелі есімді мүлдем алып тастауда. Мысалы, 1950 жылы жарық көрген “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасының” шыққанына екі жыл болғанда, Киелі кітаптың ағылшын тіліндегі “Американдық стандартты аудармасының” өңделген нұсқасы шықты. Бұл аударманың 1901 жылы шыққан нұсқасынан айырмашылығы — онда Құдай есімі кездеспейді. Неге? Кітаптың алғы сөзінде былай делінген: “Жалғыз Құдайды қандай да бір жалқы есіммен атау... Мәсіхшілер Шіркеуінің бүкіләлемдік сенімі үшін мүлдем жат нәрсе болып табылады”. Көп аудармашылар, ағылшын не басқа тілде болсын, осы үрдісті ұстанған.
5. Неге Құдай есімін Киелі кітаптан алып тастау дұрыс емес?
5 Құдай есімін Киелі кітапта қалдыру не алып тастау қаншалықты маңызды? Тәжірибелі аудармашы автордың нені қалайтынын білу керек, өйткені бұл оның аудармасына айтарлықтай әсер етеді. Көптеген жазба орындары Құдайдың есімі мен оны киелі тұтудың маңызды екенін анық көрсетеді (Мұс. 2-ж. 3:15; Зәб. 83:18; 148:13; Ишая 42:8; 43:10; Жох. 17:6, 26; Ел. іс. 15:14). Киелі кітаптың Авторы — Ехоба оны жазғандарға өзінің есімін еркін қолдануға киелі рухымен қозғау салған (Езекиел 38:23 оқы). Олай болса, көне қолжазбаларда мыңдаған рет кездесетін Құдай есімін Киелі кітаптан алып тастау — оның Авторын құрметтемегендік.
6. Өңделген “Жаңа дүние аудармасына” неге Құдай есімі тағы алты рет қосылған?
6 Бүгінде Киелі кітапта Құдайдың есімін сақтап қалуға себеп артпаса, кеміген жоқ. 2013 жылы өңделген ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасында” Құдайдың есімі 7216 рет кездеседі. 1984 жылғы басылыммен салыстырғанда, бұл аудармаға Құдай есімі тағы 6 рет қосылған. Олардың бесеуі Самуилдің 1-жазбасы 2:25; 6:3; 10:26; 23:14, 16-да кездеседі. Бұған негіз болған — Өлі теңіз шиыршықтарындаb осы тармақтардан Құдай есімінің табылғаны. Ал алтыншысы Билер 19:18-де кездеседі. Ол басқа көне қолжазбаларды зерттеудің нәтижесінде анықталды.
7, 8. Ехоба деген есімнің мағынасы қандай?
7 Шынайы мәсіхшілер үшін Құдай есімінің толық мағынасын түсіну маңызды. 2013 жылы өңделген “Жаңа дүние аудармасының” қосымшасында осыған қатысты жаңа мәлімет бар. “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитетінің түсінуінше, Құдай есімі еврейдің хабах деген өзгелік етісінен шығып, “ол болғызады” дегенді білдіредіc. Біздің басылымдарымыз бұрын бұл мағынаны Мұсаның 2-жазбасы 3:14-тегі: “Мен кім болғым келсе, сол боламын” деген сөздермен байланыстырған. Осыған қатысты Киелі кітаптың 1984 жылғы басылымында Ехоба ниетін орындау үшін өзі кім болу керек болса, сол болады деп түсіндірілген едіd. Алайда 2013 жылы қайта өңделген нұсқадағы А4 қосымшасында былай делінген: “Құдай есімінің мағынасы Ехобаның өзін ғана емес, жаратылыстарын да қамтиды. Басқаша айтқанда, Құдай жағдайға қарай жаратылыстары қандай болу керек болса, сондай болғызады. Сондай-ақ өзінің ниеті жүзеге асу үшін болуы керек жайттарды болғызады”.
8 Демек, Ехоба жаратылыстары қандай болу керек болса, сондай болғызады. Мысалы, Құдай Нұхты кеме салушы, Беселиелді шебер ұста, Гедеонды жеңімпаз жауынгер, ал Пауылды басқа ұлттарға елші болғызды. Иә, оның халқы үшін Құдай есімінің мәні орасан зор. Міне, сондықтан “Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы” комитеті Құдай есіміне атүсті қарамай, өз аудармасының төрінен орын берген.
9. Неге Киелі кітапты басқа тілдерге аудару басты орынға қойылып отыр?
9 “Жаңа дүние аудармасының” 130-дан астам тілдегі нұсқасында да Құдай есіміне құрмет көрсетіліп, тиесілі орындарына қойылды (Малахи 3:16 оқы). Өкінішке орай, Киелі кітаптың басқа аудармаларында барған сайын Құдай есімі алынып тасталуда. Оның орнына “Ие” деген лауазым не жергілікті құдайдың аты қолданылуда. Міне, сондықтан да Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі Құдайдың есімін құрметтейтін Киелі кітаптың мүмкіндігінше көп адамға қолжетімді болуын басты орынға қойып отыр.
АНЫҚ ТА ТУРА АУДАРМА
10, 11. Ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасын” басқа тілдерге аударуда қандай қиындықтар туындады?
10 Ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасын” басқа тілдерге аударуда бірқатар қиындықтар туындады. Мысалы, бұрын бұл басылымда еврейдің шеол сөзі қолданылған еді. Уағыздаушы 9:10-ды алсақ, онда: “Өзің баратын шеолда еңбек те, жоспарлау да, білім де, даналық та жоқ”,— делінген болатын. Киелі кітаптың ағылшын тіліндегі басқа аудармаларында да осы сөз кездеседі. Алайда өзге тілдерге аударатындардың көбісі келесідей қиындыққа кезікті: олардың оқырмандарының көбісіне “шеол” сөзі таныс емес. Олар бұл сөзді сөздіктерінен таппаған. Тіпті оны жердің атауы деп те ойлап қалғандар бар. Осындай себептермен аудармашыларға шеол сөзін және грек тіліндегі гадес деген баламасын “көр” деп аударуға рұқсат берілді. Бұл тәржіменің анық та тура болуына ықпал етеді.
11 “Жан” дегенді білдіретін еврейдің нефеш және гректің психе сөздерін де кейбір тілдерге аудару қиынға соқты. Неге? Өйткені бұл тілдерде “жан” сөзі адам өлген соң бойынан ұшып шығатын рух деген ой беріп қалуы мүмкін. Сондықтан оқырмандар дұрыс түсінбей жүрмес үшін, аудармашыларға “жан” сөзін мәнмәтінге қарай аударуға рұқсат етілді. Бұл сөздің қай жерде қандай мағынаны білдіретіні ағылшынша “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының (түсініктемелерімен)” қосымшасында көрсетілген. Бірінші кезекте мәтін бірден түсінікті болу үшін, еврей мен грек сөзі туралы пайдалы мәліметтер сілтемелерде келтірілген.
12. 2013 жылы өңделген “Жаңа дүние аудармасында” қандай өзгерістер жасалды? (Осы журналдағы “2013 жылы өңделген ағылшын тіліндегі “Жаңа дүние аудармасы” деген мақаланы да қара.)
12 Аудармашылардың жазған сұрақтары Киелі кітап мәтінін дұрыс түсінуге кедергі жасайтын басқа да жайттардың болуы мүмкін екенін аңғартты. Сол себептен 2007 жылы қыркүйек айында Басқарушы кеңес ағылшын тіліндегі Киелі кітапты қайта өңдеуге рұқсат берді. Өңдеу барысында Киелі кітап аудармашыларының мыңдаған сұрақтары қарастырылды. Көнерген ағылшын сөздері жаңа сөздермен ауыстырылды. Сондай-ақ туралығына нұқсан келтірместен, анық та түсінуге жеңіл аударма жасау үшін көп тер төгілді. Осылай өзге тілдерде жасалған Киелі кітап аудармалары ағылшын мәтінін “қайрай” түсті (Нақ. с. 27:17).
ҮЛКЕН РИЗАШЫЛЫҚ
13. 2013 жылы қайта қарастырылған “Жаңа дүние аудармасы” туралы жұртшылық қандай ойда болды?
13 Ағылшын тіліндегі қайта қарастырылған “Жаңа дүние аудармасы” жайлы жұртшылық қандай ойда болды? Бруклиндегі (Нью-Йорк) Ехоба куәгерлерінің бас басқармасына бауырластардан мыңдаған алғыс хаттар келіп түсті. Көпшіліктің ойына ортақтасып, бір әйел бауырлас былай деп жазды: “Киелі кітап іші асыл тастарға толы жәшікке ұқсайды. 2013 жылы шыққан нұсқаның көмегімен Ехобаның анық жазылған сөздерін оқу әрбір асыл тасты зерттеп, оның сан қырын, мөлдірлігін, түсі мен әсемдігін көріп таңғалғанмен бірдей. Қарапайым тілде жазылған Жазбалар маған Ехобаны жақсырақ тани түсуге көмектесті. Ол бейне бір әкедей мені құшағына алып, өзінің жылы сөздерін оқып беріп отырғандай болады”.
14, 15. “Жаңа дүние аудармасын” басқа тілдерде де алған адамдар қандай лебіз білдірді?
14 Өңделген “Жаңа дүние аудармасын” тек ағылшын емес, басқа тілде алғандар да осындай лебіз білдірді. София қаласында (Болгария) тұратын бір қарт кісі болгар тіліндегі Киелі кітап жайында былай деді: “Мен Киелі кітапты көп жылдан бері оқып келемін. Бірақ түсінуге жеңіл әрі бірден жүрекке жететін осындай аударманы бірінші рет көруім”. Ал албан тілінде толық “Жаңа дүние аудармасын” алған бір әйел бауырлас болса: “Құдайдың Сөзі албан тілінде сондай әдемі естіледі екен! Ехобаның бізге өз ана тілімізде үн қатқаны — неткен зор мәртебе!”— деп жазды.
15 Көптеген елдерде Киелі кітап қымбат тұрады не оны табу қиын. Сондықтан Киелі кітапқа қол жеткізген адамның қуанышында шек болмайды! Руандадан келген бір есепте былай делінген: “Киелі кітаптары болмағандықтан, зерттеп жүрген адамдардың көбісі рухани қадамдар жасамайтын. Жергілікті шіркеу басып шығарған Киелі кітапты сатып алуға олардың қалталары көтермейтін. Рухани өсулеріне кедергі жасаған тағы бір жайт — олар кейбір тармақтардың мағынасын анық түсіне бермейтін”. Алайда “Жаңа дүние аудармасы” жергілікті тілде жарық көрген кезде жағдай өзгерді. Төрт жасөспірім баласы бар отбасы былай деді: “Осы Киелі кітапты бергені үшін Ехобаға және адал да ақылды құлға шексіз ризамыз. Біз өте кедей тұрамыз, сондықтан отбасымыздың әрбір мүшесіне Киелі кітап сатып алуға ақшамыз жоқ еді. Ал қазір әрқайсысымыздың өз Киелі кітабымыз бар. Ехобаға риза екенімізді көрсету үшін бүкіл отбасымызбен оны күн сайын оқып жүрміз”.
16, 17. а) Ехоба өз халқы үшін нені қалайды? ә) Біз не нәрсеге бел бууымыз керек?
16 Алдағы уақытта өңделген “Жаңа дүние аудармасы” әлі де көп тілде қолжетімді боладыe. Әрине, Шайтан бұл іске тосқауыл қоюға тырысып-бағуда. Алайда Ехоба бүкіл халқының өз даусын анық та түсінікті тілде тыңдағанын қалайтынына сенімдіміз (Ишая 30:21 оқы). Жуырда “теңіздің суға толы болатынындай, жер беті Ехоба туралы білімге толатын” кез келеді (Ишая 11:9).
17 Ендеше, Ехоба берген әрбір сыйдың, соның ішінде оның есімін құрметтейтін осы аударманың, барынша игілігін көруге бел буайық. Ехобаның өзімізге күн сайын тіл қатуына жол берейік. Ол біздің барлық дұғамызды мұқият тыңдай алады. Осылай тілдесудің арқасында Ехобаға одан сайын жақындап, оған деген сүйіспеншілігіміз арта түседі (Жох. 17:3).
“Ехобаның бізге өз ана тілімізде үн қатқаны — неткен зор мәртебе!”
a “Жаңа дүние аудармасының” А1 қосымшасын қара. Сондай-ақ 2008 жылғы 1 мамырдағы “Күзет мұнарасының” (ор.) “Киелі кітаптың жақсы аудармасын қалай таңдауға болады?” деген мақаласын көр.
b Бұл — “Жаңа дүние аудармасын” жасауда қолданылған еврей масореттік мәтінінен 1000 жыл бұрын жазылған шиыршықтар.
c Кей анықтамалықтар осылай түсіндіргенмен, мұнымен ғалымдардың бәрі бірдей келісе бермейді.
d “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы (түсініктемелерімен)” (ағ.) басылымының 1561-бетіндегі “Еврей жазбаларындағы Құдай есімі” деген 1А қосымшасын қара.
e Ағылшын тіліндегі өңделген “Жаңа дүние аудармасына” негізделіп аударылған қазақша “Жаңа дүние аудармасы” 2014 жылы 26 қыркүйекте жарық көрді.